Главная » Статьи » Ән,өнер

Ахмет Жұбанов
Ахмет Жұбанов

Aлпысыншы жылдарғы Алматы. Жасыл мәуеге малынған маужыр қала. Соғыс кезінде азды кем тұрып, дәмін татып, көзі жұмылғанша тамсана мадақтап өткен ақын Владимир Луговской тауып айтқандай – "Город вещих снов”. Жайраңдаған жайдарман ортадағы жадыра думаннан соң жайлы төсекте жатып, таң алдында тамсана көрген тамаша түстей жайсаң шаһар. Күн сайын түс ауа ағыл-тегіл құйып өтетін ақ нөсерден кейін күміс бауыр жапырақтарын жарқ-жұрқ жалтылдатып, жамыраса сыбдырласқан ақ балтыр қайыңдар арасында мың сан періште бір-бірімен үздіге сыбырласып тұрғандай. Мұзарт құздардан мөлтеңдей құлап, көше сайын мөлдірей шапқыласқан меруерт моншақ тау суын жағалап, қырық сан қызыр серуендеп жүргендей. Аттаған сайын амалсыз кідіріп, бас киіміңді қалай жұ­лып алғаныңды білмейсің. Өйткені, қарсы алдыңнан ол кездегі исі қазақтың бәрі де: "Шіркін-ай, бір көрсем-ау?” – деп жүретін аты әйгілілердің біреуімен қалай да ұшырасып қаласың.

Музыкалық шығармаларының барлығы да тек әндер ғана болып, күй сияқты жанрды атымен білмейтін елдер де бар; немесе ән мен музыка аспаптарын қоса отырып, бір жағынан биді де араластыратын, музыкасы синкретизм деңгейінен асып болмаған бірқатар елдер және бар”,—дей келе, татар тілінде әнді де, сазды да "күй” дейтінін, онда ән салмай, тек аспапта ойнайтын саз тіптен болмайтынын, ал өзбек музыкасында ән, күй, би үшеуі бір-бірімен қой қосақ араласып жүретінін айтады. Олай болуының себебін әуелде ән, өлең, би адамдар­дың жаратылыспен әлі ірге ажыраспаған балаң шағында сырына қанығып болмаған табиғатты өз дегендеріне ылықтырып алудың магиялық тәсілі — айла-амалы ретінде қалыптасуымен түсіндіреді. Келе-келе мұндай еліктірме өнердің өзі де жіктеледі. Әр саласымен әр қилы кісілер шұғылданатын болып, әр тарап сала­ларға сараланады. Бұрын бәрімен шұғылданатын абыздар енді есепшілерге, жұлдызшыларға, бақсыларға, тамыршыларға бөлініп, әрқайсысы әр кәсіпке машық­танатын болады. Соған орай, олардың өз кәсібін сүйемелдейтін магиялық тәсілдері де әралуанданады. Ол әкеден бала үйреніп, тұқым қуалап, кәсібилене түсті. Бұл үдеріс әр халықта әр қилы өрбіді. Қазақта бақсы "ауруды бағатын” емшілікті ғана білдірсе, көптеген жұрттарда ол науқас адамның көңілін аулап, көзін арбауды көздейтін әншілікті де, ақындықты да, күйшілікті де білдіреді. Музыка терминдерінің семантикасы да соған айғақ болғандай. "Қобыз” сөзі ежелгі "абыз” деген, "сыбызғы” "сыбыс”, қазақтың "домбыра”, арабтың "тамбур”, бенгалдың "тапыр”, гректің "тамир” сөздері әуелде үн шығаратын белгілі бір нәрсені білдіретін ең бір түпкі ұғымнан тараса керек-ті. "Күй” сөзін әуелгі "көк” дейтін ұғымнан шығарып, Қ.Жұбанов музыкалық терминдер әралуандығын адамзат қоғамының айналадағы дүниені тануы барысында қалыптасқан кәсіби жіктелу эволюциясымен түсіндіреді. Қазақ күйлерін халық музыкасы тәжірибесінде атымен сирек кездесетін айрықша тосын құбылыс ретінде қарастырады. "Бұл — осы күнгі Еуропаның симфониясы тәрізді. Мұндай дәрежеге жетісу үшін халық музыкасы жақсы дамыған болуы керек. Сондықтан күйлерді қазақ музыкасының ең жоғарғы түрінің үлгілері деп білуіміз керек”,— деп түйіндейді.

Солай бола тұра аталмыш кезеңге дейін Құрманғазының генерал В.Перовскийді, жорналшы Н.Савичевті, Дәулеткерейдің жат жерлік мәртебелі меймандарды, Тәт­тімбеттің де көлденең көк етікті қонақтарды оңаша тамсандырғандары болмаса, халық күйлері бейтаныс аудиторияларда, көп халық бас қосқан үлкен жиындарда орындала бермейтін-ді. Тек әйгілі сазгер Сейтек Оразалиев 1923 жылғы тамызда бүкілресейлік ауылшаруашылық көрмесінде әлденеше күй орындап, мәскеуліктерді әбден тәнті еткен-ді. Алайда, қазақ астанасындағы "өз білгіштеріміз” 1936 жылы тұңғыш рет драма театрының сахнасында Құрманғазының не бір саңлақ шығармаларын орындаған Уақап Қабиғожинді іш пыстыратын "мәнсіз ұзақ тартыс” деп қызметтен қуып жібереді. Сөйтіп, күй 1934 жылдың маусымына дейін сүтке тиген күшіктің халін кешіп, сахнадан өгейлік көріп, көрепара қақпайланып келді. Ленинград аспиранты Ахмет Жұбанов бұл өкінішті түсінікті түзетуге күш салады. Ол да ағасы Құдайберген Жұбановтың "Бұрыннан бар музыка мұраларын жетілдіріп, толықтырып, көркейтіп, көркемдік жағын күшейтіп, примитив түрлерін гармониялап, халық музыкасындағы өмірге, тіршілікке шақыратын ерлік, талап, жігер тудыратын элементтерін саралап алып, кертартпа, сары уайым, жасықтық туғызатын жағын жойып, — осы ретпен ғана қазақ ұлтының қазіргі музыкасын дамытуға болады. Халық музыкасы мұраларын зерттеудің маңызы зор болатыны осы жағынан” дейтін қағидасын ұстанды. Ұстазы А.В.Затаевичпен тізе қосысып, жоғарыда айтылған жаңаша өнер көрсеткен шағын ансамбльді байқауға жер-жерден келген дәулескер домбырашылар, қобызшылар, сыбызғышы-сырнайшы­лармен толықтырып, ұлт аспаптары оркестрін құруға күш салады. Ол талпыныстары үкімет тарапынан қолдау табады. Оның көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып Ахмет Жұбанов тағайындалады.

