Главная » Статьи » Ғылыми жұмыстар

Әңгімелеу мәтінінің тілдік-стилистикалық сипаты
Негізгі бөлім 
Диссертацияның кіріспесінде зерттеу тақырыбының өзектілігі, зерттеу нысаны, зерттеудің мақсаты мен міндеттері, жұмыстың ғылыми және практикалық жаңалықтары, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар туралы мәлімет берілді. 
Диссертацияның бірінші тарауы «Әңгімелеу мәтінін зерттеудің теориялық мәселелері» деп аталып, мәтін лингвистикасындағы мәтін теориясына қатысты негізгі теориялық тұжырымдар мен көзқарастар, мәтінді зерттеудің психолингвистикалық мәні, мәтіннің сөйлеу бірлігі ретіндегі ақпараттық мазмұн ерекшелігі, әңгімелеу мәтінінің ақпараттық-мазмұндық сипаты, композициялық сөйлеу бірліктері, әңгімелеу мәтінінің олармен арақатынасы жан-жақты сөз болды. Қазақ тіл білімінде бұрын арнайы зерттелмеген әңгімелеу мәтінінің ақпараттық, әлеуметтік, психологиялық жүк арқалап, белгілі бір тілдік өрнекке ие болатын сөйлеу бірлігі екендігі мәтін теориясына сүйене отырып, нақты мысалдармен талданды. 
1.1 «Мәтінді зерттеудің жалпы теориялық мәселелері» деп аталатын қысқаша шолу бөлімі мәтіннің қазіргі зерттелу жай-күйі және әңгімелеу мәтінін талдаудың теориялық негіздерін айқындауға арналды. 
Мәтін лингвистикасы мәселелері қазақ тілі білімінде соңғы жылдары кеңінен қарастырыла бастады. А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Р.Сыздық, Х.Нұрмұқанов, Е.Жанпейісов, М.Серғалиев, Х.Кәрімов, Б.Шалабай, Н.Уәлиев, С.Құнанбаева, З.Ерназарова, С.Мұстафина, Г.Әзімжанова, Ж.Қайшығұлова, А.Әділова, Г.Смағұлова, М.Ахметова т.б. ғалымдардың зерттеулерінде сөз болып, көркем әдебиеттің тілдік фактілері сараланды. Қазіргі қазақ тіл білімінде көркем мәтіннің танымдық қырлары 
Қ.Ә. Жаманбаева, Г. Қосымова, Ш.М. Елемесова, Ж.Б. Саткенова, 
Ә.Ж. Айтпаева т.б. ғалымдардың еңбектерінде кең түрде зерттеле бастады. Тіл зерттеушілерінің мәтін мәселесіне деген бетбұрысы олардың жалпы тілдік сана мәселесіне деген ықыласын аңдатады. 
Қазіргі таңда мәтін лингвистикасына қатысты қалыптасқан зерттеулердің мынадай бағыт-бағдарларын көрсетуге болады: негізгі қасиеттері тұтастық пен тығыз байланыстылық болып табылатын, ең жоғары жүйе ретіндегі мәтіндік зерттеулер; мәтін типологиясын коммуникативтік көрсеткіштері және соларға қатысты лингвистикалық белгі-қасиеттерімен бірге қарастыру; мәтінді құрайтын бірліктерді, ерекше мәтіндік категорияларды анықтау; мәтін әсерінен болатын тілдік бірліктердің сапалық дәрежелерінің жүзеге асырылуының әртүрлі деңгейлерін айқындау; фразааралық байланыстар мен қарым-қатынастарды зерттеу. Мәтін лингвистикасы мәтіннің түрлі аспектілеріне кешенді талдау жүргізеді. З.Я.Тураева оның қазірде белгілі болған онтологиялық, гносеологиялық аспект, жеке лингвистикалық, психологиялық, прагматикалық аспектілерін көрсетеді [2, 8 б.]. Көркем мәтінді зерттеудің алғышарттарына, ұстанымдарына мыналар жатады: көркем шығарманың мазмұн мен формасын (тілін) бірлікте алып зерттеу; көркем шығарма тілінің басқа компоненттерімен байланыс, қарым-қатынасын ескеру; бейнеленетін мазмұнға автор қатынасын ескеру; шығарманың жанрлық ерекшеліктерін ескеру; ғылыми дамудың жаңа бағыт-бағдарларына сүйену т.б. 
