Главная » Статьи » Қазақстан тарихы

Қазақтың ұлы хандары
Қазақтың ұлы хандары 

Алдым жалын, артым өрт ... 
Жәңгір хан

Жәнібек және Керей сұлтандар басқарған қазақ хандығы XV ғасырдың ортасында жаңа қазақ мемлекетінің негізін қалай бастады. 
Қазақтың алғашқы Бас ханы болып Керей сайланды. Ол Жәнібек хан екеуі Қазақ хандығының аумағын ұлғайтуға барынша атсалысты. Қазақ хандығының тарихы XV ғасырдың ортасынан басталады. 
Сол күрделі заманда Өзбек, Сібір, Ноғай хандықтарының құрамындағы әртүрлі көшпенді ру-тайпаларды бір тудың астына біріктіріп, қазақтың дербес мемлекетін құру осы Ұлы хандарға оңайға түскен жоқ. Қазақ хандығын құруда Керей және Жәнібек хандармен қатар, елді бірлікке шақырып, ұлттық идеямыздың негізін салған рухани жетекшілер - ноғайлыдан шыққан Асанқайғы, кердері Қазтуған және т.б. ақын-жыраулардың маңызы зор болды. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізі сол кезде қалыптасқан еді. Қазақтың хандығын құрып, мемлекеттің іргетасын қалаған осындай Ұлы тұлғалар әлі күнге тарихи бағасын ала-алмай келеді. Көптеген елдерде мемлекеттің негізін салған ұлы тұлғаларға қалалардың, университеттердің аттарын беріп, ескерткіштер орнатып жатады. Себебі, мемлекеттің негізі сол тұлғалардың есімімен байланысты. Мысалы, АҚШ астанасы осы елдің негізін салған Дж.Вашингтонның есімімен аталады. Біз де қазақ хандығының негізін салған ұлы қайраткерлерге Петропавл, Павлодар сияқты қалалар мен университеттердің аттарын беріп жатсақ – ол мемлекеттің беріктігін қамтамасыз етуге және төл тарихымызды түсінуге үлкен көмек болар еді. 
Қазақ хандығының шекарасын ұлғайтып, іргесін бекітуде Жәнібек ханның ұлы Қасым ханның орыны ерекше болды. Оның маңына бір миллионнан астам адам жиналып, сарбаздарының саны 300 мыңға жетті. Ол ел басқарған тұс қазақ даласындағы хан билігі берік, ең беделді және жер көлемі кеңейген кез еді. Қасым хан Қазақ хандығының жерін солтүстік-батыста, солтүстікте және оңтүстікте кеңейте түсіп, мықты көрші мемлекеттермен тең байланыс орнатты. Хайдар Дулати оның Дешті Қыпшақта толық билік жүргізіп, Жошы ханнан кейінгі ең беделді және айбынды хан болғанын жазады143. 
Сонымен қатар, ол "Қасым ханның қасқа жолы” деп аталатын дала заңдарын шығаруымен тарихта қалды. 
Хандық билікті күшейтіп, қазақтың жерін кеңейту жолында хан Қасымның ісін жалғастырған оның ұлы Хақназар болды. Хақназар ханның саяси күші қазақ қоғамын біріктіруге және оны сыртқы жаулардан сақтауға бағытталды. Ол Ембі мен Жайық бойын қазақтарға қайтарып, батыстағы шегараны ұлғайтып, көрші ноғай және қырғыз халықтарына өз билігін жүргізді. Сондықтан да оны әр кезде "қазақ пен ноғайдың ханы” 77 және "қазақ пен қырғыздың ханы”143 деп атады. Ол Мәскеуге өз елшілерін жіберіп, Ресеймен тұрақты дипломатиялық қатынастар орнатты және Бұхараның ханы Абдулла-ханмен "достық одаққа” қол қойып, онымен де әскери одақта болды74. 