1935 жылғы қаңтардың екісі күні. Кешкі сағат 8. Дзержинский атындағы клубтың шымылдығы сырғып ашылды. Жиналған жұрт әуелі сахнаны лық толтыра жайғасқан өзбектің ала жолақ биқасап матасынан тігілген сырма шапан киген бей­таныс адамдарды көріп, қапелімде, аңтарылып қалды. Сосын олардың қолда­рындағы қазақы домбыраларын танып, дуылдата қол соқты. Алдыңғы жақтағы аузы-басы сүйреңдеген бір жеңгей: "Мына неменің қақ алдымызға келіп, қаздиып тұрып алғаны несі!?”— деп, дирижерге тиісті. Алты ай бойы дайындалған оркестр Қали Жантілеуов алып келіп үйреткен "Адайды” бәйге төбеге жетіп қалған желаяқ­тардай желпініп, аласұра арындатты. Зал дуылдата жаңғырықты. Шарт-шұрт шапалақ басылмай тұрып алды. "Бис,бис” деудің орнына, "бас,бас” деп кеңірдек жыртқан көпшіліктің сұрауымен күй қайта-қайта орындалды. Залдағылар да, сахнадағылар да жаппай көздеріне жас алып, мәре-сәре боп жатты. "Құрманғазы тіріліп келсе, қандай қуанған болар еді?!”,— деп қиялдады жас дирижер.

Сол жылғы жазда оркестр облыстарды аралады. Қай тарапқа барса да, халықтың қуанышында шек жоқ. Оркестрдің қатары көбейді. Бұрынғы альт домбыраларының үстіне шанағы үлкен, дыбысы қоңыр тенор домбыралар қосылды. Қақ төрге ата қаздай алшайып, бас домбыра жайғасты. Созақтан келген жалғыз қобызшы Жаппас Қаламбаевқа Қараталдан келген Жұмағали Қасымов қосылды. Ұжымның көлемі кеңіп, дыбысы байыды. Орындалатын күй саны да өсті. Күздігүні Алматыға күйтабақ жазатын бригада келіп, оркестрдің орындауында он бес күй жазып алды. Оны естіген жер-жердегі жастар шағын оркестрлер ұйымдастырды. Қыс бойы қазақ өнерінің Мәскеуде болатын он күндігіне дайындық басталды. Ұлт оркестрі үлкен концерттің шымылдығын ашатын болды. Алматы оқу орындарындарында домбыра үйірмелері құрылып, талантты-талантты дегендері таңдап алынып, бұрынғы отыз кісіге тағы да отыз кісі қосылды. Мамырдың басында Мәскеуге аттанған екі жүз елу адамның алпысы оркестрде ойнады. Олар Үлкен театрда қойылған қорытынды концерттің шымылдығын ашты. Мәскеуліктердің аузынан "Жамбыл”, ”Күләш”, "Қазақ оркестрі” деген сөздер түспей қойды. Сол жалғыз оркестрдің кезінде Жамбыл атындағы ұлттық филармония құрылып, оған да Ахмет Жұбанов жетекшілік етті. "Домбыра, қобыздан ештеңе шықпайды, оларды жиып қойып, балалайка, мандолинаға көшу керек” дейтіндердің ауыздарына құм құйылды.1935 жылдан бастап, оркестрге нота сабағы жүргізілді. Нотамен ойнау үшін оркестр құрамы, аспаптардың бұрауы, пернесі өзгертілді. 1937 жылы музыка аспаптары әуездеріне қарап, дауысқа жіктеле бастады. Қобыздар бірінші, екінші, альт, бас, контрабас қобыз болып, домбыралар бірінші, екінші прима, альт, бірінші, екінші тенор, бас, контрабас домбыралар болып бөлек-бөлек сұрыпталды.

1937 жылдың 7 қарашасындағы дәстүрлі мерекелік концертте оркестр Ф.Шуберттің "Музыкалық мезеті” мен М.Глинканың "Руслан мен Людмиласындағы” "Черногор маршын” бастан-аяқ нотамен ойнап шықты. 1938 жылы оның құрамына флейта, гобой, кларнет енгізілді. 1938 жылы оркестр "Қозы Көрпеш-Баян сұлу” спектаклін, "Амангелді”, "Райхан” фильмдерін әуездеді. 1941 жылы Моцарттың "Түрік маршы”, З.Компанеецтің "Қазақ рапсодиясы” сияқты кең қарымды орындаушылық құлашты, шеберлікті талап ететін симфониялық кейіптегі кесек шығармаларды орындай бастады. 1944 жылы Ташкенттегі он күндікте "Қазақтың ұлттық оркестрі басқа Орта Азия елдеріне үлгі боларлық дәрежеде” деген жоғары баға алды. Сол жылғы тамыз айында құрылғанына он жыл толып, осыған орай оған ұлы Құрманғазының аты берілді. 1949 жылы Мәскеудегі қазақ әдебиеті күндеріне қатысты.

Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің мұншалық биік самғауы Ахмет Жұбановтың саналы ғұмырының ең басты мазмұны болды. Ағайынды Романенколарды ертіп жүріп, ескі Верныйдың құлағалы тұрған қарағай үйлерінің бөренелерінен домбыра жасауға қолайлы ағаштар сұрыптады. Тек оқу орындарына ғана емес, салынып жатқан құрылыстарға барып, ел арасынан келген жұмысшы қазақтарға домбыра тартқызып көріп, күйшілер іздеді. Ақтық демі тау­сылғанша атақты оркестрдің қақ төрінде контрабаста ойнап өткен марқұм Сами­ғолла Андарбаев 1938 жылы Фурманов, Киров көшелерінің бұрышындағы төрт қабатты тұрғын үйді салып жатқан бригаданы басқарып жүрген кезінде Ахметтің қалай іздеп тауып, үгіттеп, оркестрге алып кеткенін майын тамыза әңгімелеп отырушы еді. Базардан базар қоймай аралап, шартараптан ағылып келіп жатқан ауыл адамдарының үсті-бастарына қарап, оркестрді қалай киіндіруді ақылдасатын. Өңшең екі иығына екі адам мінгендей ат басты, атан жілікті атпал азаматтардан құралса, оркестрдің барымтаға бара жатқан нояндардың тобына ұқсаңқырап кететінін ойлап, өңі әдемі қыз-келіншек көрсе, бүр жарып тұрған бұтақты айналсоқтаған бал арадай шыр айналып шықпайды екен.

