Главная » Статьи » Қазақ тілі және тіл білімі

Қазақ тіліндегі белгілілік пен белгісіздіктің функционалды-семантикалық категориясы
Қазақ тілінде нақтылы-жақты сөйлемдер 1 және 2-жақ тұлғасындағы есімдіктер арқылы көрініс табады. Мен, сен, біз, сіз есімдіктері бастауыш қызметінде жұмсалған сөйлемдер әрдайым белгілілік мәнінде жұмсалады, себебі аталған есімдіктер сөйлеу актіне қатысушыларды білдіріп, ең анық, нақты, белгілі болып табылады. Бірінші жақ тұлғалы есімдік сөйлемде белсенді субъект болады, сол себепті мұндай жіктеу есімдіктер белгілілік мәнінде ғана жұмсалады: Мынадай сұрапыл кезде бұл қалада тұрып болар емес, мен кеттім, бұл топан басылған күні сатармын (Ә.Кекілбайұлы, Кек. 69-б.). Мен өз еркіммен сенің етегіңнен ұстауға ырзамын, мырзам, мен сенен қалмаймын, мені алып кет, әйтпесе мен өлемін! - деп безектеді (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 221-бет.). 
Екінші жақтық жіктеу есімдіктерімен салыстырғанда, бірінші жақ тұлғалы есімдіктер жиі түсіп қалатынын байқауға болады. Бұл 1-жақ тұлғаларының мағынасының тұрақтылығына, белгілілік мәнінің күштілігіне, прагматикалық ерекшеліктеріне байланысты болса керек. Себебі олар түсіп қалса да, олардың нақтылы-жақтық мәні өзгермейді. Мысалы: 
Жасымда ғылым бар деп ескермедім, 
Пайдасын көре тұра тексермедім. 
Ер жеткен соң түспеді уысыма 
Қолымды мезгілінен кеш сермедім. 
Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы 
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім. 
Адамның бір қызығы - бала деген, 
Баланы оқытуды жек көрмедім, - деп келетін өлең жолдарында "мен" есімдігі жасырын келгенімен, өлең жолдарының соңындағы бірінші жақ тұлғалы етістік арқылы "мен" есімдігінің мәні беріліп тұр. Сол арқылы тұтас сөйлем, сөйленімдер белгілілік мәнінде, нақтылы-жақтық мәнде қолданылған. 
Көпше тұлғалы 1-жақ етістік тұлғаларының мәні жекеше тұлғалы 1-жақ тұлғаларымен салыстырғанда, біршама жалпы да күрделі болып келеді. Сол себепті оларда нақтылық, даралық жоқ. 
Екінші жақ тұлғалы есімдіктердің белсенділігі сөйлеуші тарапынан берілетіндіктен, ол нақтылауды қажет етеді. Сол себепті сен, сендер, сіз, сіздер есімдіктері жиі қолданылады. "Местоимение ты - это не только специальный показатель адресата речевого акта, но и опосредованный выразитель субъективности повествования, который отреженно свидетельствует о самом говорящем, о его эксплицитном присутствии в данной речевой ситуации. Местоимение ты выступает в обязательной коммуникативной связи с я, так или иначе представленном в высказывании или за его пределами - в ответных репликах адресата [8, 52-с.]. 
Ал 3-жақтық жіктеу есімдіктеріне келсек, олардың өзіндік ерекшеліктері байқалады. Атап айтқанда, 1, 2-жақтық жіктеу есімдіктері нақты адамға қатысты қолданылып, сөйлеу актіне қатысушыларды нақты көрсетсе, 3-жақ жіктеу есімдігі белгілілік мәнінде де (нақты, белгілі адам), белгісіздік мәнінде де (нақты емес, бейтаныс адам) қолданылуы мүмкін. 
Бірақ Өрбике басын кекжең еткізіп: - Мен оның қатыны болғым келмейді. Ол тым кәрі, маған күйеу болғаннан әке болуға ылайық. Сәнді Сүлеймен әрі жас, әрі көркем, ол бұдан да көп береді. Оған тек мен бір ауыз сөз айтсам болғаны, - деді (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 211-б.). 
1, 2-жақ тұлғалы есімдіктер негізінен адамдарға қатысты болса (персонификация құбылысынан басқа), 3-жақты есімдіктер адамдарға да, заттарға да қатысты болуы мүмкін. Сол себепті 3-жақ тұлғалы етістіктері бар сөйлемдер субъектінің адам не зат болуына байланысты өзара ажыратылады (субъект-адам немесе субъект-зат). Мысалы: 
Ол шын қазанаттың тұқымы тәрізді шәлкес, бірақ біздің қолымыз осы, мұндай асауды үйрету - қаниб (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 213-б.). 