Мәтінтанушы ғалымдардың зерттеулерінде мәтінге тән белгілерге тұтастық және байланыстылық (И.Р.Гальперин); аяқталғандық (Г.В.Колшанский, Н.А. Купина, И.Р.Гальперин); бөлшектену (Т.В.Трошина); прагматикалылық (И.Р.Гальперин) жатқызылады. Көркем прозалық шығармалардағы әңгімелеу мәтінінің өзіндік сипаты поэтикалық мәтіндермен салыстырғанда ашыла түседі. Бұл орайда А.Н. Веселовский, А.А.Потебня, Б.В. Томашевский, Ю.М. Лотманның пайымдаулары өте маңызды. Поэзия мен проза эстетикалық қызметті атқару ерекшеліктеріне қарай ажыратылады және осы тұста өзіндік ұқсастықтары да жоқ емес. Көркем прозалық шығармалардағы әңгімелеу мәтіні категориялық белгілерге ие болып келеді. Мәтіннің мұндай категориялық белгілеріне Н.С.Болотнова коммуникативтілік, концептуалдылық, прагматикалылық, ақпараттылық, құрылымдық, интегративтілік, регулятивтілік, мағыналық аяқталғандық, бөлшектік, тұтастық, мүшелену, когезия, модальдылық, экспрессивтілік, эмотивтілік, проспективтілік, ретроспективтілікті жатқызады [3, 31 б.]. Л.Г.Бабенко «мәтіннің универсалды категорияларының негізіне тұтастық (мазмұн межесі) және байланыстылық (тұрпат межесі) алынады, олар бірін-бірі толықтырады, иерархиялық қатынаста болады», ¬–дей келіп [4, 56 б.], мынадай категориялардың маңыздылығын атап көрсетеді: тұтастық, ол мәтін мағынасының концептуалдылығымен байланысты болады; байланыстылық, ол ақпараттық, интегративтілік, аяқталғандық, хронотопа т.б. категориялар арқылы қамтамасыз етіледі; аяқталғандық (контекстік-мағыналық); көркем мәтіннің антропоцентристік сипаты, диалогтық сипаты; көркем мәтіннің ішкі және сыртқы формаларының бірлігі; мазмұн толықтығы және бірізділігі (немесе логикалылығы), күрделілігі (эстетикалық қасиетіне қарай прагматикалылығы, концептуалды болуы, бейнелілігі); түсіндірілуі [4, 57 б.]. 
А.Байтұрсынұлы көркем мәтіннің өзіне тән ерекшеліктерін басты назарға ала отырып, «ақын тілі» мен «әншейін тілдің» айырмашылығын, сөздің ажарлы, келісті де қисынды болуының талғамдық шарттарын ұсынды. Ол тілді зерттеудің функционалдық, қатысымдық қырын басшылыққа ала отырып, көркем мәтінді өзге мәтіндерден ажыратудың басты белгісі ретінде эстетикалық критерийді алады. Ғалымның әуезе түрлерін анықтауда мазмұндық-құрылымдық емес, жанрлық ұстанымды басшылыққа алатыны байқалады. Ол осы ұстанымға сүйене отырып, әуезенің шежіре, заман 
хат, өмірбаян, мінездеме, тарих, тарихи әңгіме деген түрлерін көрсетеді 
[1, 208 б.]. 
Әңгімелеу өзге мәтін түрлері сияқты мынадай бірліктерден тұрады: сөйленім (сөйлем деңгейіндегі) – фразалар тұтастығы немесе күрделі синтаксистік бірлік – үзінді-блоктар. Ғылыми зерттеулерде мәтін бірліктері шығарманың өсіңкілік қасиетіне сүйене отырып, бірнеше деңгейлерге бөлініп көрсетіледі: Сөйлем – КСТ – Үзінді – Тарау – Бөлім – Шығарма (аяқталған тұтас шығарма) [5]. Қазақ тілінің мәтін құраушы құралдарын зерттеген С.С.Мұстафинаның ойынша, фразадан жоғары тұтастыққа – әрі синтагматикалық, әрі функционалды ұғым, оған байланыстылық, тұтастық тән. Оның құрылымдық тұтастығы анафоралық қайталаулардан және есімдіктерден, етістіктердің шақтық тұлғаларынан, жалғаулықтардан т.б. көрінеді. Ал байланыстылығы мазмұнның мағыналық бір тұйық тұтастыққа бірігуінен көрінетінін айтады [6, 24 б.]. С.С.Құнанбаева қазақ көркем мәтініне тән темпоралдық қатынастар туралы зерттеуінде әңгімелеу мәтінінде кездесетін темпоралдық жағдайлардың негізгі 6 типін және 10 түрін көрсетеді. З.Ш.Ерназарова, Г.Әзімжанова мәтіннің, мәтін құраушы бірліктердің прагматикалық ерекшеліктерін басшылыққа алу қажеттілігін негіздеп берді. Әңгімелеу мәтінінің табиғатын жан-жақты тану үшін де ең алдымен, оның тілдік-құрылымдық және стилистикалық табиғатын анықтау қажет, ол келешекте үлкен, кең көлемді зерттеулерге тірек болатыны анық [7, 43 б.]. 
