Главная » Статьи » Ән,өнер

Домбыра, дамуы, жанрлары
Жаңғали ұстаздың еңбегінен дәм татыңыздар!

1.Алғы сөз 
2.Домбыра аспабы 
3.Күйдің аймақтық дамуы 
4.Шертпе күйдің аймақтық ұялары 
5.Шығыс Қазақстан күйшілік мектебі 
6.Арқа күйшілік мектебі 
7.Жетісу күйшілік мектебі 
8.Қаратау күйшілік мектебі 
9.Қазіргі замандағы шертпе дәстүрі

Аспаптардың шығу тегіне байланысты кейбір зерттеулерде олардың жоралық (ритуалдық) қызметі туралы айтылады. Мысалы, ұрмалы аспаптар ерте заманда жер ана мен көктің жыныстық қатынасын бейнелейтінін, барабанды соғу арқылы жаратушыдан жаңбырдың мол болуы мен астықтың берекелі болуын сұрайтынын Е.В.Васильченко жазады (Музыкальные культуры мира, 128-бет). Мұны айтпағанның өзінде көне түркілердің «Екі негіз» (Iki jyltys) атты дуалистік философиялық нанымы бар екенін білеміз. Мұнда әлем аталық пен аналықтан тұрады деген сенім бар, аталықтың көктегі символы –күн, аналықтыкі –ай. Оның жердегі символдары –аталықта –жер, аналықта–су. Бұлардың үстіндегі бақылаушы –тау тұрады деген ұғым қалыптасқан (Қ.Сартқожа. Орхон жазулары. Астана. Күлтегін баспасы-2003).Домбыраның екі шекті болуы да содан шығады, яғни үстіңгісі аталық, астыңғысы аналық. Орыстарға көшпелілерден енген балалайканың да әуелде екі шекті болғаны белгілі. Үш шекті болуы христиан дінінің кіруіне байланысты туындады, «қасиетті үштік» (қасиетті әкей мен оның ұлы және киелі рух) түсінігі орыстармен бірге қазақтарда да болды. Біздің несторлық христиан дінінде болған кезеңіміздің ескерткіші–үш шекті шертер мен Алтай домбырасы. Алтайды мекендеген қазақ тайпаларының бір кезде осы діннің ықпалында болғанын айтпағанның өзінде қытай мәдениетінің триграммалық таңбасының (багуа–қытайдың дыбыстық кодтар системасы) да өзінше ізі болды. Балалайка мен Арқаның тұмар домбырасының тұрықтары үш бұрышты болуы да осы тақылеттес діни себептерден туындауы әбден ықтимал. 
Түркі тілдес халықтарда ер адамның аттары күн мен жер, тау атауларымен (Күнби), ал, әйел адамдардың есімдері ай, су атауларымен (Айғаным) түбірлес болатыны немесе соған қатысты тұтынатын заттарына сай келетіні сондықтан болса керек. Осындай дуалистік нанымның қытайдың дао іліміне ұқсастығы («инь» мен «йянь») болғанымен көшпенділерде көктің культі басым болғаны белгілі. Күй деген сөздің түбірін «көк» деген сөзден таратушы ғалымдардың (А.Сейдімбек, С.Қондыбай) пікірлері салмақты және бірден-бір ғылыми негізін тапқан тұжырым. 
Дауысты дыбыс (яғни музыка) жан, ал, дауыссыз дыбыс тән. Осыдан домбыраның (ағаштың) өзі дауыссыз, одан шыққан саз дауысты, сондықтан оның (күйдің) жаны бар деген тұжырым қалыптасқан. Адам қайтқанда тәні қалады, жаны ұшады, Орхон жазуларында «Күлтегін қой жылы (тоғызыншы ай) 17-күні ұшты» деген жазу бар. Жаратылысты аталық пен аналықтың махаббатынан басталады деген ұғым Х1Х-ХХ ғасырларға дейін күшін жойған жоқ. Қазақта қобызды әйел адамның қолына ұстатпайтын салттан осыған қатысты мәселе шығады, қобызда күй шалу аталық пен аналық негіздің көктен береке сұрайтын тылсымы бар, ол көк пен жердің жыныстық зайыбтық қасиетін баяндайтын болғандықтан оның ритуалын атқару тек ер адамға ғана тапсырылады. Қобыз аспабымен бірге домбыраға да осындай шектеу болғаны рас. (Үрмелі аспаптарды да әйелге беруге рұхсат етілмеген). 
Домбырамен тектес қытай аспабы–пипа оларға көшпенділерден ауысты. Қытай императорларының осы аспапты «варварлардың» аспабы деп өз мәдениетіне қоса қоймағаны жазылған (Е.В.Васильченко. Музыкальные культуры мира. 234-бет). Дегенмен, қытай жұртының ақсүйек, сарайлық мәдениетіне кіріп, өзге шекті аспаптармен бірге орындалу техникалары жетілдіріліп, таңбалануы жүйеге түскен. Қытай елінде әрбір қағыс ерекше таңбамен, қимылды жануарлардың мінез-құлқымен бейнелейтін айрықша таңбалау системасы қалыптасқан. Қазақ домбырасында мұндай жазбаша таңбалау болған емес, оның өтеуін ауызша дамыған тарту қағидасы атқарды. Бұлар күйлер мен сарындардың, пернелер мен қағыстардың дәстүрлі аттары. Домбыраның құлақ күйі негізінен оң (таза кварта), теріс (таза квинта) бұрауларға келтіріледі. Қазақтың күйшілік дәстүрінде мұнан өзге шалыс бұрау (секунда), қалыс бұрау (үлкен терция), тел бұрау (унисон) деп аталатын көне түрлері де болған. Бұл бұраулар Тәттімбет, Тоқа заманына дейін қолданыста болғаны әрегідік айтылады, күй тартудың бұл бұраулардағы тәсілдері күрделі болатынын ескерсек, онда, мұндай құлақ күйлерімен күй тарту күй сайыстарында ғана болғанын болжамдаймыз. Музыкатанушы С.Өтеғалиеваның домбыра бұраулары жайлы көлемді зерттеу мақаласында ең көне бұрау – теріс бұрау екені айтылады, ғалым мұның дәлелін бурдон сарындас аңыз күйлердің осы бұрауда туғандығымен түсіндіреді (Орталық Азияның хордофондары: музыкалық бұраулар проблемасы. Музыкальное искусство: Наука и образование, ғылыми еңбектер жинағы. Астана-2004). 
Қазақ домбырасының жоғарыдағыдай атауларының дәл қазір тәжірибеге ене қоюы екіталай, дегенмен осы атаулар күй мектептерін анықтауға тиек болар ма деген үмітіміз бар әрі күйші қауымға қозғау салу.