XVI ғасырдың аяғында Қазақ хандығының саяси тұрақтылығын күшейтудегі және Сырдария бойындағы қалаларды қазақ жеріне кіргізудегі жетістіктер Тәуекел ханның атымен байланысты. Ол шайбанидтермен соғысып аз уақытта Сайрам, Ташкент, Түркістан, Андижан, Самарқан қалаларын басып алды. Соңынан олардың алдыңғы үшеуі қазақ хандығының құрамында қалды. Тәуекел хан өзінің бір баласын қарақалпақ елін басқаруға қойса, інісіне қалмақтарды басқартты2. Сонымен қатар, Тәуекел хан Үндістан жеріндегі Ұлы Моғол мемлекетінің ішкі істеріне араласып, онда мемлекет басқару ісіне өз адамдарын қоя білді106. Бұхар хандығындағы тарихшы Хафиз-и Таныш Тәуекел хан туралы, "ол дүниедегі ең батыр, батыл және ер, сонымен қатар, Дешті Қыпшақа даңқты болды” деді143. 
Қазақ хандарының ішінде тарихта өшпес із қалдырған хандардың бірегейі Жәнібек ханның шөбересі Есім хан болды. Ол Бұхарды билеген Аштарханидтермен және ойраттармен Сырдария бойындағы қалалар мен оазистер үшін шайқасып Түркістан қаласы мен қала маңын қазақ хандығына қаратты. Содан кейін екі жүз жыл бойы Түркістан қаласы қазақ хандығының астанасы болып, басты саяси орталыққа айналды. Соғыстағы ерліктерімен қатар, Есім хан халық жады мен жалпы тарихта "Есім ханның ескі жолы” деп аталған дала заңымен әйгілі. 
Есім ханның немересі Тәуке хан жоңғарға қарсы көрсеткен ерлігі мен талантты қолбасшылығы үшін қазақтың бас ханы болып сайланды. Әскери күшінен гөрі ақылы мен шешендігі және күрделі дауларды әділ шешкені үшін оның беделі үш жүзді біріктіре алды97. Үш жүзді біріктіру жолында ол әртүрлі тактикалық әдісті тиімді пайдалана білді, оның ішінде елді басқаруда Орта жүзде Қазыбек биге, Кіші жүзде Әйтеке биге, Ұлы жүзде Төле биге сүйенді. Тәуке ханның отыз жыл хандық құрған кезі халықтың есінде "алтын ғасыр” немесе "Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” кезең болып сақталды. Тәуке хан көшпенді қазақ халқы құқықтарының жинағы, атақты "Жеті жарғының” авторы154. 
Әбілқайыр билік басына қолбасылық дарыны мен басқа да ерекше қасиеттерінің арқасында 1710 жылы, "ел басына күн туған” қазақтың жоңғармен, Еділ қалмақтарымен, башқұрттармен және жайық казактарымен соғыс жағдайында тұрған кезінде Кіші жүздің көптеген рулары мен Орта жүздің бір бөлігінің ханы болса, соңынан қазақтың бас ханы болып сайланды70. Ол жанына Есет, Бөгембай, Жәнібек батырларды топтастырып, қазақ жүздерінің ішінде беделді ханға айналды. 
