Главная » Статьи » Ән,өнер

Қайрат Байбосынов
АЛАШТЫҢ АЙБОЗЫ

Әдетте тұлға д嬬¬ген сөз – әркімге тели беруге кел¬мей¬тін, талабы зор, айқындай түсер анықтамаға айрықша зәру, ірі атау. Бүгінде оңды-солды пайдаланып, әрін қашырып алғанмен, сөз таныған жанның назарына салмақ болатын айшықты баға! 
Қазақтың дәстүрлі профессионалдық ән өнеріне азды-көпті қатысымыз болғандықтан, нық сеніммен осынау атауға лайық заманы¬мыз¬дың аса көрнекті өнерпазы, әнші-орындаушы, виртуоз-музыкант Қайрат Байбосыновтың шығармашылық келбетіне байланысты шәкірттік шынайы ықыластан туған ризашылығымызбен қатар әріптес қауымның лебізін қағазға түсіріп отырмыз. 
Сөз қадірін білетін қазақ әнді орындау, айту дегеннен гөрі әнге салу етістігін пайдалануға бейім. Кәдімгі кірпіші, лайы, ағашы, терезесі, есігі мен едені секілді әрқилы заттарды түзіп, реттеп, жонып, септеп, құрап басқа пана болатын үй салғандай, ән де салынады. Мұң мен сағыныш, іңкәрлік пен аңсау, шалқу мен сүйіну, күйініш пен зар, екілену мен егілу бәрін-бәрін өнерпаз сезініп, сезінгенін артық алмай, я кем салмай түзіп, реттеп, жонып, септеп әнді салады. Салынған ән – жанға сая, рухқа пана болуы шарт. Жүректер бәһәр тапса, салған ән сол көңілге көлеңке болмақ. 
Сол ән салуда құдайдың ғана беретін дауыс қуатына дүниені түйсінетін түйсік пен талғам, ішкі өлшем мен өрісті өре қосылмаса, оны шың¬дай¬тын жойқын еңбекке өлермен құштарлық қозғау болмаса, осы айтқандардың біреуі олқы қал¬са, тұлғалық деңгейге жету құр қиял ғана бо¬лып қала бермек. Бұл талапқа төтеп берер өнер¬паз өте аз болады. Бізде бар. Ол – Қайрат аға! 
Шертісін, шумақ арасындағы қағыстарын бейнелеп, дауыс әуезіндегі динамикасын, орындау барысындағы сахна шеберлігін қолыңа домбыраңды ұстап өнер иесінің көрсетудей емес, қағаз бен қаламға ғана жүгініп ән жайында әңгіме өру, айрықша әншінің тұлғасын сомдау қиынның қиыны. Қаратау шертпесін суреттеп отырып Тәкен (Әлімқұлов) сынды тамаша прозаиктің "төри-төри төй-төйлеп” өзімен өзі болып кеткені секілді кәсібі бөлек оқырманға "оғаш” орамдарға ұрынуға да сөз арасында мәжбүрлік туындап жатса, айып көрмегейсіздер. 
Сонымен, бүгінде алпыстың асқарына жетіп отырған ардақты аға, аяулы ұстаз "алаштан ән оздырған”, алқоңыр әнші, қазақтың айбозы Қайрат Байбосынов жайлы әңгімелемекпіз. 
Қайрат Байбосынов – Сегіз Сері, Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Әсет, Ес¬тайлар негізін салған Арқадағы әншілік дәс¬түр¬дің өкілі. Өкілі болғанда да өзгеше өреге кө¬тер¬ген, өзіндік айшық, ерекше сипат пен ән өне¬рін әрлей түскен, ән күмбезінен кетік тауып қаланған алтын кірпіш, асқақ әнші, адуын өнерпаз. 