КҮЙДІҢ АЙМАҚТЫҚ ДАМУЫ 

Қазақ күйшілерінің орындау мәнері аймақтық күй ұяларына байланысты дамиды. Күй әуені интонациялы саз ретінде әуелде бір түбірлі болғанмен орындаушылық мәдениеттің тезіне түскен кезде әртүрлі арнаға түседі. Қазақтың күй өнері негізінен төкпе, шертпе деп айдарланған екі машыққа бөлінеді, соған орай олардың жерге, топыраққа тартып тұратын айшықты мінездемелері де бар. Төкпе және шертпе деген анықтама күйдің тәсілді тартысына байланысты туындаған кейінгі аттар, А.Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» кітабындағы Тәттімбет жайлы зерттеуде шертпе күй деген сөз кездеспейді, мұндай атау У.Бекенов кітаптарынан кейін енген (Шертпе күй шеберлері.). Күйлердің қазіргі оқытудағы аймақтарға қарай ұялық бөліністері жеті мектепті құрайды: 
1)Алтай күйшілік ұясы, аймағы –Шығыс Қазақстан ; 
2)Арқа күйшілік ұясы, аймағы –Орталық Қазақстан ; 
3)Жетісу күйшілік ұясы, аймағы –Оңтүстік Шығыс Қазақстан; 
4)Қаратау күйшілік ұясы, аймағы –Оңтүстік Қазақстан; 
5)Жиделі Байсын күйшілік ұясы, аймағы –Сырдария, Арал өңірі; 
6)Орда күйшілік ұясы, аймағы –Батыс Қазақстан; 
7)Түбек күйшілік ұясы, аймағы -Маңғыстау. 
Күйшілік ұялардың бұлай бөлінуінің жүйесін алғаш жасаған А.Сейдімбек, оған дейін мұндай мектеби жіктеу жасалған емес. Бұл күй тарихы мен орындалу мәдениетіне дұрыс бағдар бере алатын нақты әрі дәл анықтама болды. Қазақ күйлерінің аймақтық ұяларының мұнан да басқа әлі айқындала қоймаған күйшілік мектептері бар, олардың көбісі өзінше төбелі мәнер болғанымен аз ескеріледі. Алтай күйшілік мектебінде – Тарбағайлық, Арқада – Тоқырауындық, Жаңа арқалық, Жетісуда – Таластық, Қаратауда –Күнгейлік, Жиделібайсында – Аралдық, Ордада – Оралдық, Түбекте –Үстірттік (Түркіменше шалу мәнері) мектептер қалыптасқан, және олар жеке күйшілік ұя болуға әбден ылайықты. Бұлардан өзге Іле, Шығыс Түркістан мен Байөлке жеріндегі күйшілік те өзінше төрге шығуға тұрарлық мәнерлі мектептер. Осы мектеп өкілдері – Аққыз, Тоқа, Байсерке, Үсен төре, Мәмен, Әренжан, Есір сияқты күйшілер орындаушылықтың шыңына шығып, артына із қалдырған домбырашылар. Бұл мектептер тәжірибеде орындаушылығы бөлек домбырашылық өнер болып бағаланғанымен жоғарыдағы мектептердің атына жалпылама телініп жүр. Осыларды қомақтай айтқанда қазақтың күйшілік ұяларының жалпы саны он сегіз болар еді: 
Алтай, Тарбағатай, Арқа, Жаңа арқа, Тоқырауын, Жетісу, Талас, Қаратау, Қаратаудың күнгейі, Жиделібайсын, Арал, Орда, Орал, Түбек, Үстірт, Іле, Шығыс Түркістан, Байөлке. 
Күйшілік ұялардан басқа үлгілік мектептер де бар. Әрбір күйшілік ұяның басында сол саладағы орындау мәнерін жасаған тұлғалар бар. Байжігіт, Тәттімбет, Қожеке, Сүгір, Қазанғап, Құрманғазы, Абыл сияқты күйшілер өз мектебінің іргетасын қалағандар және шығармашылығы ерен жасампаз (реформатор) сазгерлер. Олардың үлгілерін ары қарай дамытқан замандық күйшілеріміз солардың шәкірттерінің қолынан күй алғандар, әрі сол күйлерді тарту барысында өз орындаушылық мектептерін де қалыптастырған домбырашылар. Осы күні Ә.Хасенов, М.Хамзин, Н.Тілендиев, Ж.Қаламбаев, Т.Момбеков, С.Балмағамбетов, Б.Басығараев, Қ.Жантілеуов, Р.Ғабдиев, С.Шәкіратов сияқты күйшілердің орындаушылық мәнерлері де өз кезегінде жалғасын тауып, жеке мектеп болып қалыптасқан үрдіс саналады. 
Қазақ күйлерінің шығуы, құрылымы мен тегі бір. Алайда, аймақтық мектептерге бөлініп, жеке орындаушылық үлгілердің өз алдына отау тігетін заңдылығы және бар, бұл үрдіс күй табиғатын тануға әсте бөгет болмайды, керісінше, аспаптық музыкамыздың байлығы мен кемелдігін айшықтайды. Аймақтық факторларды ескергеннің өзінде, күйдің шертпе, төкпе деп бөлінуін тек қана тарту техникасының өзгешелігімен түсіндірген абзал. Күйлердің әуелде бір сарынды болып (көне күйлер, аңыз күйлер) кейіннен әрқалай мақамда дамуы – кезеңдену процессіне байланысты. 
Қазақ даласының шығыс аймағына кең тарап, ғасырлар бойы дамыған күйдің ұлы арнасы - шертпе, күй атасы – Кетбұғыдан басталып Байжігітке, одан Тәттімбет пен Бежеңе (Бейсенбі) ауысқан шертпе өнері ұлттық музыка мәдениетінің классикалық мұрасы болып табылады. 