Ол ұжымның аспаптық құрамында да, орындаушылардың жасы мен жынысында, түр-сипатында да, ойналатын шығармалар ауқымында да біркелкіліктен қашып, әралуандылыққа ұмтылды. Сондай әралуандылықты қолдан жасауға емес, қазақ саздарының өз бойынан табуға тырысты. Қазіргі еуропалық музыканы адам таңғаларлықтай құлпыртып тұрған симфонизм мен полифонизмді қалыптастырып жүрген дыбыс байлығын ең алдымен аспаптардан қарастырды. Ондай дыбыс гаммаларын бере алатын төл аспаптарды іздестірді. Олардың ұмыт болғандарын қайтадан қолданысқа кіргізіп, қолданыстағыларын әуез жағынан жетілдірді. Әрқилы дауылпаздар, шақша-мүйіз, тас сырнай, шаң қобыз сынды сирек аспаптар солай табылып, үнді молайтатын және әралуандандыратын сым ішекті пиккола домбыра, альт домбыраның жаңа түрі, көптен қазақыланып кеткен тиекті сырнай (гармонь) оркестр құрамына солай енді.

Ахмет халық музыкасын кәсібилендіруді оның етене сипаттарын өз болмысында жетілдіріп, байыту арқылы жүзеге асыруға күш салды. Сонда ғана ұлттық өнер өзіндік даму арқылы өсе алады. Әйтпесе, біреудікін тарпа бас салып малданғаннан төл өнер өрбімейді, қайта көшірме өнерге айналып, өз ғұмырын өзі қысқартады деп санады.Ағасы Құдайберген айтқандай, бір кездегі синкретті өнер тарамданып жіктелу арқылы кәсібиленсе, Ахмет ондай кәсібиленген саз өнерінің әуен алуандығы мен әуез байлығына – симфонизм мен полифонизмге ұмтылмай тұра алмайтындығын жақсы түсінді. Содан туындаған жаңартуларды жатсынғандар мен оларды жәй әшейін бос ермек санап менсінбегендер де табылды. Кәрі буын күйшілер, мәселен, Дина Нұрпейісова, ішекті жаңартуға қарсы шықты. Өле-өлгенше өз домбырасына қой ішегін тағып өтті. Бірақ, бір аспаппен шектелмей, көп аспаптан тұратын оркестрді ешқашан жатсынған емес. Өйткені, бір кезде А.В.Затаевич: "Домбыраны тыңдағанда, оның үнін жақыннан естіліп отырған әлсіз дыбыс деп емес, оны алыстан шығып жатқан ұлы дүрсілдің талықсып жетіп отырған тамаша әуені деп түсіну керек”,—деп еді. Ахмет Жұбанов оны ойдағыдай жүзеге асырудың бірден бір жолы қазақ күйлерін оркестрге түсіру деп есептеді. Оның пайымдауынша, "оркестр әлгіндей замана арманын шындыққа ай­налдырады. Қазақтың күйлерін семіртіп, кеңейтіп, өрістетіп, шалқытып жібереді”. Бұл ақиқатты өз айтқанынан басқаға көп көне бермейтін қиқар Дина да мойын­дады.

Ол турасында А.Жұбанов: "Оркестрге "Әсем қоңырды” түсіріп, ұлы ананы шақырып алып келіп тыңдатқанда, ол алабұртып отыра алмады. Күй аяқталған кезде тек маған қарап: "Ой, шайтан бала-ай!”— деп, бетімнен сүйді. Жеке орындағанда "Әсем қоңырды” ешкім де Динаның өз орындауындағыдай шығара алмайды. Ол мұны біледі. Бірақ, мына оркестрдің орындауында күйдің шоқтығы өсіп, үлкейтілген фотодай, бұрын елене бермейтін "бұдырларының” бәрі айқындалғанын қарт суреткер сезе қойды”,— деп жазады. Бұрын ішекті, пернені, бұрауды өзгертуге, жаңа аспаптар қосуға сескене қараған төл музыканттар ол райларынан тез қайтты.

Алайда Ахмет Жұбановтың мұншама "оркестр құмарлығына” "артық романтика” деп қараған, көбіне-көп, еуропалық білім алған сауатты әріптестері болды. Олар халықтың ежелгі саздары алдындағы парыз оларды нотаға көшіріп, сольфеджиолап, фортепьяно, скрипка, виолончель, баян, аккордеон сияқты еуропалық аспаптар мен симфониялық оркестрге түсіріп, дыбыстық бейнелеумен, қуаттандырумен, немесе жаңаша аранжировка жасап, осы заманғы кең таралған жанрларда жазылатын жаңа шығармаларда молынан пайдаланумен бітіруге болады”,— деп санады. Ахмет Жұбанов мұндай жүрдім-бардым көзқараспен мүлдем келіспеді. Ұлт аспаптарын жетілдіру арқылы еуропалық симфонизм мен полифонизмге жақындай түсу бағытын ұстанды. Бір кезде Абай ауылдарында сым ішек тағылған домбыралар болғанына сүйеніп, тұсында "Темірбековтің домбырасы” аталған прима-домбыралар барған сайын жаңартылды. Әуелде сол ұғыммен қолданысқа енген бас домбыра (1953), контрабас домбыра (1936), бас қобыз(1936), контрабас қобыз (1957), дауылпаз (1936), келе-келе оркестрмен біте қайнасып кетті. Таза еуропалық аспаптар саналып келген көптеген шекті, үрмелі, ыспалы, соқпалы, дабылдамалы аспаптардың ежелгі шығыстық, тіпті түркілік баламалары табылды. Бұл ұлттық оркестрдің үнін байытып, дауысын зорайта түсуге даусыз негіз жасады. Бір кезде Ахмет Жұбанов бастап берген бұл бастаманы кейін сәл нәрсеге ескішілдік деп дүрсе қоя беретін дүмшелік біраз әлсіреген тұста Болат Сарыбаев, Нұрғиса Тілендиев, Өзбекәлі Жәнібековтер жемісті жалғастырды. Сондай-ақ тренола қағысын домбыраға, тиекті аспаптар квартетінің ойнау қағи­даттарын қобызға қолданып, оркестрдің репертуарына орыстың, Батыс Еуропа классиктерінің, кеңес композиторларының шығармаларын енгізу арқасында оркес­трдің орындаушылық деңгейі жоғарылай түсті. Әлденеше декадаларға, халықара­лық, бүкілодақтық фестивальдерге қатысу, Кеңес Одағын, шетелдерді аралап, гастроль сапарларына шығу нәтижесінде оркестр өзінің жемісті жолда келе жатқан­дығын, қазақ халқының аспапты музыка мәдениетінің бірден бір мұрагері өзі екенін танытты”,—дейді академик ғалым.