Сиыр дегенің, түйе дегенің қара құрттай қаптап жыртылып айырылушы еді... Олар қайда? (Ж. Аймауытов. 2-том. 159-б.). 
3-жақ жіктеу есімдіктерінің 1, 2-жақ жіктеу есімдіктерінен тағы бір ерекшелігі - олар сілтеу мәнін білдіру үшін де жұмсала алады. Мысалы: 
Ол дәурен басымнан ұшқанға ұқсайды (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 73-б.). Ол күнде Күнікейдің бала кезі, Сүю мен жек көруден таза кезі (Ж.Аймауытов. 2-том. 8-б.). 
3-жақ жіктеу есімдіктері де контексте түсіп қалуы мүмкін. Бұл ерекшелік 3-жақ тұлғаларына ғана емес, 1, 2-жақ тұлғаларына да тән. Бұл сөйлемнің актуалды мүшелену, актуалдану, актуалсыздану құбылысымен тікелей байланысты. Белгілі нәрсе, алдыңғы контекст немесе сөйлеу әрекетіне қатысушылардың аялық білімдеріне сәйкес сөйлемде айтылмаса да, түсікті болатын лексема үнемдеу принциптеріне сәйкес түсіп қалады. Алайда ол сөйлемнің мәні, баяндауыш тұлғасы арқылы анықтала алады. 
Белгілілік мәні анафора, дейксис немесе сөйлесушілердің аялық білімінің нәтижесінде туындауы да мүмкін. Осыған байланысты белгіліліктің өзі әр түрлі деңгейде болуы мүмкін. Мәселен, алдыңғы контексте осы зат туралы сөз болуы мүмкін (анафоралық белгілілік), саусақпен көрсетуге болатындай, зат сөйлесушілердің алдында тұруы мүмкін (дейктикалық белгілілік) немесе сөйлеуші мен тыңдаушының жалпы аялық біліміне сәйкес келетін апперцепциялық белгілілік болуы мүмкін. Анафоралық белгілілікті Ж.Аймауытовтың "Қартқожа" романынан да кездестіреміз: 
… Сол кезде қожадан талай бала оқиды. Сол балалардың ішінде босаға жақта - астында бір жапырақ тай тері, мұрнын қос-қостан тартып, қожасының ақ сабауына қарай түсіп, шиге шанышқан бір жапырақ қағазына үңіліп, құнысып, бір бала отыратын еді. Жасы 10-11 шамасы болар ма екен, қалай… Екі жеңі де сауыс, бетінің бір жағы сатпақ, көзінің былшығы да жөнді тазармайды. Сол баланың қақ-соқпен ісі жоқ, момақан, аңқау, көзі бажырайып, аузын ашып, мұрны қоңқиып отырғаны. Жасында болпиған, сүйкімді бір бала болады ғой, тап сол бала осы еді. Құдай оңдап, аты да түріне сай бола кетер ме? Қартқожа… 
Жазушы Қартқожаны алғаш таныстырған кезде бір бала деген тіркес арқылы, яғни бала сөзін бір сан есімімен тіркестірсе, екінші рет атағанда, бала сөзін сол сілтеу есімдігімен тіркестірген. Жіктеу есімдіктері сияқты сілтеу есімдіктері де референттілігі жоғары тұлғалар қатарына жатады. 
Белгілілік/белгісіздік категориясында есімдіктер өз алдына өріс орталығын құрайды. Есімдіктер белгілілік және белгісіздік мәнін білдіруде өіндік ерекшелігі мол, әлеуеті күшті лексикалық құралдар қатарына жатады. 
Есімдіктер мағыналық ерекшеліктеріне қарай бірнеше түрге жіктелгенмен, белгілілік және белгісіздік мәнді білдіруде әрқайсысының өзіндік орны бар. Мәселен, есімдіктердің бір тобы белгілілік мәнді білдіру үшін жұмсалса, енді бір тобы белгісіздік мәнді білдіру үшін қолданылады. Мысалы: 
Әрбiр пәннiң програмы әр жылға арналып‚ бөлек-бөлек жасалатын‚ оның үстiне бастауыш мектептердiң програмы бiрнеше түрлi‚ екiншi басқыштығы тағы неше алуан боп жасалып‚ әр мектептiң өзi бiр бөлек ауыл боп өмiр сүретiн‚ түрлi мектепке түрлi ат қойылатын... (Аймауытов Ж. Шығармалар жинағы. 5-том‚ 11-б.). 