ШЕРТПЕ КҮЙДІҢ АЙМАҚТЫҚ ҰЯЛАРЫ

Қазақтың күйшілік өнерінің үлкен екі арнасы – төкпе және шертпе болып бөлінетінін жоғарыда айтып кеттік. Біздің әңгімеміздің өзегі осы арнаның бірегей түрі - шертпе күй туралы болмақ. 
Шертпе күй - аты айтып тұрғандай шертіліп тартылатын күй, мұндағы сөздің түбірі - «шерту» етістігі, музыкалық сөздікке кейіннен енген атау (ертеде күйді бөле атау үрдісі жанрлық ерекшелігіне байланысты болған, мысалы – жыр күйлер, би күйлер, ойын күйлер т.б.). Кейбір зерттеулердегі «шер» сөзінен шыққан, іштегі шерді қозғайтын күй деген анықтаманың көңілге қонуы қиын, төкпе болсын, шертпе болсын, қазақта шер қозғамайтын күй бар ма? 
Қысқасы, шертпе - тарту техникасы көбінесе бір ішекті саумалай шерту әдісіне құралған күйлер. Мінезіне келсек – жалпы ұлтық күйшілік дәстүрге ортақ қарекеттің барлық белгілері бар, біржақты «жуас» деу жаңсақ ұғым, себебі – шертпе мектебінен шыққан екпіні төкпеге барабар әбжіл күйлер толып жатыр (мысал үшін - «Салкүрең», «Дайрабай», «Ыңғай төкпе», «Көкбалақ» т.б.). Сондықтан, шертпе күйдің табиғатын танудың бір амалы – аймақтық мектептерін анықтау. 
Қазақтың тамаша күйшілік мектептерін орнықтырып кеткен ұлы күйшілердің шығармашылығын барлағанда - әуені мен тартысына қарап қай өлкенің тумасы екенін анықтауға әбден болады, өйткені, ғасырлар бойы қалыптасқан белгілі бір сарындар тобы сол топырақтың ғана меншікті мақамына айналып кеткен, күй қай аймақта, қай уақытта туса да қазақтың құлағы оны жазбай танитыны содан. Әрбір аймақтың тілінде, киімінде, қолөнері мен тұтынатын заттарында сол жерді мекендеген елдің қауымдық ерекшелігіне тән айырмашылықтар болатынын этнографтар да жоққа шығармайды, алайда, бұл факторлардың ұлт мұрасының тұтастығына нұқсаны жоқ, керісінше, мәдениетіміздің байлығы мен байтақтығы болып саналады. 
Қазақ тарихын түркі заманынан бастап зерттеген орыс ғұламасы – Л.Н.Гумилев шығыс өркениетінің Алтай жерінен бастау алғанын жазады, қазіргі кезеңге дейін жетіп отырған алтайлық әндер мен күйлерді тыңдағанда олардың көне түркілік сазға құрылғанын аңғару оңай. Музыкатанушы-ғалым П.Шегебаев бұл мектеп туралы мынадай пікір айтады: «...Шығыс аймақта дамыған аспаптық үлгі қазақ музыка мәдениетіндегі ерекше құбылыс. Мұны тарихи тағдыры бір түркі-мұңғұл халықтарынан қалған мәдениет деп тануға әбден болады. Аспаптық шығармаларының обертонға бай, тембрлік бояуларының қою (қоңыр) болатыны соның әсерінен». (Шығысқазақстандық аспаптық музыканың стильдік ерекшеліктері. Мақала. Музыкальное искусство: Наука и образование. Ғылыми еңбектер жинағы, Астана-2004.) Шертпе өнерінің белді өкілі - Байжігіттің күйлерінен тек Шығыс өлке емес қазақтың барлық күй мектептеріне ортақ қайырымдарды кездестіруге болады. Айтпағымыз, қазіргі шертпе күй мектептерінің қалыптасуының басы - қасиетті Алтай жерінен бастау алады деген тұжырым. 
Қазақтың шертпе күйлерінің аймақтық ұяларын былайша тарқатуға болады: 
1.Шығыс Қазақстандық (Алтай-Тарбағатай) күйшілік мектеп; 
2.Арқа күйшілік мектебі; 
3.Жетісу күйшілік мектебі; 
4.Қаратау күйшілік мектебі. 
Жеке тұлғалардың орындаушылық мектептері: 
1.Байжігіт мектебі; 
2.Тәттімбет мектебі; 
3.Қожеке мектебі; 
4.Сүгір мектебі; 
Өнерде ерекше ізі қалған күйшілердің мәнерлік мектептері: 
1.Әбікен мектебі; 
2.Жаппас мектебі; 
3.Мағауия мектебі; 
4.Төлеген мектебі; 
5.Нұрғиса мектебі; 
6.Уәли мектебі. 
Әлбетте, осы аттары аталған күйшілердің тартыс үлгілері қазақ музыкасының алтын қорында сақтаулы, сондықтан кейінгі орындаушылардың шертпелік өнерде бірден-бір бағыт алар бағдары болып отыр. Оның үстіне осы үлгілерге еліктеп өскен бір қауым күйшілер буыны өсіп жетілді. 
Қазіргі уақытта шертпе дәстүрін дамытып, аймақтық күйшілік мектептердің салтын сақтап жүрген домбырашылардан – Боранқұл Қошмағамбетов (марқұм), Мұхаметжан Тілеуханов, Таласбек Әсемқұлов, Дәулетбек Садуақасов, Білал Ысқақов, Секен Тұрысбеков, Рымхан Әбілханов, Базарәлі Мүптекеев, Саян Ақмолда, Сәрсенғали Жүзбаев, Мұрат Әбуғазин, Қайрат Айтбаев, Арман Қадырбектердің есімдерін атауға болады. 
Шертпе күй туралы арнайы кітаптар жазып, ғылыми зерттеу жүргізген ғалымдарымыз – А.Жұбанов, У.Бекенов, М.Айтқалиев, А.Сейдімбек, Ә.Мұхамбетова, П.Шегебаев, Р.Малдыбаева, Т.Әсемқұлов. 
Шертпе күйшілердің өмірі жайлы әдеби деректер қалдырған жазушыларымыз – Т.Әлімқұлов, С.Бегалин, М.Мағауин, Ж.Алтайбаев, К.Салықов, І.Жақанов, Т.Әсемқұлов, К.Жүнісов, Ө.Кәріпұлы, Я.Амандықовтар.


ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІ

Қазақ күйлерінің архаикалық (байырғы) түрлері Алтай-Тарбағатай жерінде мейлінше мол сақталған. Күйлердің орындалу машығы көнеден келе жатқан дәстүр екендігін айғақтайды, шығыс сарындарын тыңдаған жан оның барша түркі-мұңғұл (ғұндар деген ұғымда. Ж.Ж.) нәсіліне ортақ әуен екендігін бағамдай алады. Күйлердің аттары тотемдік наным-сенімдерге құрылған, мысалы, «Самұрық», «Ақсақ марал», «Боз інген», «Бұлғын мен Сусар», «Ағаш ат», «Жорға аю», тағы басқалар. Алтай күйлерінің өзге мектептерден ерекшелігінің бірден-бір белгісі - олардың әуелден домбыра, шертер, сыбызғы, шаңқобыз, жетіген аспаптарына ортақ саз ретінде туғандығы (музыкатанушы П.Шегебаевтың пікірі). Сондықтан, домбыра күйлері осы аспаптардағы бояулар арқылы аса байытылғаны айдан анық көрініп тұрады. Қыпшақ-Оғыз заманынан қалған көмекей ғырыл (бурдон) дыбысты аспапта сақтай отырып күй толғау қазақ жерінде тек шығыста ғана сақталған, (көмекеймен жыр айту үрдісі Сыр өңірінде жақсы дамыған десек те, ол жердің аспаптық шығармаларында бурдондық тәсіл қолдану жоқ) ол тек сыбызғыда емес, домбыра күйлерінде де кең қолданылады, әсіресе теріс бұраудағы шертісте көп. 
Күйлердің құрылысы қайырмалы ән формасымен өрілген, сағаны қуып дамыту, тондық тұғырды (тональность) ауыстыру, ладты өзгерту мүлде жоқтың қасы. Кез келген алтайлық шығарма тұтастай екі немесе үш рет қайталанып орындалады, финалында бастапқы тақырып еміс еске түсіріле шолақ қайырылып аяқталады. 
Күй мінезі асқақ, соған сәйкес ырғақтары да біркелкі – жүрдек, қайғылы күйлердің өзінде мажордағы салтанат тәкәппарланып тұратыны бізден басқа ұлттың ұғымына түсініксіз де шығар («Аңшының зары», «Бөкен жарғақ» т.б.). Шығысқазақстандық күйшілік мектептің тағы бір қыры - жоғарыда айтылған тотемдік нанымнан туған күйлер орындалғанда домбырашы белгілі бір аңның немесе жануардың мінез-құлығын аспапта суреттеуге ұмтыла қоймайтыны, керісінше, тақырыптағы мақұлық пен күйшінің ортасында құпия тілдесу (диолог) үрдісі пайда болады, нәтижесінде - біз бейнелеуден бөтен, тұтас екеуара сұхбатқа құрылған жораның (ритуал) куәсі боламыз. 
Шертпе күйлердің ішінде орындалуы, техникалық жағынан меңгерілуі ауыры - осы мектеп, себебі, мұнда ілме қағыс, терме (шектерді термелеу) қағыс, сол қолда кездесетін тайғанақ әдіс, ысырма әдістерді айтпағанның өзінде күйдің аңыздық, программалық ізі дәстүрлі методиканың дәрістерін керек етеді. Шығыс Қазақстаннан шыққан дәстүрлі күйшілер – Байжігіт, Бейсембі, Жүнісбай Стамбайұлы, Шақабай Шалап батыр, Сақбике, Терістаңбалы Мүкей, Раздық, Шотайбай, Масығұт, Бейісбай, Әшім, Бағаналы Саятөлекұлы, Ғабдылхақ Барлықов, Таласбек Әсемқұлов, Жарқын Шәкәрімов, Білал Ысқақов, Тұрсынғазы Баяқов, Қазен Әбуғазин, Қабікей Ақмерұлы. 
Қазіргі кезде бұл мектептің ізін жалғастырып жүрген азаматтар ретінде - Секен Тұрысбеков, Мұрат Әбуғазин, Мұқаш Таңғыт, Еркін Ерген, Ертай Барлықов, Әсет Дәненов, Анар Кітапова сияқты дарынды күйшілерді атай аламыз. 
Шығыс күйшілік мектебін алғаш зерттеген - Уәли Бекенов. Ол «Күй табиғаты», «Шертпе күй шеберлері» атты кітаптар жазып шығыстық күй мектебінің ерекшеліктерін ашып көрсетті. Осындай абыройлы еңбек - жазушы Мұхтар Мағауинге де тиесілі. Ол Байжігіт мұрасын ұлттық қазынамыз ретінде алғаш таныған, күйлерінің жарық көруіне көп септігі тиген адам. Шығыс күйшілігіне арнайы ғылыми талдау жасаған – музыкатанушы Пернебек Шегебаев. Оның мақалаларында домбыра күйлерімен қатар сыбызғы күйлері де тарихи дамуы мен құрылымы жағынан жан - жақты зерттелген. Шығыс Қазақстандық күй мектебі туралы этнограф ғалым - Ақселеу Сейдімбек өзінің «Қазақтың күй өнері» монографиясында қазіргі кәсіби күйшілікке әдістемелік бағдар бере алатын терең талдаулар жазды. 
Қазіргі кәсіби оқыту тәжірибесінде шығыс күйлері сирек орындалады, бұл оның әлі тыңғылықты зерттеуді керек ететінін көрсетеді, күйлер ішінара (У.Бекенов, Б.Ысқақов, М.Әбуғазин) нотаға түсірілгенмен орындаушылық мәдениетінің ашылуы толық тізгін бере қойған жоқ. Нағыз орындаушылар өз дәуірінде өнерлерін елге ұсынып, тұзы таусылған соң бірінің артынан бірі кетіп жатыр. Олардың көнеден қалған шертпелік мектебі кейінгі ұрпаққа толық жалғасып отыр деп айту қиын. 
Алтай күйлерінің өзге мектептерден бөлектігі күйдің сыбызғы мен домбырада қатар орындалатыны. Домбырадағы күйлердің бәрі дерлік сыбызғыда тартыла береді, және ол тақырыбы жағынан да бұзыла қоймайды. Осы дәстүрдің жалғасуын бүгінде шертпе күйдің шебері - С.Тұрысбековтің «Балауса» күйінен көре аламыз. Сазгер бұл шығармасын домбыра мен сыбызғыға тел шығарған. Сыбызғы күйлерін жинақтаушы, кәсіби сыбызғы мектебінің тұңғыш ұстазы - Т.Мұқышев Байөлке күйлерінің ноталық жазбаларын кітапқа кіргізді, онда атақты Кәлек сыбызғышының күйді екі аспапта қатар тартатын шеберлігі айтылады. Бұл Алтай күй мектебінің байырғы мәдениетке жататынын көрсетеді, жалпықазақтық күйшіліктің жерұйығы – Алтай екендігінің бұлтартпас айғағы. 