XІX ғасырда дамудың шыңына беттеген Арқадағы әншілік өнер қарашекпеннен шегініп, Көкшеден күнгейге таман пана іздегендей XX ғасырдың ортасына таман Қорғалжындағы Қосымжандарға (Бабақов), Баянауылдағы Қବлиларға (Байжанов), Қарқаралыдағы Жүсіп¬бектерге (Елебеков), Ақтоғайдағы Манарбектерге (Ержанов) таман ойысқандай еді. Ығысқан әннің бағы Шыңғыстың бауырындағы Жәні¬бек¬ті (Кәрменов) тапты. Өткен ғасырдың қақ ор¬тасында Орталық Қазақстанның Жаңаарқасында қобызшы Әукен ақсақалдың шаңырағында туған тұңғыш ұл Қайратқа қонды. Кейін жіліктеп жүрген өзіміз болмасақ, ән мен күйдің еншісі ортақ болатын. Тоқа мен Сүгір, Тәттімбет пен Дайрабай, Қыздарбек пен Сембектерден қалған сұлу да сырлы, сылқым да терең ойлы күйлерге тербелген бозжусанды кұба белді құнарлы өлке құймақұлақ Қайраттың болмысын жаулаған бесігі еді. Бұйымтақтың Төлеутайы, соқыр Тоқ¬пан¬дар шалған күй шалымына қозғау, құла¬шы¬на өре болатұғын. Мұхаметжанның оспа шертісі де еліктетпей қоймады. Игілік салған сырбаз ән Қайраттың сыршылдығына негіз еді. "Жынды” Әбеннің қуақылығы да ізгі жүрегіне із тастаған. 
Қайрат қалыптасқан тұс – кеңес импе¬риясының кемелденген социализмге беттеген шағы. Ленинсіз көшесі, Ленинсіз мектебі, Ленинсіз мекені жоқ бөтенді ұлықтаған менмен кезең. Тұңғыш тұғыры – Ленин атындағы мектептің жұпыны ғана сахнасы. Алайда, салған әні Жарылғапберлінің "Ардағы”. Бала түгілі бағланға бой бермейтін Біржанның "Адасқағын” салды. Дауысы шырқырап Арқаның аспанын тіліп ащы шыққан. Тұлпардан хабар берген тай¬дың аяқ алысы талайды тамсандырып, ән таны¬ғанның үмітін маздатты. Әнқұмар ауыл алақа¬нына салып "Бала Біржан” атап, қошеметке кенелді де қалды. Дабылдап атақ-даңқын облыс¬қа жайды. Одан дабысы Жүсекеңе (Ж.Елебеков) жетті. Кезінде Ілияс Омаровтай абзалдың пәрменімен "Қазақконцерт” бірлестігі жанынан ашылған эстрада студиясы шын мәнінде қазақ әнінің құтқарушысы сынды өнер ошағы еді. Ғарекең (Ғарифолла Құманғалиев), Жүсекең сынды саңлақтар ән үйретіп, сабақ берген сол студия мектеп бітірген Қайратты құшақ жая қарсы алды. Жүсекең сынды ғаламат өнерпаздың жетекшілігімен кәсіби өнер жолына келді. 
Он жеті жасар талдырмаш, нәзік бала Ал¬матыға келісімен тарамыс тартып, бойы ұзарып күрт өсе бастады. Өтпелі кезең (переходной возраст) өнер адамы, оның ішінде әнші үшін – аса жауапты кезең. Тұнық та ащы, биік дауысы құмығып, ән айтуға келмей барлығып, көз алдында сөніп бара жатқандай. Студия ұстаздарының біразы Қайратты кәсіби жарамсыз (профессиональный негодный) есептеп, домбы¬раға қолы жүйрік бозбаланың күйге ауысқанын жөн көріп, әншілігінен күдер үзе бастаған. Студияда оқып жүрген барлық шәкірттерге ортақ қарайтын ақниет ұстаз Ғарекең ғана үмітін үзбей: "Құдай бергенін алатындай бейкүнә жет¬кін¬шекте не жазық бар” деген болатын. Ғаре¬кеңнің сөзі қамшы болды ма, жарты жылдан астам уақыт Жүсекең Қайраттың дауысына салмақ салмай, ән мәтіндеріне ғана салып, саяқ шалдырып, қамшы салмай баяу баптады. Дом¬бырасына көбірек көңіл бөліп, бөлекше қараған. Қатты қобалжып, қоңырайып жүрген таби¬ғатында момын, біртоға Қайрат үшін осы бір кезең аса азапты еді. Есту қабілеті өте күшті, қабылдауы жылдам, музыкалық дарыны, ырғақ¬ты сезінуі аса жоғары Қайраттың әнді үйрену қарқыны курстастарынан оқ бойы алда болатын. Алайда дауысы қалып таппай әбден зарықтырды. 