Қазақ халқының тарихындағы 1723 жылдан басталған ең қайғылы "Ақтабан шұбырынды” кезінде хандар мен билердің ішінде Әбілхайыр хан ғана аз уақытта әртүрлі рулар мен тайпаларды біріктіріп, жоңғар әскеріне тойтарыс бере алды. Сүйтіп ол ұлт азаттық қозғалысының жетекшісіне айналды. Ордабасыдағы үш жүздің басшылары жиналған халықтық жиын Әбілқайырды қазақ әскерінің бас қолбасшысы етіп сайлады. Ол басқарған үш жүздің әскері Аңырақай мен Бұлаңты шайқастарында жоңғармен болған екі жүз жылдық соғыстағы ең ірі шешуші жеңістерге жетіп, қазақ жерін қалмақтардан тазартып шықты. Оның ішінде Аңырақай шайқасының орыны бөлек. Әр халықтың тарихында оның мақтан тұтатын жеңістері болады. Ол ағылшындарда - Ватерлоо, орыстарда – Бородино алаңы болса, біз үшін Аңырақайдың да маңызы ерекше. Әбілқайыр хан қолбасы ретінде Шыңғыс тұқымдарының ішінде Батый, Жошылармен қатар тұрады. Балқаш көлінің оңтүстігінде, Алакөл шығанағы тұсындағы таудың "Әбілқайыр-Сұңғайты” және Тараз қаласының шығысындағы үлкен сайдың "Әбілқайыр” аталуы оның халық есінде мәңгі қалғанының белгісі. Бірақ, Аңырақайдағы жеңістен кейін қазақтың ханын сайлау кезінде осы ұлы қолбасшы Шыңғысханның кезінен келе жатқан "дала дәстүрінен” Ақсақ Темір сияқты асып кете алмады. Қорытындысында елдің қамы емес, әрбір жүздің қамын ойлаған билердің айтқаны болып, жігерсіз Сәмекені хан сайлады. Одан кейін басшыдан айырылған қазақтың әскері ыдырап, қалмақтар Еділге дейінгі бұрынғы билігін қалпына келтірді. Ел тағдыры қыл ұшында тұрған кезде қазақ хандығының тізгіні ру-жүздің мүддесін елдікінен жоғары қойған билердің қолында кетуі біртұтас халық пен оның мемлекеттік институттарының қалыптаспағанын көрсетеді. "Алтау ала болғанның” күні осы. Содан бері біздің ұлттық санамызда не өзгерді? 
Әбілқайыр хан қазақ жерін жоңғардан азат етумен бірге, қазақ елінің іргесін солтүстік-батысқа және солтүстік бағытқа кеңейтіп, оған Жайық, Елек, Есіл және Тобыл өзендері аймақтарын қосты. Ол сонымен қатар, башқұрт, қалмақ және жайық казактарының қарулы шабуылдарына тойтарыс беріп, Даладағы көшпенді рулар арасындағы алауыздықты тоқтатты. 
Әбілқайыр хан мықты қолбасы ғана емес, сонымен қатар, алыстан ойлайтын саясаткер де. Жоңғарлармен және солтүстіктегі көршілермен жүріп жатқан көп жылдық қанды шайқастар Даладағы билік жүйесін реформалауға, көшпенді қоғамды модернизациялауға және қорғаныс күшін нығайтуға мәжбүр етті. Қазақ қоғамында Бас ханның институтын бекітіп, оны көшпенділер қоғамындағы интеграциялық процесстердің тиімді құралына айналдыру қажет болды. Оның билік жүйесін өзгертуде өзара байланысты үш ұстанымы бар еді. 
1). Хан атағы қазақ қоғамындағы Жошы тұқымына жататындардың біреуіне ғана беріледі. 
2). Бас ханға толық билік құқы беріледі. 
3). Жоғарғы атақтар Бас хан мен оның отбасы мүшелеріне ғана берілуді жүзеге асыру70. 
Әбілқайырдың бұл ұсынысы (инициатива) көшпенділер қоғамына екі мың жылдай кешігіп келген жаңа жүйе еді. Хан бақилық болғаннан кейін оның бірнеше әйелінен туған ұлдары билікке таласып, амалын тапқаны қарсылас бауырларын өлтіріп тынатын. Атилладан қалған 168 ұлдың арасындағы билікке талас, ол құрған империяның ыдырауына себеп болса, бұл теріс үрдіс әсіресе Алтын Орданың соңғы кезеңінде шарықтау шегіне жетіп, бір жылда билік басына бірнеше хан келген уақыттар да болды. Ұлы далада "қан сасыған хан сарайы” деген осыдан қалған. 