Өзі бір саудыраған, ақ көңіл, бала сияқты адам. Не десең соған нанады. Ағатайымның бар-жоғын білдірмейді. Келген кісімен еркекше сөйлеседі. Менің көзімді ашқан со жеңгем ғой, әйтпесе... (Аймауытов Ж. Шығ. І том 291-б.). 
Бiрақ ескiлiк сөздер батырдың батырлығын‚ бидiң шешендiгiн‚ ханның хандығын‚ салтанатын жетiлдiртiп‚ ескектетiп айтқанына келiсушi едi‚ ол кездегi халықтың рухы да‚ тұрмысы да ескек‚ асқақ сөзге лайық келушi едi. Халықтың мiнезiн суреттеп‚ мiнiн айтып‚ терең пәлсәпа сөздердi желдiртiп‚ ескектетiп айту бұл заманда артық‚ ұнаспайды (Аймауытов Ж. Шығ. 5-том‚ 131-бет). 
Бұл орайда өздік есімдіктері мен әр сөзінің қатысуымен жасалған жалпылау есімдіктері негізінен белгілілік мәнді білдіру үшін қолданылатынын көреміз. Ал болымсыздық, белгісіздік есімдіктері, сұрау есімдіктері белгісіздік мәнді білдіру үшін жұмсалады екен. Мысалы: 
- Қалабек келсе бұ кісілерді еріктірмес еді, - дейді біреуі. - Сол ма? Ол жындының жүрген жері думан ғой, - дейді тағы біреуі. (Аймауытов Ж. Шығ. 5-том‚ 256-бет). 
Жазғы курста оқыған ауыл мұғалiмдерiнiң оқыту жөнiнен кейбiр нәрселердi сұрағаны болды. Сұрауларына сол кезде жауап берiлiп өтсе де‚ кейбiрi жалпыға естiртерлiк‚ өмiр жүзiнде таңдайына тиiп жүрген сұрау болғандықтан‚ жаңа комплекске де қатысы барлықтан‚ бұл жерде көрсете кетудi лайық көрдiк. (Аймауытов Ж. Шығ. 5-том‚ 92-бет). 
Қазіргі қазақ тіл білімінде жіктеу, сілтеу, сұрау, өздік, жалпылау, белгісіздік, болымсыздық есімдіктері деп жіктеліп жүрген есімдіктердің мағыналық топтары А.Байтұрсынұлы еңбектерінде мүлде басқаша сипатта берілген. А.Байтұрсынұлы есімдіктерді жіктеу, сілтеу, сұрау, шектеу, танықтау деп 5 түрге жіктейді де өздік, жалпылау, есімдіктерін шектеу (анықтау) есімдігінің ішінде сөз етеді [9]. Шектеу (анықтау) есімдігіне танықтау есімдігін қарсы қойып, анықтау есімдігі - жеке адамды немесе топты, танықтау есімдігі - нәрсенің жоқтығын (ешкім, ештеңе, ешбір), белгілі еместігін (әлдекім, әлдене), түгел еместігін (кейбір, қайсыбір) көрсететінін айтады. А.Байтұрсынұлы әркім, әрқайсысы, бәрі, барша т.б. есімдіктерін де анықтау есімдіктері қатарында атайды. Осы орайда ғалым есімдіктердің атауы ретінде "анықтау есімдігі" дегенді ұсынады да, оған "танықтау есімдігін" қарсы қояды. Яғни "анықтау есімдігі" - жеке адамды немесе топты көрсетсе, "танықтау есімдігі" - нәрсенің жоқтығын, белгілі еместігін немесе түгел еместігін білдіреді. Екінші сөзбен айтқанда, бүгінгі таңдағы өздік есімдігі, жалпылау есімдігі деп танылып жүрген есімдіктердің басын қосып, "анықтау есімдігі" деп атайды да, белгісіздік есімдігін "танықтау есімдігі" дейді. Бұл орайда ғалымның белгілілік және белгісіздік категориясының өзіндік ерекшеліктерін терең түсінгені, оларды ортақ мағынаны, яғни белгілілік пен білгісіздікті білдіруіне қарай топтастырғаны байқалады. 