Біздің айтарымыз, осындай тамаша өнер ұжымын ұйымдастырып, жетілдіру арқылы Ахмет Жұбанов ұлттық музыка өнерінің тарих талап етіп отырған қайта құрылуы мен жаңаша дамуының заманалық аса күрделі үдерістерін ойдағыдай өрістетудің бірден бір мұрындығы және ең бас қолбасшысы болды.1933 жылы Алматыда музыка-драма техникумын ашып, негізінен ұлттық оркестр мен му­зыкалы драма театрына мамандар даярлауды қолға алған, 1944 жылғы тұңғыш жоғары өнер оқу орны — Алматы консерваториясын ұйымдастырып, көп салалы және көп жанрлы кәсіби өнерді дамытуға қажетті мамандар әзірлеуге кірісті. Бұл бүгінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігіндегі әлемге аты әйгілі орын­даушыларды көп түлеткен беделді жоғары мектепке айналып отыр. Аса ірі ұйым­дастырушы және педагог А.Жұбанов тек орындаушы мамандар әзірлеумен қанағаттанбай, ұлттық өнерді жаңаша дамытатын шығармашыл күштерді тәрбиелеуге де ерекше мән берді. Ол 1939 жылы Қазақстан Композиторлар одағының тұңғыш төрағасы болып сайланып, оны ондаған жылдар бойы үздіксіз басқарды. Алматы консерваториясы жанынан композиторлық бөлім ашып, М.Төлебаев, Қ.Қожамьяров, Е.Рахмадиев, Н.Тілендиев, Қ.Мусин, С.Мұ­хамеджанов, М.Қойшыбаев, Н.Меңдіғалиев, М.Маңғытаев, К.Күмісбеков, Б.Баяхунов, Ш.Қалдаяқов, М.Сағатов сынды айқын дара талант иелерін өсіріп шығарды.

Ол дарынды жастарды іздеп табуға аса ықыласты еді. Бір кезде ол Екінші Алматы вокзалынан қала орталығындағы үйіне жаяу қайтып келе жатады. Кенет әлдеқайдан құйқылжыта шертілген домбыра үнін естиді. Кілт тоқтай қалып, төңірегіне қарайды. Тұсындағы аулаға кіріп, маңайына құлақ тосады. Төбесіне маялап пішен үйген тәпене үйдің төбесінде бір қиық құлақ қара бала тыр жалаңаш кеудесін күнге тосып, бір аяғын бір аяғының үстіне шалғыластырып қойып, шалқасынан түсіп, қара домбыраны безілдетіп жатқанын көреді. Кәнігі ұстаз күй біткенше дыбысын шығармай, тыңдап тұрады. Бала күйін бітіріп, енді қырылдақ дауыспен күжілдетіп ән бастай жөнелгенде, жөткірініп дыбыс береді. Сақ құлақ бала шошаң еткізіп, басын көтеріп алады. Ирелеңдеген ұзын мойыны сорайып, бұлтыңдаған жұтқыншағы күдірейіп, қалқайған құлағы тікірейіп, бейтаныс кісіге сығырая қарап алады. Сосын кенет тісін ақситып: "Ассалаумағалейкум, Ахмет көке!”— деп, екі қолын бірдей созып төбеден қарғып түседі. Сөйтіп, ешқандай теңдесі жоқ шексіз талантты шәкірті айтулы ұстаздың қолына ілігеді. Ахаң өле-өлгенше: "Нұрғисаның тұла бойын түгел құрсап тұрған ақ сайтаны бар. Егер оның анау қураған сексеуілдің бұтақтарындай сояу-сояу саусақтарын бір жендет айбалтамен қырқып жіберсе, ол шырпыдай шашылып жерге түспес еді. Әуеге ілініп, өздерімен өздері әлдебір құйқылжыған ырғаққа басып, билеп кетер еді”,— дейтін. Шын таланттың шын талантқа шындап масаттанғаны осындай-ақ болар!