АРҚА КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІ 

Арқаның күйшілік мектебі - шертпе мәдениетінің алтын қазығы деуге тұрарлық үлкен мектеп. Себебі, Арқа иісі қазақтың тарихи ортақ мекеніне айналған, үш жүздің еншісі бөлінбегенін айғақтап тұрған қасиетті Ұлытау да осында. Домбырасымен «Ақсақ құланды» толғаған күй атасы - Кетбұғы өмір кешкен Жошы ұлысы да Арқа өңірінде дәурендегені шежіреден аян. Нелер балбармақ домбырашылар өмір кешкен Сарыарқа жерінде күй дегенде алдымен аузымызға абыз Кетбұғыдан бөлек керей батыры–Байжігіт, арғынның аты аңызға айналған ақылманы – Тәттімбет сері түседі. Осылардың ішінде Арқа мектебінің басында тұрған тұлға сөз жоқ, Тәттімбет екені даусыз. 
Тәттімбет Қазанғапұлы (1815-1862) өз заманында теңдесі жоқ өнерпаз болды, ғұмыры келте болса да артына мол мұра қалдырды. Ең маңыздысы – жасампаз мектептің іргетасын қалап кетті, Тәттімбетше күй шалу үрдісі осыдан кейін Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Сембек, Әбди, Итаяқ, Әбікен, Аққыз, Мағауиялар арқылы дамып, шертпенің даңқы мұқым қазаққа үлгі болды. Арқа күйлерінің музыкалық шығарма ретіндегі маңызды ерекшелігі - өзінше жеке мектеп бола тұра домбыра өнерінде дамыған барлық күйшілік дәстүрді жатсынбауы. Жағырапиялық жағынан Шығыс пен Оңтүстік, Жетісу мен Сырға аралас қонған қоңсылығы бұған септігін тигізгені ақиқат. 
Арқа күйлері де ішінара мынадай орындаушылық мектептерге бөлінеді: 
Тоқырауын орындаушылық мектебі, өкілдері – Әшімтай Қарымсақұлы, Манарбек Ержанов, Аққыз Ахметова, Сатан, Мұхсин, Мағауия Хамзин, Жақсылық Омашев, Қайрат Айтбаев. 
Ақсу-Аюлы орындаушылық мектебі, өкілдері – Итаяқ, Қыздарбек, Мақаш, Сембек, Әбди, Әбікен, Бегімсал Орымбеков, Дәулетбек Садуақасов, Орал Исатаев, Арман Қадірбек, Нұрғаным Жексенбаева. 
Жаңа арқа орындаушылық мектебі, өкілдері – Сайдалы сары Тоқа, Дайрабай, Сейфолла (Сәкеннің әкесі), Амантай Бозмағамбетұлы, Мұхит Битенов, Пазыл Тұтқабеков, Мейрам Ұлмағамбетов, Мұхаметжан Тілеуханов, Ахат Байбосынов, Алпысбай Тұрсынбеков, Жанболат Әбілдинов. Бұл аталған орындаушылық мектептердің күй шерту үлгісінде анау айтқан айырмашылық болмағанмен күйдің ішкі интонациялық даму табиғаты әртүрлі қалыпта. Бұл пікірді алғаш қозғап жүйелі зерттеу жүргізген көрнекті ғалымымыз - Ақселеу Сейдімбек. 
Арқа күйлерінің басқа шертпе мектептеріне қарағанда саздық құрылымы мен музыкалық күрделілігі жағынан анағұрлым дамығаны айқын көрініп тұрады. Алғаш арқа күйлеріне ғылыми баға беріп, ноталық жазбаларға түсуіне ықпал еткен – академик А.Жұбанов. Қазақ тарихында тұңғыш ұйымдасқан ұлт аспаптары оркестрінің репертуарына Тәттімбеттің «Қосбасар», «Сарыжайлау», «Сылқылдақ» күйлері енгізілді. Арқа күйлерін осы оркестр құрамына он төрт жасында келген талантты домбырашы - Рүстембек Омаров белсенді насихаттады, онымен бір ұжымда қызмет еткен Жаппас Қаламбаев пен Мағауия Хамзин де Арқа шертпесінің үзіліп қалмауына ересен еңбек еткенін айтуға тиіспіз. 
Арқа күйлерінің нағыз түпнұсқа түрі Әбікен Хасенов арқылы жетті. Бұл мектептің ертеден дамыған киелі сарынын жаңа заманның ызғарына қарамастан (Кеңес дәуірінде шертпе күй «феодализмнің сарқыншағы» деп танылып, тартылуына қатаң тиым салынған, Арқаның талай күйшілері сол зобалаңның кесірінен атылып та кеткен, бұл нәубетті Әбікен де бастан кешті, Сәкен Сейфуллиннің арашасымен аман қалған болатын) келешектің қолына ұстатқан дарынды күйші қазіргі күні Арқа ғана емес, жалпы шертпе өнерінің шыңы болып саналады. Әбікен Хасенов Тәттімбетті түгел тартып, Әбди, Сембек, Қыздарбек, Айдостардың да мұраларын арттағы ұрпаққа тастап кеткен саңлақ домбырашы. Нағыз балбармақ шебер домбырашы Әбікен атамыз өз жанынан да күй шығарған, оның атышулы «Қоңыры» аспаптық музыкамыз тарихындағы теңдессіз туынды боп саналады. Оның әндерді күйге бергісіз шертетіні де бөлек әңгіме, Жаяу Мұсаның «Ләйлім» әнін ғажайып әсемдікпен орындап, оны күйтабаққа жазып қалдырғаны белгілі. 
Арқа мектебінде орындаушылықтың үлкен екі арнасы бар, бірі қоңыр шертпе болса, екіншісі қуатты желдірме күйлер. Осы жағынан қарағанда желдірме күйлерді төкпеге еркін жатқызуға да болғандай, мысалы, Дайрабайдың күйі Арқа мектебіне жатқанмен екпіні мен ырғағы жағынан Атырау мектебінен алыстамайды, мұндай ерекшеліктерді Тоқаның «Бозайғырынан» да аңғару қиын емес. 
Арқа мектебінің басқа мектептерден құрық бойы бір озықтығы «Қосбасарлардың» сән құруында жатыр. Ел ішінде «Қырық буын қосбасар» аталатын күйлер жалпы аспаптық музыкамыздағы біртуар жанр деуге ылайық қазына. Қосбасарлар әркезде әртүрлі жағдаяттарға байланысты шыққан, негізінен мұңды, шерлі күйлер. Қосбасарлар тегінде күйді шығарған адам атымен де аталады (Тоқаның «Қосбасары, Аққыздың «Қосбасары т.б.). Тәттімбет өз қосбасарларына әртүрлі жағдаяттарға байланысты ат қойып тартқаны тарихтан белгілі. 
Арқа мектебінің дамуына Қазақстанның халық әртісі М.Хамзиннің көп еңбег сіңгенін атап өткеніміз жөн. Ол шертпенің жаңаша тартылу үлгісін жасады, ескі күйлердің жібін үзбей отырып, оның сахналық мәдениетінің дамуын жетілдірді, осы салада өз жанынан да көптеген айшық әуезді шертпелер шығарды. 
Арқа күйшілерінің шығармашылығын алғаш зерттеп, ноталық жазбаларын тиянақтаған – Уәли Бекенов, оның «Шертпе күй шеберлері», «Күй табиғаты» атты кітаптары аса құнды ғылыми - әдістемелік еңбектер болып табылады. Зерттеушінің өзі де Арқа күйлерін талдап тартатын сұңғыла шертпеші ретінде қазақтың есінде аты қалды. Тәттімбет күйлерінің жинағы 1988 жылы Е.Үсеновтың құрастыруымен тұңғыш рет жарыққа шықты, 2005 жылы А.Тоқтаған мен М.Әбуғазинның редакциясымен толықтырылып қайта басылды. Тәттімбет тәліміндегі күйлердің толық топтамасын Б.Ысқақов жазып шықты. Бұл еңбекте Тәттімбет күйлерімен қатар оның мектебін құрайтын Арқа күйшілерінің бәрі қамтылған. 
Арқа күйлерін таза меңгеру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі, ұзақ жылдар бойы шертпенің насихаты болмады, оны оқыту ісі жүйелі түрде жүргізілген емес, қазіргі музыка мектептерінен бастап консерватория, академияға дейінгі домбыра пәнінің оқытылу үлгісі шертпе күйді толық қамтымайды, негізгі бағыт біржақты төкпе күйдің дамуына бағдарланып отырғаны рас. Соған қарамастан аға буын шертпешілерден үлгі көріп қалған дарынды күйші жастар өсіп келе жатыр, олар мүмкіндігінше түпнұсқаны меңгеруге тырысып бағуда, алайда, саусақ басу, қазақы қоңыржай қағыс дәстүріне тістері батпай жүргені де жасырын емес, оған балалайка мен орыс домрасының жаттығуларымен өскен жат машық кері әсерін тигізген деп түсінеміз. 
Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория қабырғасынан Тәттімбет атындағы шертпе күй мектебі ашылды, оның ашылуына ықпал еткен дарынды күйші-педагог – Біләл Ысқақов. Бұл мектеп жалпы шертпе мәдениетінің Отандық алтын қазығы болып отыр, жыл сайын осы мектептен дәріс алған түлектер ата өнердің атын өшірмей, болашаққа жалғап жүр. 
Арқа мектебінің жалауын жықпай жүрген көзі тірі шеберлер қатарында дарынды домбырашыларымыз – Мұхаметжан Тілеуханов, Дәулетбек Садуақасов, Пазыл Тұтқабеков, Мейрам Ұлмағамбетов, Ахат Байбосынов, Жалғас Садуақасовтар. 