Қазақ тіліндегі зат есімдердің белгілілігі бірнеше тәсілмен беріледі. Мәселен, Абайда: 
Ғалым болмай немене, 
Балалықты қисаңыз. 
Болмасаң да ұқсап бақ, 
Бір ғалымды көрсеңіз, 
деген шумақтың алғашқы жолындағы ғалым сөзі нақты ғалымды емес, кез келген ғалымды, ғалымдар тобын білдіріп, белгісіздік мәнде жұмсалып тұр. Сол сияқты бір ғалымды көрсеңіз деген жолдағы ғалым сөзі әйтеуір, бір ғалымды көрсетіп, жекелік мәнде қолданылып тұр. Ал "ғалымның тіл білімінің қалыптасып, дамуына қосқан үлесі өте зор" деген сөйлемді алсақ, мұнда кез келген ғалым емес, нақты бір ғалым туралы сөз болып тұр, мұндағы ғалым сөзі белгілілік мәнде жұмсалған. 
Табыс септігі мен ілік септігінің бұлайша түсіп қалуын профессор А.Омарова ауыспалы нөлдік морфемаға жатқызып, табыс септігі мен ілік септіктерінің түсіп қалуын атау септікке қарсы қояды. Ғалым табыс септігі мен ілік септік қосымшаларының уақытша түсіп қалуының өзіндік себептері бар екенін айта келіп, оны атау септік тұлғасымен шатастыруға болмайтынын айтады: "Атау септіктің нөлдік морфемасы тұрақты, ал ілік пен табыс септіктің нөлдік морфемасы ауыспалы. Демек атау септік -тұрақты нөлдік морфемалы, тұрақты нөлдік тұлғалы септік. Ал ілік, табыс септіктері - ауыспалы нөлдік морфемалы, ауыспалы нөлдік тұлғалы септіктер [10, 102]. 
Ал табыс септік пен ілік септік жалғауларының түсірілмей, ашық келуі заттың, денотаттың белгілілігінен хабардар етеді. Мысалы: 
Күнікей түйені тіркеп, тақиясын түзеп киіп, оң жағына қарағанда Ордабай айналасының барлық шаңырағынан да үлкен, күлімдеген қызыл жақұт күн көктің бір өңірін сары алтынға малып, екі түйенің арасынан абажадай боп адырдан суырылып, келе жатыр екен (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 18-бет.). 
Өлеңнің ішіне балық жеушілер - Құдайдың сүйген құлы, олардан алапатты адамды Құдай жаратқан жоқ - деп қыстырды (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 235-бет.). 
Ендеше, ілік, табыс септіктерінің ашық/жасырын келуі белгілілік/ белгісіздік категориясының морфологиялық көрсеткіші деуге негіз бар. 
Түркі тіл білімінде белгілілік/белгісіздік категориясы туралы алғаш пікір А.Казембектің грамматикасында, "Алтай тілі грамматикасында" да зерттеушілер белгілілік/белгісіздік категориясын табыс септігі мен ілік септіктерінің ашық не жасырын келуімен байланыстырады. Мысалы, А.Казембек: "Винительный падеж заменяется именительным в том случае, если предмет действия не определен и не стоит непосредственно перед глаголом" [11, 381-382]. Зерттеушінің бұл ойын кейін "Алтай тілі грамматикасында" сабақтастық табады: "Винительный падеж употребляется с приставкой, когда им обозначается предмет определенный, а без приставки - когда предмет неопределенный" [12, 142]. Алайда авторлар белгілілік/белгісіздік категориясының көрсеткіштері алмаса беретінін, бірінің орнына бірі қолданылуы мүмкін екенін де айтады. Бұл пікірді П.М.Мелиоранский де қолдайды, ғалым септік жалғауларының ашық не жасырын келуін сөйлеушінің көзқарасымен байланыстырады: "Употребление оформленного винительного падежа весьма часто зависит от личного взгляда говорящего и пишущего" [13]. Н.Ф.Катанов табыс септігінің түсірілмей, ашық келуін сөзге логикалық екпіннің түсуімен де байланыстырады: "Винительный падеж оформленный, т.е. с полным окончанием, употребляется вообще тогда, когда речь идет о предмете определенно явно, и мысленно, когда говорящий, желая обратить на него внимание слушающего, ставит на нем в речи ударение" [14, С.783-784]. 
