Главная » Статьи » Қазақстан тарихы

Жолайырық
Жолайырық

Қарағайға қарсы бұтақ біткенше, 
Еменге иір бұтақ бітсейші 
Махамбет

Қазақтың соңғы екі ғасырдан астам уақыты Асанқайғының сөзімен айтқанда "Қарағай басын шортан шалған” заман болды. Тәуелсіздік алғанымызбен, біз сол заманның суық зардабынан түгел құтыла алмай келеміз. Тарихқа мемлекет қайраткері, ойшыл, би және ақын болып енген Асан қайғы Сәбитұлы қазақтың басына осындай заман үйірілетінін XIV - XV ғасырларда болжап кеткен екен. Асан бабамыздан бірнеше ғасыр бұрын осындай жағдай болатынын даланың бас биі - Майқы да жорыған. Халқының болашақ бақыты үшін шұрайлы қоныс, елін жаудан қорғайтын жол іздеген Асан қайғы бабамыз ондай "Жерұйықты” таба алмайды. Қазақ даласына сондай зар заманның келу себебі осы уақытқа дейін зерттеліп, ғылымда толық анықталмаған мәселе. Қазіргі уақытта белгілісі - ол кезде қазақ даласында отарлау саясатының болмағаны. Яғни, мәселе сыртта емес осы қоғамның ішінде. Оның негізгі себебі, әртүрлі көшпенді тайпалар одағынан құрылған елдегі тұрақты бірліктің болмауы. Малшаруашылығына негізделген елде барымта ешқашан тоқтаған емес. Барымта бар жерде руаралық араздық пен сенімсіздік қалмайды. Сенімсіздік бар жерде бірлік болмайды. Бірлік болмаған мемлекеттің іргесі берік, қорғаныс қабілеті мықты бола алмайды. Басында бірлігі жоқ елге кім көрінген қожа болатынын ғұндар мен Түркі қағанатының және Дешті Қыпшақтың тарихынан жақсы білеміз. Сонымен қатар, көшкен ел мешіт салып дінге тұрақты сенбеген және мектеп салып бала оқытуға әрқашан мүмкіндік бола бермегені белгілі. Адамзатты дін тәрбиелейді, оның ішінде дүниежүзілік діндер. Осы уақытқа дейін одан асқан тәрбие құралы ойлап табылған жоқ. Дін мен білімді бойына сіңіріп тәрбие алмаған қоғамдағы кемшіліктер ұлы бабаларымызға маза бермесе керек. Қай уақытта да ұлы ойшылдарды ұлтының жағдайы ойландырған. Мысалы, И.В.Гетенің неміс халқының, П.Я.Чаадаевтың орыстың тағдыры туралы жазғандары сияқты, біздің ұлы бабаларымыз да халқының кемшілігін аяусыз сынаған. 
Ш.Уәлиханов, "...біз әлі халық болып қалыптасып үлгермедік” десе, Абай "... ұстарасыз аузыңа түсті мұртың” деп өкінішпен жырлады. Абайдың "Қара сөздері” мен өлеңдерін XIX ғасырдағы қазақ идеясы деп қарауымыз керек. Оның дала дәстүрінде жазылған, "нүктеге дейін” қысқартылған астарлы ойларында қазақ халқының моральдық келбетіне, өнегелілік, адамгершілік қасиеттеріне жан-жақты талдау жасайды. Абай шығармаларының тағы бір мақсаты – халықты оқу-білімге үйрету, оның ішінде еуропа мен орыстың мәдениетінен үйренуге үгіттеп, өзі Байрон, Гете, Пушкин, Лермонтовтарды, сонымен қатар, шығыстың ұлы ақындары - Физули, Саади, Науаи, Низами және т.б. шығармаларын қазақшаға аударды. Ол да Гете сияқты шығыс пен батыстың поэзиясы мен философиясын меңгеріп, ана тіліне аударған бірегей ойшыл - ақын. Данышпан ақынның, «Адам баласына адам баласының бәрі - дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің- бәрі бірдей, ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, көрден махшарға сұралуың – бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне хаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың – бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па?.. Біріңе бірің қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреуің бағына, малына күндестік қылып, не көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па?» деген ой-тұжырымдары адамзат үшін қай кезде де құнын жоймайды. 
Абайдың сол кездегі ой-толғаулары осы уақытқа дейін маңызын жоймай, қазіргі ұрпақ санасына сіңіп хрестоматияға айналды. Қазақтың классикалық әдебиеті бастауын Абайдан алады. 