ЖЕТІСУ КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІ

Жетісу жері – қазақ халқының тағдыры талай рет талқыға түскен жер, үш жүздің қаны топырағына мәңгі сіңіп қалған тарихи мекен. Мемлекет басына күн туғызған талай құйтұрқы саясатты көрген қасиетті Алатау қазақтың байтақ елін көлеңкесімен қорғағалы нелер заман өтпеді, мұқым Шығысқа ықпалы жүрген Қытай империясы құдайы көршісі – Қазақты бодан қылудың бар айласын жасап бақты, ғасырлар бойы атүсті айқаспен бостандығын сақтап қалған қазақ елі үшін Жетісу жері әрісі - алты алаштың жерұйығы боп саналады. 
Жетісу жерінің музыкалық мәдени мұрасы аса бай, домбыра өнеріне келетін болсақ, атадан балаға өзгеше нақыспен жалғасқан күйшілігі де бір ерен мұра. Жетісу жерінің күйлерінде байырғы түркілік сарын мейлінше жақсы сақталған, оған осы өлкеде ғасырлар бойы қазақпен ішек-бауыры араласып кеткен туыстас қырғыз, татар, ұйғыр, дүнген халықтарының да мәдениеті жаймашуақ әсерін бергені ақиқат. Олай дейтініміз – бұл халықтардың музыкалық мұрасы қазақ мәдениетіне жат емес, керісінше, олардың қазақпен жалпытүріктік тамырластығы бар, Жетісу домбырашылығының кемелдігіне мейлінше себепші болатын фактор осы. 
Жетісу күйшілік мектебінің негізгі мінездемесін, өзге күй мектептерінен айырмашылығының нақты белгілерін музыкалық даму тұрғысынан тап басып айту едәуір қиындық туғызады. Себебі, бұл мектептің күйлерінде Арқа, Қаратау, Алтай, Сыр сарындары аралас кездесе береді, күй шалу машығында төкпелетіп тарту да бар, солай бола тұра күйдің дамуы шертпе шеңберінен шыға қоймайды. Ладтық тұғыры жағынан алғанда Жетісу шертпесі пентатоникаға бейім, күйдің техникалық орындалуы көрнекі тәсілдерді (қолды ойнатып түрлі қимылдар жасап тарту) көбірек қолдануды керек етеді. Бұл қырғыз қомызшылығынан ауысқан машық екені ақиқат. 
Жетісу күйлерінің ортақ үлгісін мысал ретінде көрсету үшін Нұрғиса Тілендиевтің орындаушылық мәнерін алсақ жеткілікті. Н.Тілендиевтің репертуарындағы күйлерде қоңыр сазды шертіс пен қызу қанды төкпе кезектесіп тұрады, екі қолдың еркіндігінде шек жоқ, ал, күй сазына келер болсақ - қазақ пен қырғыздың әуездері бірден құлаққа келеді, асқан сезімшілдік пен виртуоздық тәсілдер қатқабат араласқа түсіп, тыңдаушыны баурап алады. Н.Тілендиев бұл дәстүрді атасы - Тілендіден, Жамбыл мен Кененнен үйренген. Яғни, Жамбылдың заманында гүлденіп тұрған Жетісу шертпесінің дәрежесі мен дәргейі қаншалықты болғанын осыдан –ақ білуге болады. Нағыз Жетісулық шертпе шындығында Жамбыл мен Кенендердің орындауларында талайларды тәнті қылғаны тарихтан белгілі, солай бола тұрса да Кеңес өкіметі кезінде оны іске татитын мектеп екен деп ескерген ешкім болмады. Сол себептен шығар, қырғыз бен қазаққа ақындығымен қатар күйшілігімен аты мәшһүр болып талай күй тартысында олжа салған - Жамбыл Жабаевтың мұрасы дер кезінде таспаға не нотаға жазылып алынбады, артындағы шәкірті – Күшікбайұлы Шаштайдың орындауындағы күйлерді ұқсатып үйрене алған адам болмады. Жетісу күйшілігінің кешенді өнер екенін көпшілік жас ғалым Б.Мүптекеевтің 1998 жылы шыққан «Жетісу күйлері» кітабынан кейін ғана білді. Соның өзінде Жетісудың жібек шертпесі оқыту бағдарламасынан өз төрін таба қойған жоқ. Бұл салқын немқұрайдылық әлі күнге дейін домбырашылар арасында өткізілетін әртүрлі мәдени іс - шараларда білініп қалады. 