Қазақ хандығын дамыту жолындағы ішкі саяси жағдайды жан-жақты ұғынған және сол кездегі күрделі геосаяси жағдайды ескерген Әбілқайыр хан қазақтың Ресей құрамына өз еркімен кіруінің (протекторат) инициаторы болды. Ол қазақ халқының үш ғасырға созылған күрделі тағдырын анықтаған шешім еді. Сол кезде Қазақ хандығы Ресейдің құрамына кірмей өздігінен өркениетті елдердің қатарына қосылатын мүмкіндігі болды ма? Бұл үш ғасырдан кейін де маңызын жоймаған сұрақ. 
Бұл дұрыс шешім болды ма, әлде теріс пе деген сауалға әлі күнге дейін ғалымдар мен саясаткерлер толық жауап бере алмай келеді. Мүмкін толыққанды жауап табылмайтын да болар. Ресей мемлекетінің тұрақты көмегінсіз Даладағы ханның билігі қазақтың үш жүзінің басы бірігіп, ұзақ уақыт тұрақты дамуы екіталай екенін түсінді. 
Қазақтың ханы ретінде Әбілқайыр өзінің тарихи миссиясын қазаққа жарқын жол көрсету деп түсінді. Өз ойын ресейдің императоры Елизавета Петровнаға жазған хатында, "бұл дүние ешкімге, соның ішінде маған да мәңгі емес, сондықтан мен балаларым мен өзімнің қырғыз-қайсақ (қазақ) халқыма соңынан олар пайдаланатын бір жол қалдырғым келеді” деген112. Оның есімі қазақ тарихында елдің ішкі және сыртқы саяси проблемаларын шешкен Даланың ірі саяси қайраткері және әскербасшы ретінде ғана емес, сонымен қатар Еуразия кеңістігіндегі болашақ қазақ тарихының дамуын дұрыс болжап, оған өз халқын дайындай білген халықаралық дәрежедегі стратег ретінде қалды. Ол қазақ халқының сол кездегі түйінді мәселелерін саралай келіп, еуропа өркениетіне бағыт алуға шешім қабылдады. Ол туралы Ы.Алтынсарин, "... Әбілқайыр қазақтарға адамзат өркениетіне апаратын жаңа жол, қайырымдылық пен бақыт жолын көрсететін ерекше дәуірді ашты. ... Біз оған: Әбілқайыр – сен о дүниенің де патшасы бол, сенің есімің қазақтардың есінде мәңгі қалсын демекпіз” деген екен13. 
Әбілқайыр жүргізген саясатты, қазақтың ұлы ханы Абылай одан әрі жалғастырды. Ол туралы Ш.Уәлиханов: "Сол қантөгіс заманда сұлтан Абылай басқалардан ерекше көрінді. Ол қатардағы әскерден бастап сол кездегі барлық негізгі соғыстарға қатысып, онда өзінің ерекше батырлығымен және айлакерлігімен көзге түсті. Пайдалы кеңестері мен стратегиялық шешімдері оны даналардың қатарына қосты” дейді44. 