Өткен ғасырдың басындағы алаштың жетекшілері - М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Шоқай т.б. зиялылар "...біз мұндай жағдайға бүгін келген жоқпыз” деп, сол кездегі халқымыздың жай-күйін тарихи дәрежеге көтеріп, оқу-ағарту саласын уағыздап, ұлттық сана-сезімді оятуда және саяси мәселелерді оң шешуде білек сыбана атсалысты. "Алаш” қозғалысының арман-ойлары белгілі себептермен іске аспай қалғанымен, ол ұлттық сананы оятуда қазақ тарихындағы рухани ренессанстық құбылыс болды. Олар Қазақ елінің азаттығы мен өркениетті ел қатарына қосылуы үшін күресті. "Алаш” зиялыларының қазақ және жалпы түркі халықтарының болашағы туралы, оның ішінде ұлттық сананың қалыптасуы, ұлттық өнеркәсіпті ұйымдастыру мен басқару, жер мәселесі сияқты ұлтымыздың көкейкесті мәселелерін қозғады. Сондай–ақ, олар түркі халықтарының болашағы бірлікте екенін дәлелдеді. "Алашордалықтармен" бірге осы мәселені татар, башқұрт және т.б. ұлттардың зиялылары және Кемал Ататүрік те көтерген болатын. Түркі халықтарының содан бергі тағдыры мен Еуразиядағы қалыптасқан геосаяси жағдайлар, оның ішінде Ресей мен Қытай мемлекеттерінің түркі халықтарының тілі мен мәдениетінің дамуына тиісті жағдай жасамай отырғаны, осы екі елдің түркілерді ұлттық болмысынан айыруға бағытталған саясаттары біз үшін де алдағы ғасырда өмірлік маңызды проблемаға айналатынының айғағы. Себебі, ресейдегі сахалар, чуваштар, хакастар ана тілдерін ұмытып жатса, гагауз, топалар сияқты аз халықтар, сонымен қатар осы елдің солтүстігіндегі угро-фин тілді аз халықтар мен қиыр шығыстағы орал-алтай тілді халықтардың көпшілігі жойылудың аз ақ алдында тұр. Қытайдағы манчжурлар мен ұйғырлардың және қазақ, қырғыз диаспораларының да жағдайлары осындай. Осы екі елдің ішіндегі аз халықтарға жүргізіп отырған саясаттары өркениеттен гөрі, орта ғасырдағы жабайылардың тірлігіне жақын. Еуразия саясатында әжептәуір салмағы бар осы елдер халықаралық саясаттарын өркениет жолымен жүргізіп, дамыған елдердің қатарына қосылғылары келсе, алдымен іштеріндегі аз халықтарға жүргізіп отырған саясаттарын түзеуі керек. БҰҰ-на мүше болып отырған түркінің жеті мемлекеті халықаралық қауымдастықтағы барлық мүмкіндіктер мен өздерінің көмектері арқылы тілдері мен дәстүрлерінен айырылып бара жатқан бауырлас халықтарға қолұшын беруге міндетті және ол осы елдердің сыртқы саясаттарының маңызды саласы болуы керек. Осылай біріккенде ғана Ұлы дала Еуразия құрлығындағы Тәңір жіберген тарихи миссиясын орындайды. 
ХХ ғасыр жалғыз қазақ ұлты үшін ғана емес, көрші елдер үшін де жалпы адамзат тарихындағы екі дүниежүзілік соғысты, сол арқылы фашизм мен большевизмді бастан кешкен қиын кезең болды. Ол тоталитарлық жүйе ғасыры еді. Сонымен қатар, бұл ғасыр Қазақстанда алғаш рет институттар мен театрлар, Ғылым академиясы мен кітапханалар, мәдениет орталықтары мен ірі өнеркәсіп орындары ашылған, қазақтың өмірі көшпенділіктен отырықшылыққа алмасқан, қазіргі заманғы қалалар салынған кезең болды. Саяси бостандық пен ұлт-азаттық мәселесі шешілмегенімен, өткен ғасырдың сексенінші жылдары БҰҰ-ның «адам дамуы индексі» бойынша Қазақстан әлемдегі жүз сексеннен астам елдің ішінде 55-57 орындарда болды. Ол осы халықаралық ұйым құрылғаннан бергі еліміз жеткен ең жоғарғы көрсеткіш еді. 