Күндердің күнінде Қайраттың дауысы ән айтуға жарап қалған сыңай берді. Бірақ бұрынғыдай ашық, ащы емес, қоңыр, күмбірлі, кеудесінен гүрілі араласқан әуезі бөлек дауыс боп шықты. Жүсекең болса: "Қалиым мен Қосым¬жаным тірілетін болды”, – деп мәз. Сөйтті де Қалидың репертуарындағы әндерге Қайратты баули бастады. Әнсүйер қауым тосын да тың, әуені бөлек, бітімі басқа әншіні тапты. "Бүркіт¬бай”, "Ақылбайдың әні”, Жаяу Мұсаның "Сапа¬рын”, Мәдидің "Қаракесегін” тыңдаған жұрт ерекше әншіні көріп айрықша тамсанысты. 
Келер жылы жазда Жаңаарқаға жазғы демалысқа келгенінде Қайратты жас дәрігер ағасы Әбдікәкім (Ақмурзин) әкесі Ақмағамбет әншіге ертіп барды. Ән жинаудың қызығына түсіп алған Қайрекең шалғай ауылдағы өнерпаз ақсақалдың алдында айрықша шабытпен ән салған. Сол жолы Ақмағамбет ескіден келе жатқан бір әнді үйрету үстінде Қайраттың қоңыр да қуатты дауысына тамсанып, өз жанынан бір шумақ сөз қосып: 
"Қайратжан, осы ән дұрыс дауысыңа, 
Қарағым, үйреніп ал, ауырсынба! 
Ұмытпай елу бес жыл алып келген, 
Қарай гөр, кәрібоздың шабысына”, – деп сілтеп еді. 
Қазақ кино өнеріндегі тамаша туынды Сұлтан Қожықовтың "Қыз Жібек” фильмінің музыкасын жазу барысында өнер тарланы қадірлі Нұрағаңның (Н.Тілендиев) сұңғыла көзі Қайратқа бірден түскен болатын. Негізінен фильмге "Қыз Жібек” опе¬расындағы музыкалық шығармаларды пайдаланған Нұрағаң, сондай-ақ Тоқаның "Саржайлауын” "Көш керуенге” арқау етіп, Тілендінің "Аққу” күйін, өзінше түрлендіріп, Көшеней Рүстем¬бе¬ков¬тің көмей сарынын, Кеңес Бақтаевтың орын¬дауындағы "Шегені”, т.б. жауһарлар жиынтығын шебер пайдалана келе, фильмнің ең бір өзекті тұс¬тарында "Ақылбайдың әнін”, Ахмет Бай¬тұр¬сыновтан "Қаракөзін”, қысқа да болса ұтымды, Игілік Омаровтың термесінің әуені мен "Гәкку” әндерін Қайрат орындауында фильмде қолдануы ерекше табысты шықты. "Қыз Жібек” фильмі Қазақстанды дүр сілкіндірген ғаламат оқиға болды. Жаңа кинодағы жаңа әншінің ерекше үні де елді елең еткізген. Сонымен алаш даласын әнге бөлеген жас Қайратты бүкіл қазақ баласы таныды. 
Қайрат шығармашылығындағы тағы бір кезең – 70 жылдар ортасында Қазақ радиосында редакторлық қызмет атқарған тамаша сазгер, қазақ әнінің жоқтаушысы, музыка зерттеушісі, жазушы Ілия Жақановпен шығармашылық одақ құруы еді. Бұл одақтың қазаққа бергені ересен десе болғандай. Көмескі тарта бастаған әндерді тауып, қайта жандандыруға Қазақ радиосындағы лауазымын, өз басының абырой-беделін жұмсап, айрықша қажыр салған Ілағаңның Қайрекеңе арқа сүйеуі өте жемісті болды. "Алтын қордағы” Игібай Әлібаев, Байғабыл Жылқыбаев секілді дәстүрлі дәулескер¬лердің мұрасына Қайраттың қолын қақпай бойлатқан да Ілағаң. Қайраттың таңертең салған әні кешке қазақ даласына тарап, бөгетсіз салтанат құрды. Қайрекең Игілік Омаров сынды ұстазы салған "Арқа аруы”, "Жайлаукөл кештері” секілді бұрын айтқан әндерін енді әрі қарай "Әселім”, "Асылым”, "Еділ мен Жайық” сынды әндерге ұластырды. Домбыра сүйемелінде жаңа ырғақ, то¬сын тәсілдер тауып, ойнақы өрнек, озың¬¬қы кейіп жасап тыңдаушысын тәнті етті. К.Са¬лықов, Ж.Әл¬ім¬ханов, М.Егінбаев, М.Жанболатов және т.б. әуесқой сазгерлердің әні Қайраттың дауысымен алаштың рухани азығына айналды. Жүректерге жол тапты. Жалпы, қазақта тап Қайраттай өзіне еліктіріп, тұлғасына тартқан әнші кемде кем. Олай дейтініміз, сол тұста домбыра ұстап ән салған¬дардың ішінде Қайратқа еліктемеген әнші аз еді. Қайрат секілді жуан дауыспен әнді сырбаз салатын әншілер (табиғатында дауыстары жіңішке болса да) Оралдан, Семейден, Шымкенттен, Атыраудан, Жамбылдан, Торғайдан, Қызылордадан және бас 
қа да қазақ даласының бұрыш-бұрышынан бой көрсете бастады. Тіпті жауыннан кейінгі саңы¬рауқұлақтай қаптап кетті десе де болады. Мәселе еліктеуде де емес. Мәселе ұлттық өнердің қадірін түсірген, қазақылықты қалыңқылық деп түсіндірген кеңестің жымысқы идеологиясы Қайрат шашқан өнерге кедергі бола алмағанында. Сол тұста тексізденуге қарсы күресуге жараған қазақ әнінің қуаты Қайрат шығармашылығы арқылы өрнек тапқан еді десе де болады. 