Ойраттар ішінде билікке талас соғысқа ұласқанда, Абылай көтерілісші нояндар - Әмірсана мен Дауациді қолдау арқылы, өзара соғысқан жоңғардың күшін солардың қолдарымен әлсіретті. Сүйтіп олардың шайқасы солтүстікке ығысқанда қазақтың көшін Ертістің сағасы мен Зайсанның жайлауына көшіріп апарды. Сонымен, біріншіден, қазақтың жерін кеңейтті, екіншіден, жоңғарды өзіне өзін қарсы қойып әлсіретті. Сол кездегі саяси жағдайды тиімді пайдаланды39. Соңынан манчжур әскері жоңғарды қирата жеңгенде, Абылай өз әскерін ойраттардың қонысынан шығарып, Циндардың жағына шықты. А.И.Левшиннің дәл анықтауы бойынша, "ол мақсатын өзгертпей, одақтастарын ауыстырды”97 және сол жағдайды пайдаланып бұрын жоңғар хандарының қарамағында болған Жетісудың Солтүстік-Батысы мен Тарбағатайға Орта және Ұлы жүз қазақтарын көшірді. Цин империясы Жоңғар хандығын жойып жібергеннен кейін қазақ халқы өте күрделі геосаяси жағдайда қалғанда Абылай саяси және әскери дарынымен бірге, көреген дипломаттық қырын таныта білді. Ол бұрын Ресейге ант бергенімен, енді қытай богдахандарының қамқорлығын қабылдап, осы екі ел арасындағы қайшылықтарды қазақ хандығының саясатын жүргізуге пайдалануды ойлады142. Бірақ, осы қос бодандық немесе сол кездегі көпвекторлы саясат түбінде қазақ хандығының сыртқы саясатына тиімді болған жоқ. Ол XIX ғасырда Шығыс Түркістанды Қытайдың басып алып, құрамына кіруін тездетті. Елді басқа елдің бодандығына (әскери, экономикалық, саяси және т.б.) апаратын қандай да саясатты дұрыс деп айтуға болмайды. 
Қазақ хандығының оңтүстіктегі жағдайын түзету мақсатында Абылай хан Тянь-Шань қырғыздары мен Фергана басшыларына қарсы жорық ұйымдастырып, Түркістан қаласының маңайы мен Ташкентті қазақ жеріне кіргізді. 
Абылай хан айналасына заманының ұлы ақындары - Бұхар жырау, Тәттіқара, Үмбетей жырау және батырлары – Қабанбай, Бөгембай, Тайман, Наурызбай және т.б. жинау арқылы халқын біріктіріп, сарбаздары мен батырларының рухын көтере білген ұлы елбасшы болды. "Тағдыр кейде алдын, кейде артын береді” деп Асанқайғы бабамыз айтқандай, Абылай хан дүниеден өткен соң қазақтың батырлық дәуіріндегі дәстүрлер тарих үлесіне кетті. Абылай хан қазақ халқының санасында ұлы істерді атқаруға жіберген аруақ ретінде сақталды44. Әбілқайыр мен Абылай хандардың жүргізген сыртқы саясаттары бүгінгі Қазақстан үшін де маңызын жойған жоқ. Олардан кейінгі екі ғасырдан астам уақыт ішіндегі бодандық, "Зар заман”, Қазан төңкерісі мен қазақтардың шет жерге жаппай көшуі (екінші "Ақтабан шұбырынды”), 1921-1924, 1929-1938 жылдардағы ашаршылық, жаппай қырғын мен саяси қуғын-сүргін, тоталитарлық жүйе т.б. осының бәрі Әбілқайыр мен Абылай хандардан кейінгі қазақ халқының ауыр да қасіретті тарихы. Енді тәуелсіздік алған еліміздің геосаясаты мен экономикасын дамытуда біз "баяғы жартас, сол жартас” болып қалмай, өткен тарихымыздың сабақтарын үнемі естен шығармауымыз керек. 
1743 жылы қалмақ тұтқынынан хан Абылайды босатып жатып Галден Церен оған үш сұрақ қояды: «Сендерде қой көп пе?» деп. Оған Абылай: «Көп» дейді. Сонда Галден «Демек, қойшы өтірікші, қойлар - ұры. Сендер ешқашан ұсақ даудан құтылмайсыңдар, - дейді де, - сендерде жылқы мен сиыр көп пе?» деп екінші сұрағын қояды. Абылай бұл сұраққа да «Ия, көп» деп жауап береді. Сонда Галден айтады. «Сенің халқың еңбек етпей етке тойып, қымызға мас болатындықтан ұрпақтарың сауатсыз болады. Сенің халқың егін еге ме?» дейді ақырғы сұрағын қойып. Абылай, «Жоқ» деп жауап береді. Галден оған: «Жерге орнықпаған халық отанын тапқанша талай рет басқа жерлерге тарап атамекенінен қуылады» депті175. 