Қазақ әдебиеті қысқа уақыттың ішінде тамаша жетістіктерге жетіп, дүниежүзілік әдебиетте жоғары бағасын алды. Оның көшбасында 18 мыңнан астам сөз пайдаланылған М.Әуезовтің "Абай жолы” эпопеясы тұрады. Ол әлем әдебиетінің алыптары У.Шекспир, Сервантес, Л.Толстойлардың шығармаларымен қатар тұрған туынды болды. І.Есенберлиннің "Көшпенділер” романы халқымыздың көшпенді кезеңдегі тарихы мен өркениетін танытты. Ж.Молдағалиевтің "Мен қазақпын” поэмасы, Ш.Қалдаяқов пен Ж.Нәжімеденовтың "Менің Қазақстаным” әні ұлттың рухын көтерген шығармалар еді. 
Қазақтың алдыңғы қатарлы жастарының ішінде ұлттық сана-сезімді оятып, оларды тоталитарлық жүйемен күреске шыңдауда өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Мұрат Әуезов, Сәбетқазы Ақатай, Ғалым Әбілсейтов, Болатқан Тайжан, Мұрат Айтхожин, Мақаш Тәтімов сияқты жас ғалымдар ұйымдастырған "Жас Тұлпар” ұйымының маңызы ерекше болды. Бұл ұйым алдыңғы қатарлы жастардың "битлзь қозғалысымен” үндесіп, қазақ жастарының тоталитарлық жүйе қыспағынан шығып, халықаралық прогрессивті жастар қозғалысының құрамдас бөлігіне айналуына айтарлықтай үлес қосты. Ұлт азаттық қозғалысында "Алашордадан” кейінгі маңызды рөл атқарған осы ұйым 1986 жылдың желтоқсан көтерілісінің алғышартының бірі болатын. Ұлтымыздың қазіргі кездегі алдыңғы қатарлы зиялы қауымы осы "Жас Тұлпар” ұйымында шыңдалғандар. 
1970-1980 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясы ғылыми жұмыстар жөнінен он бес республиканың ішінде Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында болды. Сол кезде археологияда – Есік қорғандары, "Жібек жолы” бойындағы қалалар ашылып, ғалымдар арасында жиырма жылдық таластан кейін Әбу Насыр Әль-Фарабидің қазақ даласынан шыққан қандасымыз екені дәлелденді. Сонымен қатар, осы жылдары Ғылым Академиясында түркі тілдерінің ішінде қазақтарда ғана 10 томдық түсіндерме сөздік, бірнеше томдық қазақтың батырлық эпостары, "Бес ғасыр жырлайды” және т.б. жинақтар, 12 томдық Қазақ Кеңес Энциклопедиясы, академик Н.Сауранбаевтың 2 томдық аударма сөздігі сияқты күрделі еңбектер дүниеге келді. Осы жылдары Әл-Фарабидің 12 томдық, М.Қашқаридің 2 томдық, Ж.Баласағұнның "Құтты білігі”, А.Науаидың және басқа шығыс жұлдыздарының шығармалары қазақ тіліне аударылып шықты. Ол жылдардағы ғалымдардың еңбегі ана тіліміздің энциклопедиялық мүмкіндіктерін ашып, ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына ықпал етті. Оны өткен ғасырдың басындағы «Алашорда» кезеңімен ғана салыстыруға болады. Бұл Ғылым Академиясының тіл тарихын зерттеу саласындағы жетістіктері еді. Осы кезде Қазақстан ғалымдары молекулярлық биологияны, математиканы, физиканың кейбір салаларын және геологияны дамытып дүниежүзілік ғылымға қомақты үлес қосты. Ғалымдардың еңбегі көптеген халықаралық сыйлықтармен бағаланып, Дүниежүзілік астрономдар Қауымдастығы ғаламшардағы жаңадан ашылған жұлдыздарға Қ.Сәтпаев пен М.Айтхожиннің есімдерін берді.

Тоталитарлық жүйе жағдайында іске асқан осы жетістіктер біздің өркениетті ұлт болып қалыптасуымыздың айғағы. Бұл тек қазақтың ғана емес, жалпы түркі халықтарының да мақтанышы. Ұлт зерделілігін жан-жақты саралаған осы ренессанстық қозғалыс бүгінгі "Мәдени мұраның” алғышарты болды. 
Қазіргі қазақ мәдениетінің қалыптасуына қаны басқа болғанымен жүректері қазақ деп соққан өзге ұлт зиялылары да атсалысты. Оларға тарихта он үш ғасырдан астам уақыт бойы белгісіз болып келген түркілердің руникалық жазуын ашып, оларға анықтама берген дат ғалымы В.Томсен, В.В.Радловтар жатады. Олардың ғылымдағы жаңалығы Шампольонның көне Египет жазуын анықтағанымен тең. Түркінің ұлы тарихын әлемге танытуға жол ашқан ғалымдар: Н.Веселовский, В.В.Бартольд пен А.М.Бернштам, С.Е.Малов пен С.П.Толстовтың, С.И.Руденко мен А.П.Окладниковтың және Л.Н.Гумилевтің орыны да біз үшін ерекше. Саяси қыспаққа қарамай түркі халықтарының тарихын зерттеуге бар ғұмырын арнап жазған еңбектері үшін осы ғалымдардың аруақтарына біз әрқашан да тағзым етеміз. 