Қайсыбір тұста дәстүрлі классикалық қазақ әнінің принциптік бағытына бөтендеу көрінген Қайрат репертуарындағы заманауи минорлы әндер мен жаңаша мәнер замана үніне жадыланған құ¬лақтарды ұлт шұрайына, домбыра үніне бейім¬деген аралық рөлді атқарды десе де болғандай еді. 
Ел ықыласы Қайратқа ерекше болатын. Жүрген жерінде жаңа әндерді жинай жүрді. "Гүлдер” ансамблінің құрамында қазақ даласының қойын-қонышын аралады. Үкілі бөркімен жарқ етіп сахнаға шыға келген сұлу қазақты шетелдіктер де тамсана тамашалаған еді. 
Сахнада Қайрат ән салып тұр. Әбден меңгеріп алған. Аптығу жоқ. Саспайды. Бірақ салғырт емес. Сабырлы. Бірақ, қайсыбір әншідей қою аяқ та емес. Әнінің басы мен аяғы тұтас, жұмыр. Әп-әдемі бастаған әнін әрі апара алмай милығып қалу оған жат. Жүсекең айтпақшы, салған әнін "сиыр бас, қой аяқ” шата дүние етіп алатын Қайрат емес. Себебі, бес қаруы түгел. Оған ешкімде жоқ үн берген тәңір оған әдемі түр берген. Ілкімді түйсік, икемді саусақ, кең тыныстан шыққан әнінен самалы жұпар дала келеді көз алдыңызға. Самал екпіндеп желге ұласып, жусанды тербейді. Жусан иісі қолқаңды қауып, жансарайыңды ашпақ. Егіледі, екіленеді, сезіміңді қытықтайды. Есіріп, құтыратын кезі және бар. Қысқасы, Қайрат-шебер! 
Әндегі биік ноталардың талабы түсінікті, әдетте сырт көзге дәстүрлі әншінің қуаты, дауысының пашы, сол биік ноталарда бой көрсетпек. Көбіне төменгі регистрдегі дыбыстар "жол-жөнекейлік” рөлге ие. Ал Қайрат орындаған әнде бұл жәйт қалпын бұзған деуге болады. Үн қуатының төменгі регистрде кемуі заңды құбылыс. Ілуде шалу әншінің әншісі болмаса, әдетте төменгі регистр біраз өнерпаздың "абыройын төгіп” кететіні болады. Осы бір заңдылыққа ере¬гіскендей Қайрат үнінің бояуы әлгі сындарлы тұста тіпті қаныға түседі. Үн көлемі толығып қана қоймай, қоюы маңызданып, тыңдау¬шының қыбын қандыра, қобыздай күңіренеді. 
Үкілі Ыбырайдың "Толқынын” орындаға¬нында бұл шеберлік шегіне жете түседі. Ауыздан ауызға жеткен Ыбырайдың әнін кезінде Уәлидің Майрасы сырнаймен шырқапты. Жалпы дыбыс шығару спецификасында сырнай қобызбен туыс. Екеуінде де үн үзілмейді. Қобызда қияқпен сызылатын үн, сырнайда желқабыздан үзілмей үдейді. 
Сырнаймен ән салатын Майраның назарына түсіп, оңтайына келгендіктен "Толқынның” әуе¬нінің түп-тамыры қобыз сарындарына меңзейтінін болжасақ қисынсыз емес секілді. Сол әннің Қай¬раттың тынысының тыңнан ашуын кез¬дей¬соқ тану да орынсыз. Қобыз әуенді қоңыр әнді Қайрат салғанда "Толқын” мүлдем өзге әр, бөтен әдіп тауып ән танығанның таңдайын қақтырады. 