1.2 «Мәтінді зерттеудің психолингвистикалық мәні» атты бөлімшесі әңгімелеу мәтінін зерттеуде басшылыққа алынатын психолингвистикалық мәселелерді айқындауды, мәтіннің антропоцентристік мән-маңызын психолингвистикалық қыры тұрғысынан анықтауды міндет етіп қойды. 
Мәтін сөйлеудің сыртқа шыққан, материалданған көрінісі. Ал сөйлеу психологиялық әрекет нәтижесі болып табылатын жоғары психикалық қызметтің күрделі түрі. Сөйлеу әрекетіне көп деңгейлі, көп қырлы құрылым мен өзге де психикалық қызметпен тікелей байланыстағы күрделі жүйе тән. Осымен байланысты мәтінге тән күрделі психикалық құрылым оның мағыналық, құрылымдық және композициялық тұтастығынан, грамматикалық ерекшелігінен көрінеді. 
А.Н.Леонтьевтің айтуынша, сөйлеуді психолингвистикалық тұрғыдан талдауда адамның сөйлеуден тыс болатын түсінісу механизмдері басты нысанға айналады. Мәтіннің жасалуынан сөйлеу әрекетінің үш фазалы құрылымнан тұратын психологиялық моделін байқауға болады. Олар: әрекеттің бағыттылығы, орындаушылық сипат алуы, бақылануы (В.И.Галунов, Т.М.Дридзе, А.Н.Леонтьев). Мәтіндегі сөйлеуші әрекетінің бағыттылығы дегеніміз – оның не мақсатта сөйлеп жатқанын көрсететін коммуникативтік ойы мен ниеті. Сөйлеушінің бұл коммуникативтік ниеті мәтіннің жасалуына түрткі болады да, мәтіннің мазмұны мен құрылымының коммуникативтік-танымдық бағдарламасын айқындайды (Л.И.Доблаев, 
В.П.Белянин, И.А.Зимняя ). Мәтін авторының сөйлеуге, қарым-қатынасқа тікелей қатыстылығы және сөйлеу пәнін жеткілікті білуі оның авторлық позициясын танытады. Мәтінде суреттеліп отырған құбылысқа немесе оқиғаға деген автордың интеллектуалдық, эмоционалдық бағасы – шығармада әрдайым беріліп отыратын құбылыс. Мәтіннің жасалуының бұл 1-фазасында автордың негізгі ойын нақты әрі түсінікті жеткізуі үшін маңызды мынадай мәселелерді ескеру керек: сөйлеуге негіз болған қарым-қатынас жағдайы; мәтіннің семантикалық жақтан айтылатын ойға байланысты толыққанды болуы, бірақ ондағы берілген ақпараттың шектен тыс көп немесе артық болмауы (В.П.Белянин, А.И.Новиков). Мәтіннің жасалуының 2-фазасында автордың негізгі ойының «тілдік материалдануы» жүзеге асырылады. Негізгі ой санада қалыптасқанмен, оның «тілдік қабық жамылуы», сонымен бірге қалыптасып, аяқталған сипат алуы сөйлеу барысында ғана мүмкін болады. Ғалымдардың пікірінше, осыған байланысты санадағы ой әуел бастан өзінің семантикасы жағынан оның сөйлеудегі сипатына сәйкес келе бермейді. Сөйлеу әрекеті құрылымының 3-фазасында сөйлеушінің айтайын деген негізгі ойы «мағыналық жағынан өңделіп» қана қоймайды, оның вербалдануы да сұрыпталады. Осы тұста мәтіннің тақырыптық және мағыналық тұтастығының болуы өте маңызды, себебі санадағы ойлардың ассоциациялығы тіл арқылы берілген ойдың семантикалық тұтастығына нұқсан келтіруі мүмкін. Шынайы аяқталған мәтін, яғни сөйлеу бірлігі тақырыптық, мағыналық және құрылымдық тұтастыққа, композициялық тәртіптілікке, грамматикалық байланыстылыққа ие болуы керек. Сонда ғана сөйлеу әрекеті толыққанды жүзеге асады. Айтылған қасиет-сапалардың тілдік қана емес, психологиялық та маңыздылығы бар: 