Н.К.Дмитриев белгілілік/белгісіздікті категория ретінде танып, оның ерекшелігі туралы былай дейді: "Если обозначаемое именем явление было предметом нашего опыта и, таким образом, известно нам, такое имя считается грамматическим определенным и в функции прямого дополнения употребляется с показателем винительного падежа. Если предмет нам сообщается впервые и мы о нем до этого ничего не знали, то предмет считается грамматически неопределенным и в функции прямого дополнения не получает показателя винительного падежа" [15, 3]. 
Табыс септігінің белгілілік/белгісіздік мәнін білдірудегі қызметі туралы Э.В.Севортян былай дейді: "Во-первых, прямое дополнение считается грамматически определенным (для говорящего и слушающего) после того, как оно впервые названо в речи. Следовательно, вовсе не обязательно, чтобы прямое дополнение было предметом нашего опыта и познано конкретно, вещественно...; во-вторых, грамматическая определенность прямого дополнения представляет собой особый случай, его обособления от сказуемого" [16, С. 89-90]. 
Дж.Киекбаев белгілілік/белгісіздік категориясын етістікпен байланыстыра келіп, былай дейді: "Что касается вопроса о том, что определенность имени связана с опытом говорящего, то этот момент целесообразно перенести в сферу глагола, так как употребление определенного или неопределенного (или очевидного и неочевидного) времени глагола во многих урало-алтайских языках именно связано с опытом говорящего" [17, 80]. 
Ендеше, түркі тіл білімінде белгілілік/белгісіздік категориясын сөз еткен зерттеушілер оны негізінен табыс септігінің ашық/жасырын келуімен байланыстыратынын көреміз. Осыған байланысты түркітануда табыс септігінің түсірілмей, ашық қолданылуы белгілілік, нақты бір зат туралы әңгіме болған жағдайда ғана орын алатыны сөз болады. Ілік, табыс септіктерінің қандай жағдайда (позицияда) түсірілмей, қандай жағдайда түсіріліп айтылатынын зерттеушілер констатация түрінде көрсеткенін айта келіп, Ы.Маманов еңбектеріндегі ғалымның белгілілік/белгісіздік категориясы туралы ойларына тоқтала келіп, ғалым Н.Уәлиев: "Ер намысы // ердің намысы, кітап берді // кітапты берді тәрізді қолданыстарда ілік, табыс септік қосымшаларын түсіріп те, түсірмей де айтуға болады. Ал Менің кітабымды бер деген құрылымда ілік, табыс септігін түсіріп айтуға болмайтыны белгілі. Алайда аталмыш септіктердің ашық, жасырын келу ерекшеліктерінің себебі, сыр-сипаты ашылмай жататын. Ы.Е.Маманов бұл феноменді оқыған дәрістерінде қазақ грамматикасындағы белгілілік/белгісіздік ұғымымен байланысты қарау қажет деген концепция ұсынады. Ілік, жатыс септіктерінің түсірілмей айтылуы, ғалымның пайымдауынша, белгілілік, ал түсіріліп айтылуы белгісіздік ұғымның (категорияның) көрсеткіші болады. Кітапты беріңіз дегендегі табыс септік қосымшасының арнайы қолданылуы белгілі бір объектінің сөз субъектілеріне (адресант пен адресатқа) таныс, мәлім болуымен байланысты түсіндіріледі. Ал ілік, табыс септік қосымшаларының арнайы қолданылмауы нәрсенің, құбылыстың сөз субъектілеріне белгісіз, нақты емес болуымен байланысты ұғынылады. Мысалы, маған газет ала кел дегенде әңгіме әйтеуір бір газет жайында: "Егемен Қазақстан" ба, "Жас Алаш" па, сөз субъектілері үшін бәрібір. Ал маған "Қазақ әдебиеті" газетін әкеліп бер десек, табыс септігінің "жасырын" болмауы, түсіріп айтуға болмайтыны объектінің сөз субъектілеріне мәлім, нақты болуымен байланысты", - деп жазады [18, 14-б.]. 
Жалқы есімдер негізінен нақтылық мәнде жұмсалады. Мысалы: 
Қалтай аса пысық, сөзге ұста, қалжыңқой, әсiресе Ақанның түндегi жүрiсiне өте ыңғайлы, әрi жылпос, әрi тiлдi ер жiгiт едi. Ақан күнi бойы жолда көп сөйлемей, бiр нәрсенi қадалып ойлағандай болып отырды. бiрақ түпсiз терең ойдың түйiнiн шеше алмай отырған кiсiнiң пiшiнiне түскенмен, Ақанның ойы қай жерде жүретiнi белгiлi едi. Ол көбiнесе осындай қадалып ойлағанда, қиялында бiр сұлу әйелдiң суретiн тауып алып, соған пәлендей деп сөйлесiп әзiлдессем, сондай қылып құшақтасам, сүйсем деп, соны ермек қылушы едi. Қалтай мырзасының не ойлайтынын бiлсе де, ерте күннен жалтаң болып өскендiктен, ашуланып қала ма деп қорғалақтап, жанын ауыртатын сөздердi бұндай күйде айтпайтын. сондықтан Ақан үндемегенде, о да үндемей отырады (М.Әуезов, Шығ.). 