Жеткіншектеріне осынша қайырымды естияр ұстаз замандас әріптестеріне де соншалық үйірімді болыпты. Тілінің күйдіргісі де, күлдіргісі де мол Ахаңның өз қалжыңымен халық арасында "екі кекеш, бір соқыр, бір кемпір, бір шалдың одағы” атандырылып жіберілген композиторлар ұйымы әп дегеннен жаңаша қалыптасып жатқан қазақ өнерінің дамуына белсене ат салысты. Музыка тарихы мен теориясына жетік, шебер ұйымдастырушы, тумысынан дирижер, тамаша педагог кешегі көк майса тау баурайында көк шолақ тұғырымен "әйтшулеп”, қой баққан Кенен ақсақалдың да, Нарын құмында көзін ашар-ашпаста Құрманғазыдан бата алып, өзінен басқа неме жоқ деп кеуде керіп қалған адуын Дина әжейдің де, Еуропаның ең атақты мектептерінде тәрбиеленген үздік музыкант атанып, шамалыға пысқыра қоймайтын Евгений Григорьевич Брусиловскийдің де тілін таба білген Ахаңа табиғатынан жібек орамалдай есіліп тұрған жұмсақ мінезді Латиф Хамидимен майлы қасықтай араласып кету онша қиынға түспесе керек. Ол сонау отызыншы жылдары Қазақстанға келген Л.Шаргородский, С.Шабельский, В.Великанов, А.Надиров, А.Зильбер. Б.Ерзакович, В.Коцыктарды жаңа көтеріліп келе жатқан ұлттық музыка шаңырағының уығын қадасуға шақыра білді. Ахаң соғыс жылдарында Қазақстанға келіп уақытша пана тапқан С.Прокофьев, Э.Гилельс, Р.Л.Тамаркина, Г.Гинзбург, Л.Александровская, В.Пиродов, И.Лесман, З.Пикайзен, А.Островский, А.С.Алексеев, П.Гурьевич, Р.Михайлов, Ю.Бирюков, С.Туликов, М.Скорульский, З.Компанеец, Н.Финдейзен сынды музыка жұлдыздарымен де көйлектің ішкі бауындай дос, жолдас, өз адамы болып кетті. Оларды қазақ музыка өнерін насихаттау мен дамытуға белсене араластыра алды. Әйгілі композитор Сергей Прокофьев қазақ тақырыбына "Бозай хан” атты күлдіргі опера жазуға кірісті. Ол, бірақ, аяқталмай қалды. Дирижер В.Пирадов өзі басқаратын оркестрмен Е.Брусиловскийдің "Сарыарқа” симфониялық сюитасын, М.Төлебаевтың "Қобыланды” атты симфониялық увертюрасын орындады. Атышулы скрипкашы В.Пикайзен М.Төлебаевтың скрипкаға арнап жазылған поэмасын өз репертуарына тұрақты кіргізді. Аса белгілі музыка маманы А.Островский Дина Нұрпейісованың орындаушылық өнерін тамсана насихаттады. Қазақ әуендерін құлпырта пайдаланып, атақты композитор Ю.Бирюков фортепьяноға арналған рапсодия, С.Туликов Аманкелді Имановқа арналған "Атты әскер маршын”, М.Скорульский Абай тақырыбында бір бөлімді квинтет, З.Компанеец "Қазақ рапсо­диясын” жазды. Ахмет Жұбановтың мұрындық болуымен меймандар арасында кеңінен өрістеген мұндай шығармашылық жарыс республиканың төл композиторлық мектебінде де үлкен желпініс туғызды. 1942 жылы Е.Брусиловскийдің майдан өмірінен жазылған "Гвардия, алға!”, 1945 жылы Е.Брусиловский мен М.Төлебаевтың "Аманкелді” операсы қойылды.

Бұл жылдары Ахмет Жұбанов тамаша музыка ұйымдастырушысы болумен қоса, аса ірі композитор екендігін де танытты. Ол 1944 жылы Л.А.Хамидимен бірігіп жазған "Абай” операсын аяқтады. Ол, шын мәнінде, кәсіби кемеліне әбден келген тұңғыш қазақ операсы еді. Оған дейін қойылып жүрген "Қыз Жібек”, "Жалбыр”, "Ер Тарғын” сынды сахналық туындылар халық әндері мен күйлерін қапысыз сұрыптап, жан-жақты сараптап, жеткізе пайымдап, қайта қорытып әуре болып жатпай, жілік-жілігін бұзбай, ұшасын ұшалай, мүшесін мүшелей, қазанға тоғыта салғандай, мұрты шағылмаған "цитата қалпында”, түгелімен "бір әннен соң бір ән” қағидасы бойынша бастан-аяқ қосақталған қойдай көзінен тізіліп шыққан, шындап келгенде, біртұтас шығармадан гөрі құрақ көрпедей алабажақ "музыкалық монтаждар” еді. Ал Жұбанов пен Хамидидің "Абайының” әдеби сүйегі де, әуендік төсегі де мейлінше шынайы, мейлінше сом туынды еді. Онда қазақ мәдениеті үшін атымен соны опера өнерінің ария, желдірме (речитатив), ансамбль, хор пішімдері орын-орнымен кәсіби дәрежеде пайдаланылды. Классикалық жанрдың биік талаптары мен нәзік шарттары ұлттық бояуды жоймай, жіті сақталынды. Көпшілікке түсінікті әуен мен әуезде замана трагедиясын арқалаған тарихи тұлғаның күрделі бейнесі келістіре мүсінделді. Оның тұңғиық рухани дүниесін мөлдіретіп терең аша білген саф музыка құлақ құрышын қандырып, сара драматургия көрермен санасын адам болмысының ұңғыл-шұңғылына терең бойлата білді. "Абай” мен одан сәл кейін жарыққа келген Мұқан Төлебаевтың "Біржан-Сарасы” қазақ операсы сахнасының әлі талай таңдай қақтыра беретін ең асыл інжу-маржандары, кәсіби ұлттық музыкамыздың ең саңлақ туындылары болып табылады. Бұл авторлық қосақ бірігіп жазған "Төлеген Тоқтаров” та өз тұсындағы репертуардан елеулі орын иемденді. Сахна тілін жетік білетін Ахмет Жұбанов күрескер-сазгер Сары Батақұлының өмірінен "Сары” (1948) атты бір актылы музыкалы пьеса жазып, Ғ.Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш-Баян сұлу” (1938),М.М.Иванов-Сокольскиймен бірге М.Ақынжановтың "Исатай-Махамбет” (1938) спектакліне, М.Ф.Гнесинмен бірге "Аманкелді” фильміне (1938) музыка жазды. Жұртшылық арасына кең тараған "Отаным”, "Ақтамақ”, "Ақ Шолпан”, "Біздің ел”, "Ақ көгершін”, "Жылқышы”, "Лирикалық ән”, "Қарлығаш”, "Серт” тәрізді әндер мен романстар туды. Ұлттық музыкамыздың қорын "Тәжік биі”, "Қазақ билері”, "Төлеген Тоқтаров”, "Ария”, "Во­кальдық сюита”, "Абай” поэмасы сияқты күрделі аспаптық, симфониялық шығарма­ларымен байытты. Бітіре алмай кеткен "Құрманғазы” радиооперасы қазақ саз өнеріндегі жаңа жанрдың бастауы болды. Аз жазса да саз жазатын талғампаз композитордың бұл туындылары жаңадан түлеген төл кәсіби музыкамыздың хрестоматиялық үлгілеріне айналды. Ұлттық кәсіби композиторлық мектептің негізін қалаған Ахмет Жұбанов осы заманғы көп жанрлы саз өнеріміздің қай саласында да тыңнан із сала білді.