Қазақтың атақты билері Төле мен Қазыбек хан Абылайдың замандастары. Қалмақта жатқан тұтқындарды босатып алуға барған Қазыбек би Қоңтәжі ханға: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген, дәм-тұзды ақтай білген елміз. Асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса күң боламын деп тумайды! Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз ... » деп тұтқындарды босатып алыпты36. 
Абылайдан кейін қазақ тарихында өшпес із қалдырған хандар - Кенесары Қасымұлы, Бөкей және Жәңгір Бөкейұлы. 
Абылайдың немересі Кенесары XIX ғасырдағы патшаның отарлау саясатына қарсы жиырма жылға созылған қазақтың ұлт-азаттық қозғалысын басқарды1,31. Оның армиясының құрамында үш жүздің батырлары мен сарбаздары және Нысанбай, Қожаберген секілді халықтың жоғын жоқтайтын жыраулар көтеріліс ұраншылары болды. Қозғалыс белгілі себептермен жеңіліс тапқанымен, ол халықтың есінде елдік пен ерліктің үлгісі болып қалды. "Қазақта Кенекемдей жан болмайды” деп жырлаған ақын М.Жұмабаев Кенесарыны қазақ хандары мен батырларының ішінде бірегей етіп суреттеген. Әлемге белгілі жазушы Жюль-Верннің «Курьер царя» романындағы С.-Петербордағы патша сарайынан бастап Сібірге дейін үрей туғызған басты кейіпкер де осы Кенесары хан. 
Тарихшы Е.Савичев Кенесары хан туралы: "Кенесарының алдынан кездесетін кедергілер оның бойындағы қажымас қайрат пен қайсарлықты жігерлендіріп, сол кедергілерді жеңуге қайрат беріп, қиындықтарды жеңген сайын оның қуаты келесі кездесетін кедергілерді жеңуге шыңдала беретін сияқты. Кездесетін кедергілер мен қиындықтар күрделенген сайын ол қайраттанып, оларды қиратуға жаралған алыптарға ұқсайды” дейді. 
Осы қысқа деректердің өзі ғана хан атағын патша бермегенімен, халық жүрегінен орын тапқан Кенесары ханның қазақ тарихындағы орны ерекше екенін көрсетеді. 
Бөкей сұлтан 1801 жылы Патшадан ұлықсат алып, Еділ мен Жайықтың ортасындағы жерге халықты көшіріп, онда батыс үлгісіндегі Бөкей хандығын құрды. Бөкей хан Махамбет айтқандай; 
Еділдің бойы ен тоғай, 
Ел қондырсам деп едім. 
Жағалай жатқан сол елге, 
Мал толтырсам деп едім, - 
деген халықтың арманын іске асырып, қазақтың шекарасын Жайықтан Еділге дейін ұлғайтып бұрынғы Алтын Орданың шегарасын қалпына келтірді. Ол тарихта қазақ жерінің іргесін кеңейткен соңғы хан болды. 
Бөкей Ордасының ханы Жәңгір еуропа үлгісіндегі алғашқы мектеп, училище, дәріхана, банк, казначейство, мұражай т.б. ашып батыс стиліндегі мемлекеттің негізін қалаған заманындағы білімді саясаткер және дипломат еді. Сондықтан да бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік орындарының тарихы Бөкей хандығынан басталады. Жәңгір хан әрбіреуінде 10-70 балаға дейін оқитын үш жүздей молда ұстады. Оның мектебінен шыққан түлектер Варшава, Тарту, Саратов, Орынбор, Уфа, Қазан, С.-Петербор, Мәскеу және т.б. ірі қалаларда білім алып, қазіргі қазақ ғылымы мен өнерінің негізін қалауға үлес қосқан ғалымдарды даярлады. Жәңгір хан Бөкей ордасын жан-жақты дамыту үшін орыстың алдыңғы қатарлы ғалымдары Раевский, Мусин-Пушкин, Тапаев және т.б. пайдаланып, Бөкей хандығының топографиялық, топономикалық карталарын жасатып, жан-жақты зерттеулер жүргізді. Қазан университетінің профессоры Жәңгір хан студенттерге лекция оқып, араб тілінде кітабын шығарды. Бөкей Ордасында болған ұлы ғалым Алексанр Гумбольт ол туралы, "мен қазақтың жас ханы Жәңгірмен таныстым. Ол бірнеше тіл білетін жан-жақты білімді ...” деп, жоғары баға берген. Жәңгір хан бес тіл, Фатима ханым төрт тіл білген. Ресей патшасы Фатима ханымға "Жабайы даланы Петербордың сарайларына ауыстырып, астанада тұрмайсың ба?” дегенде, Фатиманың "Туған жердің түтіні де ыстық” деген жауабы халықтың есінде қалған. 