Бұлармен қатар, қазақтың этнографиясы мен этнология ғылымына Г.И.Потанин көп еңбек сіңірді. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынов оны "қазақтың ақсақалы” деп құрметпен атады. Қазіргі қазақ өнерінің қалыптасуында суретші Хлудов, өнер зерттеушісі Затаевич, сазгерлер Е.Брусиловский мен Л.Хамиди, ақын-жазушылар Ақмолда, М.Симашко, Д.Снегин, Г.Бельгер, А.Осман және т.б. еңбектері зор. 
Затаевич жинап құрастырған "Қазақтың мың әні” мен "Қазақтың бес жүз күйлерімен” танысқан М.Горький: "Ол, Еуропа халықтарының көпшілігінде кездеспейтін бай өнер мұралары... Осындай байлығы болса, Батыс халықтарының қай-қайсысы да мақтанар еді” деп шынын айтқан. Сонымен қатар, қазіргі қазақ өнерінің дамуын Е.Брусиловскийдің "Қыз Жібек” операсы мен Л.Хамидидің "Қазақ вальсінсіз” елестету мүмкін емес. 
Қазақ тарихында қоғам және мемлекет қайраткерлерінен Л.Мирзоян, М.Ғатауллин т.б. ағайындарымыздың алатын елеулі орындары бар. 
Бұлар қазақ тарихы мен әдебиетінің және мәдениетінің дамуында өшпес із қалдырған зиялылардың шағын бір тобы ғана. Бүгінгі қазақтың тарихы, ғылымы, өнері және жалпы мәдениеті, отаршылдық пен тоталитарлық жүйе кезінде із-түзсіз құрып кеткен көптеген халықтардың тілі мен мәдениетінің кебін киіп, жоғалып кетпей, қайта сол «тар жол, тайғақ кешу» кездерде өшпес туындылар қалдырған, тумаса да қазақтың туған ұлындай болған осы асыл азаматтарды бүгінгі ұрпақ сыйлай білуі керек. Ол ең әуелі біздің төл тарихымызға деген оң көзқарасымыз бен мәдениеттілігімізді білдірсе, екіншіден олардың рухын сыйлау арқылы ұлтымыздың мәңгілік өмір - тарихын ұмытпауға жол ашамыз. 
Олармен қатар Л.Пастер, И.Мечников сияқты адамзатты оба, сүзек, т.б. жұқпалы аурулардан құтқарған ұлы ғалымдардың есімдерімен университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарын атаса артық етпес еді. Себебі бұл аурулардан көп шығынға ұшырағандардың бірі біздің халық. "Өлі риза болмай, тірі байымас” дейді халқымыз.

Категория: Қазақстан тарихы | Добавил: nauriz (08.03.2014)
Просмотров: 585 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Код *:
Мини-чат
Для добавления необходимо
войти или зарегистрироваться
Yandex жаңалықтары
Партнеры сайта
Меню сайта
Навигация
Әлеуметтану, саясаттану,мәдениеттану [63]
Бизнес, менеджмент, финанс т.б [2]
Патриоттық және мерекелер т.б [0]
Шет ел әдебиеті мен тарихы [0]
Шағын көлемді шығармалар [0]
Философия және логика [0]
Қазақ тілі және тіл білімі [58]
Елді мекендер, қалалар [0]
Агро,шаруашылықтар [0]
Қазақ халық әндері [22]
Курстык жумыстар [0]
Ғылыми жұмыстар [64]
Қазақстан тарихы [32]
Қазақ мерекелері [3]
Тарихи тұлғалар [134]
Еуразияшылдык [0]
Ашық сабақтар [50]
Қазақ әдебиеті [105]
Дүние тарихы [32]
Информатика [42]
Флипчарттар [0]
Силабусстар [0]
Астрономия [0]
Психология [0]
Переводчик [0]
Математика [0]
Педагогика [0]
Дипломдар [0]
Лекциялар [0]
География [71]
Глоссарий [0]
Биология [40]
Экология [0]
Ән,өнер [95]
Дінтану [21]
Физика [0]
Химия [0]
Құқық [0]
Еңбек [0]
Витрина ссылок
Статистика
Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Яндекс.Метрика

Лучшая рип студия!