Оның сонау отызыншы жылдары Алматы драма және музыка техникумының жанынан ашқан ғылыми кабинеті мен зерттеуші шеберханасы соғыс жылдарында КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімінің арнайы секторына ұлғайтылды. Ол шағын сектор келе-келе ғылыми бөлімге, кейін іргелі ғылыми-зерттеу институтына айналды. Соғыстан кейін Ұлттық ғылым академиясы құрылғанда Ахмет Жұбанов оның толық мүшесі және Президиум мүшесіне сайланып, құрылтайшыларының бірі болды. Оның ұлттық музыка тарихы мен теориясын зерттеудегі ерен еңбегіне кім-кім де таңдана қарайды. Әсіресе, етене музыкалық дамуымыздың елден ерек биік деңгейі болып табылатын күй өнерін зерттеудегі үлесі тіптен орасан. Қазақтың музыкалық мұраларын жинап зерттеген А.В.Затаевичтің 1925 және 1931 жылдары бастырған екі томына кіретін 1500 шығарманың тек сексендейі ғана күйлер еді. Ал Ахмет Жұбанов зерттеген сан алуан саңлақ күйшілердің біреуі Мұрат Өскенбаевтың ғана жеке репертуарында, ғалымның өз аузымен айтуынша, үш жүзден астам күй болғанын ескерсек, ақ бас академиктің қандай шалқар күй мұхитын шағаладай шүйіліп шарлағанын көзге айқын елестете беруге болғандай. Оның бұл майдандағы ересен еңбегін табиғи қазба байлықтарға аса бай қазақ дала­сының металлогендік картасын жасаған ұлы Қаныш Сәтбаевтың әлемдік ғылыми тәжірибеде аса сирек кездесетін бірегей ерлігімен ғана салыстыруға болатын шығар.

Ол тек бір ғана Нарын құмынан ақсүйектерге тән сылқым сырбаз Дәулеткерей мектебі мен арнасынан асқан Атыраудай алапат Құрманғазы мектебін, Жайық бойы­нан Мәмен мен Баламайсаң, Қызылқоға, Ойылдан Түркеш, Тазбала, Жем сағасынан Абыл мен Қошқар, Маңғыстаудан Есір мен Өскінбай, Еділ сағасынан Боғда мен Байжұма, Үстірт пен Самнан Құлшар мен Сәулебай, Арал маңынан Үсен төре мен Қазанғап, Қаратау бойынан Ықылас пен Сүгір, Бетпақдаладан Тоқа мен Дайрабай, Қарқаралы мен Далбадан Тәттімбет, Шыңғыстаудан Абай, Жетісудан Байсерке мен Әшімтай мектептерін тапты. Сазгерлік мектептер орындаушылық үрдістерге тап болып күйшілік өнер одан әрмен құбылып, одан әрмен күрделілене түседі. Оны Ахмет Жұбанов бірінші рет ұлт аспаптар оркестрін құрып, оған жан-жақтан келген біріне бірі ұқсамайтын, бірінен бірі өткен шандоз орындаушылармен кездескенде байқаса, кейін халық арасындағы күйлерді жинап, зерттей бастағанда, тіптен қаныға түсті. Бұл дирижер Жұбановтың ұйым­дастырушылық, ұстаздық қызметін оқымыстылық қызметпен ұштастыруға мәжбүр етті.

Ол 1942 жылдың аяғында "ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы қазақтың халық композиторлары” атты кітабын шығарды. Аталмыш еңбек "Ғасырлар пернесі” (1958,1975), "Қазақстан халық композиторлары” (1962), "Мұқан Төле­баев” (1963), "Замана бұлбұлдары” (1963, 1975), автор қайтыс болғаннан кейін жарық көрген "Ән-күй сапары” (1976), "Өскен өнер” (1985) кітаптары сынды ұлттық музыка өнері дамуының кезең-кезеңдерін зерделейтін іргелі зерттеулерге ұласты. Олардың әрқайсысы жеке-жеке сараптауды қажет ететін сүбелі еңбектер. Біз, со­лардың арасынан ерекше ұлттық сазгерлік өнеріміздің түп қайнары болып табылатын Құрманғазы (1936, 1958) мен бүгінгі қайта түлеуінің ең заңғар биігі болып табылатын Мұқан Төлебаев (1963) шығармашылығына бағышталған монографиялық портреттеріне ғана тоқталмақпыз.

ҚҰРМАНҒАЗЫ – А.Жұбановтың сазгерлік те, зерттеушілік те жүрегін біржолата ием­деніп алған біртуар тұлға. Ақтық күндеріне дейін ол туралы радиоопера, екі дүркін қайталап арнайы монография жазуымен шектелмей, түгел дерлік кітаптарының орталық кейіпкері етуі — соның айғағы. Тіпті ол жүріп өткен жер-суды түгел аралап өтіп, оны көрген кісілермен тегіс кездесіп, ол жайында азды-көпті мәлімет білген адамдардан ешкімді тастамай, тегіс сұхбаттасыпты. Ғылыми-монографиялық зерттеулерді былай қойғанда, жәй әншейін жолсапар хикаяттарының өзінен халықтық данышпандық пен рухани қайсарлықтың асқақ символына айналған алып тұлғаға деген шынайы ізет пен ыстық махаббат жалыны от шарпиды.

Құрманғазы тағдырын ежіктей зерделеу арқылы халық тарихының дүниетанытқыш, сезім түзілткіш, сана қалыптастырушы құдіретін жіті пайымдайды. Ұлттың рухани өміршеңдігінің тылсым сырларын ашады. Алуан бағдарлы, санқилы сипатты және көп жанрлы сазгерлік өнердің табиғатына үңілу арқылы азаматтық және әлеуметтік даралық пен суреткерлік өзгешеліктің қиямет-қайым төркіндерін жан-жақты қарас­тырады. Азаматтық намыс қана адамдарды пенделіктен құтқарып, кемелдікке жеткізсе, ұлттық намыс қана халықтарды қарабайыр тобырлықтан әлеуметтік кемелділік пен келешегі жарқын салауатты қауымдастыққа жетелейтінін түсіндіреді.

Құрманғазының теңіздей тұнық, мұхиттай тұңғиық күйлері қазақ ұлтының кер тағдырдың талай тауқыметті өткелегінен аман сақтап қала алған қайсар қаһарман­дығын айқын сипаттаса, біздің заманымыздың абзал ұмтылыстары мен жарқын жасампаздығын бейнелеген Мұқан Төлебаев шығармалары талант табиғаттастығы мен мұрат төркіндестігін жеріне жеткізе зерделейді. Ғалым аға жеткіншек әріпте­сінің шығармашылық жеңістерінің шынайы намысшылдықтан, бір басының ғана емес, бүкіл ұлт абыройын ойлаған асау аршылдығынан өрбіп жатқандығын мейлін­ше дәл байқап, аса нәзік жеткізеді. Сонау 1939 жылы Мәскеу консерваториясының жатахқанасына іздеп барып танысқанында қағаздан басын алмай, біресе нота дәптеріне, біресе есейіп барып үйренген пианиноға алма-кезек шұқшиған бейнетқор жігіттің әнді місе тұтпай, жығылсаң нардан жығыл деп, бірден ірі жанрларға өршелене ұмтылғанына қарап, оның алысқа сілтейтін арынына шексіз сенгенін үлкен тебіреніспен суреттейді.