Алайда, Жетісу күйлерін тану барысында зерттеушілер тарапынан да қателіктерге ұрынып, жаза басу бар екенін айта кетуіміз керек. Жоғарыда тілге тиек еткен Б.Мүптекеевтің «Жетісу күйлері» кітабында Жетісу өңірін күйімен тербеткен небір саңлақтардың аты жоқ, аты Алашқа әйгілі Байсеркенің шәкірттері – Бердібек Мықтыбайұлы, Қожабек Жапбасов, Сатқынбай Өлмесұлы сияқты халық дарындарының үлгісін жалғастырған - Қатшыбай Таубаев, Темірбек Ахметов, Әшірәлі Шынғожаев, Тұраш Әбуовтер Жетісу күйшілік мектебінің мықты өкілдері ғана емес, жалпы шертпе өнерінің ірі тұлғалары болғанын дәлелдеудің өзі артық. Олардың үлгісін мұрат еткен «қазақтың ерке сылқымы» - Әбдімомын Желдібаев та осы мектептің бүгінгі көзі тірі жалғастырушысы екені көпке аян. Жетісу күйлерінің Кеңестік кезеңдегі қаны сорғалаған мұрагерлері ретінде осы өнерпаздардың есімдері кітапқа кірсе керек еді. 
Тағы бір айта кететін жағдай, зерттеушілерде Жетісу күйлерін Шығыс Қазақстандық күйлермен шатастыру, ара-жігін ажырата алмау бар. Мұның салдары Шығыс Түркістандық күйшілерді зерделеу барысындағы олқылықтардан туындайды. Қытай қазақтарының домбыра тарту машығы Жетісулық машыққа жатпайды, ол Алтайлық мектептің меншігі (Шығыс Түркістандық күйшіліктің басында Бейсембі Дөненбайұлы тұр), яғни, Жетісу күйінің негізгі ұясы – Шығыс Түркістанда емес, Жетісуда. Дәлдеңкірей айтқанда, Алтай күйлерінде түркі-мұңғұл иірімдері бар, ал, Жетісу күйлерінде қырғыз ырлары басымырақ, қомыздың желдірме-толғаулары емін-еркін екі ұлтқа ортақ қолданысқа түскен. Тілендінің «Аққуындағы» шертпе мен төкпенің алма-кезек ауысу тәсілі қырғыз күйшілерінде (Атай, Тоқтағұл, Қара молда) бұрыннан бар үрдіс. Қырғыз оркестрлерінің репертуарында Қазақ күйі дегенде тек Жетісу күйлері таңдалып орындалатыны мектеп жақындығынан екені сөзсіз. Бұл пікірдің алашапқын жылдарда Жетісудан көшуге мәжбүр болған күйшілерімізден қалған мұраларға қатысы жоқ. 
Жетісу күйшілік мектебінде ерекше орындаушылық салт жасаған домбырашы - Қожеке Назарұлы (1823-1881). Оның күйлері Тезек төре заманының куәгері, Шоқан Уәлихановтың осы Тезектің ауылында туысқаншылап жатып зерттеу жұмыстарымен айналысқаны көптеген деректерде бар, Қожеке елдегі атқамінер беделді адам ретінде Тезекпен де таныстығы болған. Қожекенің Біржан мен Сараның айтысына араласып, біршама күйлерін арнағаны А.Сейдімбек зерттеулерінде кездеседі (Қазақтың күй өнері, Астана -2002). Қожеке артына жалпы қазақ күйшілігіне ортақ мол мұра қалдырып кеткен біртуар дарын иесі. Қожеке Назарұлының күйлерін зерттеу кешеуілдеп барып қолға алынды, артындағы ұрпақтарының жеткізуінде нотаға түсірілген күйлер төлтума нұсқасын сақтаған деп айту қиын, бұл саланың зерттеуі мен насихатын бірдей көтеріп жүрген ғалым –Базаралы Мүптекеевтің еңбегі зор. Базаралының ноталық жазбаларының арқасында Рақыш Қожекеұлы, Мергенбай Ерденеұлы сияқты халық дарындары мәдени қазынамызға қайта оралды. 
Жетісу күйшілік мектебінің ішінде Шу мен Талас өңірінің орындаушылық мәнері жеке арна ретінде дамыған мектеп, болашақта бұл да үлкен зерттеуді қажет ететін сала. Жетісу шертпесінің толыққанды игерілмеуінің бір себебі де осыған назар аударылмаудан болуы әбден мүмкін. Жетісу мектебінің бағдарын жасауда алтын қазық ретінде Нұрғиса Тілендиев пен Темірбек Ахметовтың шертпелерін басты үлгі етіп алуымыз керек, өйткені, ғасырлар бойы кемелденген Алатау шертпесінің өшпеген ұшқындары бізге осылар арқылы аманатталды. 
Қазіргі кезде Жетісу мектебінің дамуына еңбегін аямай жүрген азаматтар қатарында Әбдімомын Желдібаев, Дүйсенбай Шаштайұлы, Талғат Орынтаев, Бақыт Жанұзақов, Нұрлан Бекенов, Ақбота Тұрымбетова, Нүркен Әшіровтар бар. 
Жетісу күйшілік мектебін зерттеушілер – Гүлзада Омарова, Базаралы Мүптекеев, Сағатбек Медеубекұлы, Ербол Тұңғышұлы. Н.Тілендиевтің батасын алған шәкірті – Қошқарбек Тасбергенов ұстазының күйлерін күйсандықтың сүйемелімен орындау үшін тамаша музыкалық аудармалар (переложение) жасап, оны жеке жинақ етіп шығарды. Күйлерді оркестрге түсіруде біліктілік жасаған Халық қаһарманы, көрнекті өнер ардагері, композитор - Нұрғиса Тілендиев және дарынды дирижерлар – Жамағат Темірғалиев пен Самат Мәлімбаев.