"Толқынды айту керек жайлап қана” деп басталатын ән төменгі регистрде баяу тол¬қын¬дап, тұншықпай лекіп, лықсып салынуы шарт. Қайрекең солай салады. Сосын "өзінің нақы¬шымен сайрап қана” деп, әуен қайталанып, дауыл алдындағы тымыр¬сықтай, қуатын ішіне бүгіп қалықтатады Қайрат аға. Ортаңғы ре¬гис¬тр¬ге өтерде жарқ етіп: "Дариядай шалқып жат¬қан, аха-хау, болмаса да”, – деп демін өк¬песіне толтырып алады да, "Бұлақтай-ау” деген жерінде аттың басын қоя беріп, дауыстың бар қуатын төге "көзі шыққан” деп басып қалғанда, құлақ тұндырар күшті дауысқа куәгер боласыз. "Хала-ла-ли-лилалау” деп ойнақтатып, қолды-аяққа тұрғызбай ән жалауын желбірете, дүр¬сілдетіп шаба жөнеледі де, "қайнап қана әй-ги-ги-гәй-гилейтін” тұсында домбыра қағысы көз ілес¬тірмей боран¬датқан кезде жаныңызды ұрты¬ңыз¬ға тығып, әй, бір бебеулетеді дейсіз… "Тағ¬рипқа тілім қысқа, аһ!” демекші, ән өрнегін суреттеуге сөз дәрменсіздік етеді. Қысқасы, тыңдау керек. 
Енді бірде ел ішінен Ілағаң тауып әкелген Біржанның "Айбозым” әнін салды. Ән шерлі шертіспен басталады. Жасынан жадына Мұха¬мет¬жан күйшіден сіңісті болған "Тоқаның төрт толғауы” саусағына орала кетіпті. Тағы да қобыз сарынды қоңыр күй. Салдың көкейіндегі мұңға Тотанның зары қабыса қалған. Құлақкүй бітер-бітпесте "айбозым, айхай, бозым” деген жабы¬ғыңқы жуан, қоңыр дауыс күңіреніп, боздап басталып күрсіне тыныстайды. "Жер шалғай жете алмадым, ей” деп жалғасқан ән "жалғыз өзі” деген тұсында кібіртіктеп, әр буыны ежеленіп барып, артынша егіле емінеді. Жаратқанынан жәр¬дем сұраған, дәурені өткен дәрменсіз салдың жүрекжарды жалынышын сезіне боздатқан айбоз-әншінің шеберлігіне сүйсіне отырып, "алды-үміт, арты-өкініш алдамшы өмірдің” мә¬ні¬не түйсінетіндейсің. Қайрат қазағына әнмен сый тартады. Алайда "ойсыз құлақ ондай сыйды алуға дәрменсіз”. Айналып келіп тағы да Абайға жүгініппіз: 
"Шырқап, қалқып, сорғалап тамылжиды. 
Жүрек тербеп, оятар баста миды. 
Дүниенің қызығы бәрі сонда, 
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды”. 
Адамның дауысы жасына орай құбылатыны болады. Қайраттың бала кезіндегі альт дауысы, тенорға соқпастап баритоннан өте жуан "бас” дауысқа жете-мете бірақ тоқтады. Қазақта жиі кездесе бермейтін дауыс бояуы бұл. Көбіне биік дауысқа (тенорға) бейім қазақтың классикалық кәсіби әндерін салуға жуан дауыс қолайсыздау келеді. Гүрзі шоқпарды жеңіл қайқы қылыштың тәсілімен пайдаланғанға алапат күш, ерекше икем керек емес пе? Ендеше, сол шеберлік Қайратқа бұйырыпты. Жасында тісінің арасын ашпай өте жуан салған "Сапар” (Ж.Мұса), "Ақылбайдың әні” секілді дүниелердің әсері тыңдаушыға ғажап күй сыйлайтын. Кейін төселе келе Кәкімбек Салықовтан үйренген Үкілі Ыбырайдың "Гәккуінің” жаңа нұсқаларында үні ашаң тартып, жаңа бояумен жаныға жар¬қылдайды. 80-жылдардың басында Қайрекеңнің дауысы тенордың "огородына” (бағына) бір кіріп, бір шығып тыңдаушысын тағы да тәнті қылды. Осы тұстарда "Шалқыма”, "Аңшының әні” секілді көптеген әндерді орындауы бір алабөтен кейіпке кіріп алғандай әсер береді. 