Мұқан сол өзі көп менсіне қоймайтын ән жанрының өзінде "Бесік жыры”, "Тос мені тос”, "Кестелі орамал”, "Мен көрдім ұзын қайың құлағанын”, "Ақ марал” сынды терең философиялық мән мен биік эстетикалық өрені қиыннан қиыстырып, шебер үйлестірген шедеврлар туғызды. Аспаптық музыкада скрипкаға арналған "Лирикалық биіне”, "Бесік жырына”, концерттік поэмасына, симфониялық оркестрге арналған "Қазақстан” атты поэмасы мен "Қобыланды” увертюрасына, хорға арнап жазылған "Отан даңқы”, "Жастық” сютасы мен "Желкілдек” атты кантатасына аузы­ның суы құрып аса жоғары баға берген Ахмет Жұбанов жеделдес әріптесі Мұқан­ның басты туындысы "Біржан-Сараға” әбден қапысыз шыңдалып, кемеліне келіп жеткендігін баса көрсетеді.

Әлі сары тіс тартпай тұрып, қырық жеті жасында, дүние салған есіл ердің әу бастан-ақ өз мәресін өзі аласартпай, дәйім биіктен үңіліп, ХХ ғасырда әлемдік танымалдыққа ие болған не бір сүлей сазгерлермен іштей жарысып өткенін сүйсіне әңгімелейді. Оның төл музыкамызды осы заманға кәсіби сазгерлік дамудың шырқау биігіне самғата көтеруінің басты сыры – осы кемел талант пен биік талапты тығыз ұштастыра білгендігінде деп санайды. Мұқан туралы жазған Жұбановтың әр сөйлемінен өз әріптесіне таусыла тамсанған мақтаныштың лебі еседі. Өйткені, композитор М.Төлебаевтың мұндай шығармашылық даусыз жеңісі – музыканың ғұлама тарихшысы, сұңғыла теоретигі, өнердегі қай істің де қиыннан қиюын тапқан аса кемел ұйымдастырушы, академик А.Жұбанов үшін өзінің төл жеңісі еді. Өйткені, ол етене музыкамызды аса бай "шикізат көзі” ғана деп есептеген астамшыл көзқарасқа әуелден қарсы болды. Ол халқымыздың ғасырлар бойы тудырған бай мұрасы – ұлттық музыкамыздың бүгінгі және ертеңгі кәсіби дамуының ең басты сарқылмас қуаты, таусылмас мүмкіндігі деп түсінді. Ол "Абайды” сондай нық сенімнің ойдағыдай жүзеге асуының сәтті беташары деп білді. Ал "Біржан-Сараны” мұндай асқақ мақсаттың ақиқатқа айналуының асқар шыңы деп бағалады. Бұл тек асқан таланттарға ғана тән шын әділдік еді. Екінің бірінің қолынан келе қоймайтын ерлік еді.

Осындай азаматтық мәрттік пен рухани сахилық А.Жұбановтың Құрманғазы, Абыл, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Қазанғап, Түркеш, Байжұма, Соқыр Ещан, Боғда, Мәмен, Сейтек, Қауен, Баламайсаң, Есір, Өскенбай, Ықылас, Сүгір, Дайрабай, Байсерке, Тоқа, Әшімтай сынды сазгерлерге, Науша, Махамбет, Лұқпан, Оқап, Қали, Мұрат, Жаппас, Қамбар, Ысқақ, Дәулет, Жәлекеш, Ығылман, Мағауия, Рүстембек, Фатима, Гүлнафис сынды орындаушыларға, Ғ.Дуғашев, Ш.Қажығалиев, Ф.Мансұров, Н.Тілендиев, Л.Шаргородский, С.Шабельский сынды дирижерларға берген риясыз бағаларынан да молынан сезіледі. Ол өз замандастары Қ. Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Т.Жүргенов, К.Байсейітова, Қ.Жан­дарбеков, Ж.Елебеков, Р.Бағланова, Ж.Омарова, ағайынды Абдулиндер, А.Тоқ­панов, Қ.Қожамияров, Р. Елебаев туралы да дәл осындай ақ та төк пікір айтты. Түптеп келгенде, бұлардың көпшілігі сазгер, дирижер, ғалым, ұйымдастырушы, қайраткер А. Жұбановтың үзеңгі қағысып, ауыздық шайнасқан тікелей әріптестері, өнер салыстырып, бақ сынасқан замандас бәсекелестері еді. Сүйте тұра, ол бір етікші бір етікшінің тіккен етігін көргенде қағып отырған шегесін қисайтып, тігіп отырған тарамысын түйілтіп алады дейтіннің кебін кимей, мейлінше шынайы толғанып, әділ сараптайды. Өзгенің табысына тарылмайтын кеңпейілдік бар жерде ғана ел қамын жейтін кемелділік өрістеп, ұлт мүддесі үстем түсе алатынын бір сәт ұмытпайды.