ҚАРАТАУ КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІ

Қарата күйшілік мектебі дегенде домбырашылық пен қобызшылық өнер қатар қанат жайған Созақ жері бірден ауызға оралады. Күйшілік дәстүрге келсек - Қаратау күйлері Арқа орындаушылық үлгісінің өзінше дамыған бір арнасы болып табылады. Арқа күйшілерінің ішінде әуелі Сайдалы сары Тоқа мен Арғын Дайрабайдың (Алшын Дайрабай дейтін де күйші өткен) ықпалы Қаратау күйшілік мәдениетіне көбірек тигені тарихи дәлелді шындық. Осы күні Қаратау мектебін зерттеушілер Сүгірдің Тоқадан бата алғанын айтқанмен, тарту үлгісін бөлекше деп санап жүр. Шындығында, Сүгірдің ұстазы – Ықылас пен Тоқа бір елдің адамдары болған, олардың күй шалу мәдениеттері Тәттімбеттен тарағаны даусыз ақиқат. Қаратау мектебін талдағанда Ықылас пен Сүгірден арғы күйшілерден ешқандай дерек келтіре алмай жүргеніміздің бір шеті осында жатыр, яғни ежелден қоныстас болған Арқа мен Бетпақдаланың әлеуметтік-мәдени шежіресін білмеуіміз қате пайымдар жасауға түрткі болып-ақ жүр. 
Қаратау шертпелерінің біз білетін Арқа мектебінен бөлектенетін басты айырмашылығы Тоқаның үлгісімен дамуында. Арқада Тәттімбеттен кейін аты аталатын Сайдалы сары Тоқа күйшілігінің шын ізі Қаратаулық үрдісте ғана сақталған. Кезінде сазгерлігі орта жүзге бедел болған Тоқаның мұрасы Кеңестік дәуірде салтанат құра алмады, қазіргі Тоқа күйлері деп міселеп жүргендеріміз - елдің есінде қалған ұлы сарындардың жұрнағы ғана. Оны орындаушылардың қай-қайсы болса да сол сарындарды тақырып ретінде алғанымен түпнұсқасын түйіндей алмай, өз жандарынан жаңаша тәсілдеп тартуға ұрынды, соның салдарынан Тоқаның күйлері осы мектептің топырағы жағынан ең жақыны - Әбікеннің тартысынан ауылы алыстап-ақ кетті. Тоқаға қоңыржай үнді Әбікен жақын ба, әлде қисыны күмәнді, бірақ оны жедеғабыл төкпелеткен техниканың көмегімен өтемдеген қазіргі тартыс жақын ба? Әрине, Әбікеннің жақындығы даусыз. Қазақ радиосының қорында ескі күйшілердің (Бегімсал Орымбеков) орындауындағы таспалар сақталған, бұл жазбаларда Тоқаның «Сарыжайлауы» бос бұрауда әсем шертіледі. Алайда, мұны үлгіетуге ынталанып жүргендер жоқ. Мұндай жағдайдың Тоқа мұрасына пайдасынан гөрі зияны көп. Солай бола тұра, күй астарындағы Тоқаның өзіндік дара қолтаңбасы шідері шешілмеген аттай екпіндеп-ақ көрінеді. Ал, Сүгір болса Ықыластың қобыздағы күйлерін түгел тартып, Тоқаның тарту мәнерін мейлінше шегіне жеткізе игерген жалғыз дарын. Тоқа күйлері мен Сүгір шығармаларының бір қолдан шыққандай ұқсастығының мәні осында. Ықыластың «Жезкиігін» Тоқа күйлерінің шебері - Мағауия Хамзиннің домбырада тартуы кезінде ешкімді таң қалдырған оқиға болған жоқ, халық оны аспаптың ауыс-түйісі бұрыннан қалыптасқан - Қаратаулық дәстүрдің жалғасы деп қабылдады. 
Қаратау қобыз өнері қонған жер. Қобызшы Ықыластан Сүгірге, Сүгірден Жаппасқа жұққан қобыз бен домбыраны бөлмейтін телқоңыр күйшілік тек Созақта салтанат құрған. Сүгір Ықыластың төл шәкірті ретінде осы екі аспапты тең меңгерген. Мұндай феномен Сүгірдің шәкірті - Жаппас Қаламбаевта да болды. Осы күні күйшілікті кәсіп қылған жас дары

Категория: Ән,өнер | Добавил: nauriz (08.03.2014)
Просмотров: 776 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Код *:
Мини-чат
Для добавления необходимо
войти или зарегистрироваться
Yandex жаңалықтары
Партнеры сайта
Меню сайта
Навигация
Әлеуметтану, саясаттану,мәдениеттану [63]
Бизнес, менеджмент, финанс т.б [2]
Патриоттық және мерекелер т.б [0]
Шет ел әдебиеті мен тарихы [0]
Шағын көлемді шығармалар [0]
Философия және логика [0]
Қазақ тілі және тіл білімі [58]
Елді мекендер, қалалар [0]
Агро,шаруашылықтар [0]
Қазақ халық әндері [22]
Курстык жумыстар [0]
Ғылыми жұмыстар [64]
Қазақстан тарихы [32]
Қазақ мерекелері [3]
Тарихи тұлғалар [134]
Еуразияшылдык [0]
Ашық сабақтар [50]
Қазақ әдебиеті [105]
Дүние тарихы [32]
Информатика [42]
Флипчарттар [0]
Силабусстар [0]
Астрономия [0]
Психология [0]
Переводчик [0]
Математика [0]
Педагогика [0]
Дипломдар [0]
Лекциялар [0]
География [71]
Глоссарий [0]
Биология [40]
Экология [0]
Ән,өнер [95]
Дінтану [21]
Физика [0]
Химия [0]
Құқық [0]
Еңбек [0]
Витрина ссылок
Статистика
Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Яндекс.Метрика

Лучшая рип студия!