Алыстан қарағанда да Арқалық бұдыры жоқ жалаңаш. Көруге аса көңiлсiз. Жыл сайын қыс басынан қарлы болып, малға панасы жоқ болғандықтан, бауырын жайлаған ел малын өлтiрiп, өзге ел аман отырғанда, шолақ жұттың құрығынан құтылмайтын. Сондықтан бауырын мекен қылған ел көбiнесе кедей болатын. Бұл жердi мекен қылған ел, ерте күннен аталарының қонысы болғандықтан және басқа iрге аударарлық жайлы жерi жоқтықтан, "құдайына жылап " отыра беретiн. Бұлардың жалғыз-ақ медеу қылатыны Арқалықтың егiндiгi едi (М.Әуезов, Шығ.). 
Қазақ тіліндегі белгілілік категориясы мынадай құрылым түзеді: нақтылық мәні, ол жекелік, көптік, тұтастық (белгілі бір топқа қатысы), жалпылау (жинақтау) мәндерінен құралады. Белгілілік/белгісіздік категорияларының эксплицитті және имплицитті берілу жолдарының арасында елеулі өзгешелік бар. Олардың өзекке немесе шеткі мүшеге қатысын айқындау мақсатымен белгілілік/белгісіздік категорияларының конституенттерін құрастыруда оның ішінде бұл мағынаны нақты білдіре алмай, контекске байланысты құбылып отыратын жайттары да кезігетіні байқалады. Осылайша, белгілілік/белгісіздік категориясының қызметін зерттеуде белгілілік мәнінің берілу жолдарын анықтап, осы ФСК аясындағы олардың өзара әсерін тексеру қажет. Нақтылау мәнді белгілілік зат есімдері жекеше тұлғада қолданылғанда, референтті, атрибутивті және гипотетикалық қолданысқа ие болуы мүмкін. 
Сөйленістің прагматикалық жағын ескергенде, яғни тіл категориясынан сөйлеу категориясына ауысқанда, көптеген тілдік ұғымдар екіге жіктеледі: бірі сөйлеушіге қатысына қарай, екіншісі адресатқа, тыңдаушыға қатысына қарай, сондай-ақ тілдік категориялар сөйлеушіге не тыңдаушыға көбірек қатысына қарай жіктеледі. 
Категория: Қазақ тілі және тіл білімі | Добавил: nauriz (12.03.2014)
Просмотров: 1121 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Код *:
Мини-чат
Для добавления необходимо
войти или зарегистрироваться
Yandex жаңалықтары
Партнеры сайта
Меню сайта
Навигация
Әлеуметтану, саясаттану,мәдениеттану [63]
Бизнес, менеджмент, финанс т.б [2]
Патриоттық және мерекелер т.б [0]
Шет ел әдебиеті мен тарихы [0]
Шағын көлемді шығармалар [0]
Философия және логика [0]
Қазақ тілі және тіл білімі [58]
Елді мекендер, қалалар [0]
Агро,шаруашылықтар [0]
Қазақ халық әндері [22]
Курстык жумыстар [0]
Ғылыми жұмыстар [64]
Қазақстан тарихы [32]
Қазақ мерекелері [3]
Тарихи тұлғалар [134]
Еуразияшылдык [0]
Ашық сабақтар [50]
Қазақ әдебиеті [105]
Дүние тарихы [32]
Информатика [42]
Флипчарттар [0]
Силабусстар [0]
Астрономия [0]
Психология [0]
Переводчик [0]
Математика [0]
Педагогика [0]
Дипломдар [0]
Лекциялар [0]
География [71]
Глоссарий [0]
Биология [40]
Экология [0]
Ән,өнер [95]
Дінтану [21]
Физика [0]
Химия [0]
Құқық [0]
Еңбек [0]
Витрина ссылок
Статистика
Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Яндекс.Метрика

Лучшая рип студия!