Ол тек сазгерлік пен күйшілікке ғана емес, күллі өнер дүниесіне, жалпының көңілін тауып, көптің мүддесін қамдауға тырысқан әлеуметтік қызметтің қай-қайсысына да жатсынып-жатырқаусыз зор құрметпен қарайды. Өнерді шынайы адамгершілік пен мейірбандықтың нұры төгілген шуақты өлке ретінде шабытпен әспеттеді. Өнерпаздарды тағдыры жағынан жұмыр басты пенде, ниет-пиғылы мен ой-сезімі жағынан нағыз ақ періште жандар қып сипаттады. Оларда тек абзалдық пен мәрттік, рахым мен сүйіспеншілік үстемдік құруға тиісті деп есептеді. Соған қарап, оқырмандары мен тыңдармандары Ахаңды жер үсті тіршіліктің иіс-қоңысы мұрнына бармайтын, пейіш гүлзарының жұпарына елтіп өткен романтик біреу екен деп қалулары да мүмкін. Алайда, ол адамдарға адамша өмір сүрудің ешқашан жеңіл болмағандығын, қайта ауыр тиетінін кім-кімнен де көбірек көріп, көбірек түйсінгендіктен де, жан-жағын саналы түрде жарастық пен татулыққа шақырып өткен шынайы гуманист еді. Өз маңдайы талай жерде тасқа тигендіктен де, жұрттың маңдайын шыбынға шерткізбейтін мейірбандыққа үндеп бақты. Адам адамға кіжінгеннен қоғам да, заман да жақсармайтынын өзі де жете түсінді, өзгелерге де жете түсіндіруге тырысты. Өйткені, тұтас бір ғасыр үміт пен үрей арбасып, бірін-бірі алма-кезек ықтырып, итжығыс түсіп жатқан алмағайып кезеңде, алапат әлеуметтік катаклизмдер заманында өмір сүрді. Оның өз арманыма жетсем, енді жеттім бе деген кезеңі сондай текетіресті көкке көтере дәріптеген қызыл тоталитаризмнің күшәла жеген иттей құтырынып, әбден асқынып, аспанды алақандай, жерді тебінгідей еткен тұсына тап келді.

Сол бір сәт ешқашан естен шыққан емес. 1936 жыл. Ақпан айының аяқ кезі. Филармонияның әуелгі залы. Іште ұлы күйшіге арналған бірінші концерт жүріп жатты. Фойеде әлі бояуы кеуіп үлгермеген "Құрманғазы” атты кітапша сатылды. Ұлт аспаптар оркестрі дауылпаз сазгердің оннан астам күйін орындады. Залды лық кернеген халық әрқайсысын сілтідей тынып тыңдап, артынан ұзақ қол шапалақтап, қошеметтеді. Көпшілігі бұған дейін біздің жұртымызда мұндай сазгер, оның осыншама мол, осыншалық құдіретті шығармалары барын білмек түгілі естімеген де еді. Қанша тыңдаса да, құмарларынан шығар емес. "Тағы да! Тағы да!” деп екілене қолқалайды. Әрқайсысының көкірегін бағзы бабаға деген құрмет пен өз халқына деген мақтаныш кернеп алған. Бұл – қазақ музыкасының ең зор салтанат құрған күні еді. Америка ашқандай әбден масаттанған жас дирижер бірінші бөлімнен соң сәл дем алайын деп, сахна сыртына беттей берген-ді. Біреу асығып-үсігіп құлағына аузын тақады: "Жоғарыдағы директордың кеңсесінде ең үлкен кісі сізді шақырып жатқан көрінеді”. Алабұртып келе жатқан асқақ көңіл аяқ астында сап болды. Тұла бойын: "Бір нәрсені бүлдіріп алған жоқ па екем?” деген қауіп билей жөнелді. Сол бір таң атпастан мұрындарынан шаншылып, екі етек боп, табандарынан таусылған абыр-сабыр күнгі тап болған барлық "әттеген-айлар” есіне сап ете қалды. Афишалар реперткомның рұқсатынсыз таратылыпты. Министр ит сілікпесін шығарып ұрысқан. Жаңа сауық басталарда қалалық қаржы бөлімінің нұсқаушысы кеп қақшаңдаған. Кітапшаны сатуға арнайы рұқсат алынбапты.

"Дөкейлер тағы қандай заңсыздық тауып алды екен?” деп зәресі ұшып келген Ахметтің директор табалдырығынан аттауы мұң екен, жұрттың бәрі қоғадай жапырыла қалды. Мана күндіз: "Көздеріңе қарамайсыңдар ма, түге? Рұқсатсыз афиша таратып, өле алмай жүрсіздер ме?” деп мұны да өлердей қысылтып, өзі де өрттей боп қызарып кеткен Темірбек Жүргенов күлімдеп алдынан шықты. Ораз Исаев ұшып тұрып құшақтап арқасынан қақты. Левон Исаевич Мирзоян: "Мұндай оркестрді енді шетелге жіберу керек. Ұлт саясатының әділ жүріп жатқанын бұдан артық тартымды дәлелдей алатын үгіт табылмайды. Жолдарың болсын, ұжым мүшелеріне менен сәлем деңіз, рахмет айтыңыз”,— деп ағынан жарыла ақтарыла сөйлеп, құшырлана қолын қысты.

Бірақ, ондай салтанатты сапарды оркестрге тағы да аттай он жеті жыл, ал дирижер­ге өмір бойы күте тұруға тура келді. Бәрі де көз тигендей аяқ астында бұзылды. Әлеумет аспанын теріскей батыстан көшкен қорғасын бұлттар құрсап алды. Саясат­тағы асыра сілтеу тұрмыстағы бықсық бақастықпен жең ұшынан жалғасып, ең ал­дыме

Категория: Ән,өнер | Добавил: nauriz (08.03.2014)
Просмотров: 1277 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Код *:
Мини-чат
Для добавления необходимо
войти или зарегистрироваться
Yandex жаңалықтары
Партнеры сайта
Меню сайта
Навигация
Әлеуметтану, саясаттану,мәдениеттану [63]
Бизнес, менеджмент, финанс т.б [2]
Патриоттық және мерекелер т.б [0]
Шет ел әдебиеті мен тарихы [0]
Шағын көлемді шығармалар [0]
Философия және логика [0]
Қазақ тілі және тіл білімі [58]
Елді мекендер, қалалар [0]
Агро,шаруашылықтар [0]
Қазақ халық әндері [22]
Курстык жумыстар [0]
Ғылыми жұмыстар [64]
Қазақстан тарихы [32]
Қазақ мерекелері [3]
Тарихи тұлғалар [134]
Еуразияшылдык [0]
Ашық сабақтар [50]
Қазақ әдебиеті [105]
Дүние тарихы [32]
Информатика [42]
Флипчарттар [0]
Силабусстар [0]
Астрономия [0]
Психология [0]
Переводчик [0]
Математика [0]
Педагогика [0]
Дипломдар [0]
Лекциялар [0]
География [71]
Глоссарий [0]
Биология [40]
Экология [0]
Ән,өнер [95]
Дінтану [21]
Физика [0]
Химия [0]
Құқық [0]
Еңбек [0]
Витрина ссылок
Статистика
Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Яндекс.Метрика

Лучшая рип студия!