Жәңгір ханның кезінде Бөкей Ордасында сауда шарықтау шегіне жетті. Ондағы тауар айналымы Астрахан, Орынбор және Омбы сияқты қалалардан артық болды. Бұл жерде хан мен оның айналасындағылар несие беруші, несиеге кепілдік беруші және несиені қайтарушы рөлін атқара білді. 
Жәңгір хан Кавказ бен Қырымнан жылқының, сиырдың, қойдың асыл тұқымдарын әкеліп, Бөкей Ордасында өсірді. Қазақтың жабы, көшім тұқымды жылқылары, ақбас сиырының тұқымы, еділбай қойының тұқымдары бастауын Жәңгір хан кезіндегі Бөкей Ордасынан алады. Нарын құмындағы 104 мың гектар жерде өсіп тұрған орман да сол кезде егілген. Ресей патшасының отарлау саясатын өз халқының жарқын болашағы үшін тиімді пайдалана білген Жәңгір хан 45 жыл ғұмырында артында өшпес із қалдырған қазақтың нағыз зиялы патриоты19.

Ел намысы мен жердің тұтастығы үшін ғұмырларын арпалыспен өткізген қазақтың ұлы хандары мен билерінің және батырларының аруақтарына М.Жұмабаевтың: 
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас, 
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас. 
Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған, 
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас. 
Ел жауын зерттеп, өрт боп, тынбай жортқан, 
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас. 
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан, 
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас. 
Қазақтың селі, желі, шөлі, белі 
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас! - деген өлеңі лайықты.

Категория: Қазақстан тарихы | Добавил: nauriz (08.03.2014)
Просмотров: 1796 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Код *:
Мини-чат
Для добавления необходимо
войти или зарегистрироваться
Yandex жаңалықтары
Партнеры сайта
Меню сайта
Навигация
Әлеуметтану, саясаттану,мәдениеттану [63]
Бизнес, менеджмент, финанс т.б [2]
Патриоттық және мерекелер т.б [0]
Шет ел әдебиеті мен тарихы [0]
Шағын көлемді шығармалар [0]
Философия және логика [0]
Қазақ тілі және тіл білімі [58]
Елді мекендер, қалалар [0]
Агро,шаруашылықтар [0]
Қазақ халық әндері [22]
Курстык жумыстар [0]
Ғылыми жұмыстар [64]
Қазақстан тарихы [32]
Қазақ мерекелері [3]
Тарихи тұлғалар [134]
Еуразияшылдык [0]
Ашық сабақтар [50]
Қазақ әдебиеті [105]
Дүние тарихы [32]
Информатика [42]
Флипчарттар [0]
Силабусстар [0]
Астрономия [0]
Психология [0]
Переводчик [0]
Математика [0]
Педагогика [0]
Дипломдар [0]
Лекциялар [0]
География [71]
Глоссарий [0]
Биология [40]
Экология [0]
Ән,өнер [95]
Дінтану [21]
Физика [0]
Химия [0]
Құқық [0]
Еңбек [0]
Витрина ссылок
Статистика
Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Яндекс.Метрика

Лучшая рип студия!