Қайрекеңнің қызметі әртістік болатын. Бүгінгідей ел танып, жұрт керек етсе, қасынан табыла кететін продюсер немесе бабыңды кел¬ті¬ретін имиджмейкердің, импрессарионың зама¬ны емес, ол кезең "Темір етікті теңгедей, темір таяқты тебеңдей ететін” жоспарлы гастрольдер, мазасыз сапар, мардымсыз жиындарға толы уа¬қыт еді. Құрметтісіне жайылған жаһил заманның дастарқаны да әншіге зиянды, бабына ауыр еді. "Ел қыдырған есер шақ” есесін алмай қоя ма? Табан тоздырар гастрольдер денсаулығына әсер етіп біраз уақыт жүрегі сыр беріп қойды. 
1987 жылы Алматы мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерватория қабырғасында "халық әні” бөлімі ашылып ұстаздық қызметке ауысқанда ғана Қайрекең уһ деп демін алғандай еді. Жылдар бойы жинаған тәжірибесін, ұлан-ғайыр репертуарын, жазылған үнтаспаларын сараптап, реттеп жас буынға аманаттайтын орнықты, ұлағатты кезеңі басталды. 
Жоламан Күржіманов, Рамазан Стамғазиев, Айтбек Нығызбаев, Ерлан Стамғазиев, Ербол Айтбаев, Ерлан Шүкіманов сынды жүздеген шәкірттер бүгінде қазақ әнінің жалауын желбіретіп, бағын аспандатады. 
Бүгінде Қайрат аға астаналық болған. Му¬зыка академиясының профессоры. Кейбір шәкірттері өзімен Астанаға ере келіпті. Ұстазын қимағандықтан деп білдік. Жарылғапбердінің "Топайкөгіндегідей” "Әнді ерттеп, күйді мінген ардагер әнші” шәкірт баптап, әнін салып алашына қызмет етуде. 
Жақында Қайрат ағамен "Нұр Астана” ме¬шітінде кездесіп қалдым. 
– Ассалаумағалейкум, аға! – деп ұстазыма құрмет көрсетіп, қос қолдап амандастым. 
– Уағалейкумассалам рахматуллаһ уә бә¬рә¬кәтуһу, – деп әзілқой аға өзіне тән риясыз күл¬кісімен қымсына күлді. Бес намазын түгел¬депті. Намазымызды оқыдық. Ұстазым сәждеде. Жуан әдемі дауысымен күбірлейді. Тәңірге алғысын, шүкіршілігін айтып, дұға қылып жବ¬¬тыр. Ба¬қытты, құрметті, аяулы жанға неткен жа¬расымды еді. "Алла қабыл еткей” дедім ішімнен.

Бекболат ТІЛЕУХАН.

Категория: Ән,өнер | Добавил: nauriz (08.03.2014)
Просмотров: 839 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Код *:
Мини-чат
Для добавления необходимо
войти или зарегистрироваться
Yandex жаңалықтары
Партнеры сайта
Меню сайта
Навигация
Әлеуметтану, саясаттану,мәдениеттану [63]
Бизнес, менеджмент, финанс т.б [2]
Патриоттық және мерекелер т.б [0]
Шет ел әдебиеті мен тарихы [0]
Шағын көлемді шығармалар [0]
Философия және логика [0]
Қазақ тілі және тіл білімі [58]
Елді мекендер, қалалар [0]
Агро,шаруашылықтар [0]
Қазақ халық әндері [22]
Курстык жумыстар [0]
Ғылыми жұмыстар [64]
Қазақстан тарихы [32]
Қазақ мерекелері [3]
Тарихи тұлғалар [134]
Еуразияшылдык [0]
Ашық сабақтар [50]
Қазақ әдебиеті [105]
Дүние тарихы [32]
Информатика [42]
Флипчарттар [0]
Силабусстар [0]
Астрономия [0]
Психология [0]
Переводчик [0]
Математика [0]
Педагогика [0]
Дипломдар [0]
Лекциялар [0]
География [71]
Глоссарий [0]
Биология [40]
Экология [0]
Ән,өнер [95]
Дінтану [21]
Физика [0]
Химия [0]
Құқық [0]
Еңбек [0]
Витрина ссылок
Статистика
Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Яндекс.Метрика

Лучшая рип студия!