1-кесте – Мәтіннің тілдік және психологиялық құрылымы 
Аяқталған сөйлеу бірлігіне тән қасиет-сапалар Олардың психологиялық мәні 
1 2

Тақырыптық тұтастық Сөйлеудің логикасына нұқсанын келтірмейді, реципиенттің мәтінді қабылдауына оңтайлы жағдай туғызады.

Мағыналық тұтастық Сөйлеудің негізгі (орталық) және қосалқы (перифериялық) компоненттерін және мәтіннің, сөздің маңызды бөліктерін ажыратуға мүмкіндік береді.


2-кестенің жалғасы 
1 2

Композициялық тұтастық Мәтінді түсінуді, қабылдауды жеңілдетеді, мәтіннен тыс, мәтіндегі және мәтінде астарлы берілген мән-мағыналарды жалпы композициялық 
тұтастықта алып түсінуге мүмкіндік береді.

Грамматикалық байланыстылық Мәтін мазмұны мен құрылымын тұтастықта ұғынықты және жеңіл қабылдауға әсер етеді.

Берілген кестеден мәтінге қатысты маңызды екі процестің жүзеге асатынын көреміз. Бірінші – мәтіннің жасалуы (кодталу), екіншісі – қабылдануы және түсінілуі (декодталу). Алғашқысы сөйлеуші немесе жазушы автор арқылы қалыптасса, соңғысы айтылған мәтінді қабылдаушы тарапынан жүзеге асырылатын процесс болып табылады. Біріншісі психолингвистиканың сөйлеудегі сөзөндіру үдерісі туралы мәселелердің негізін құраса, екіншісі сөзқабылдау және түсіну туралы мәселелерге тірек болады. Аталған психологиялық үдерістердің нысанын сөйлеу әрекетінің негізгі бірлігі ретінде мәтін құрайды. Әңгімелеу мәтіндерін талдауда сөйлеу әрекетінің аталған аспектілерінің алғашқысы – мәтін талдаудың өлшемдері мен талаптары ретінде негізге алынса, соңғысы – оның эстетикалық және коммуникативтік, прагматикалық табиғаты мен болмысын, сипатын тануда басшылыққа алынады. 
Мәтін талдауда басты назарға алынуы тиіс тағы бір мәселе – мәтіннен тыс – мәтінде – мәтін астары арқылы көрінетін психолингвистикалық модель (В.П.Белянин, Н.И.Жинкин, А.И.Новиков). Сөйлеу бірлігінде ақиқат өмір туралы обьективтік ақпараттар орын алады да, ол мәтіннен тыс қалыптасатын объективтік құбылыстарға жатады. Әрине, көркем мәтіндерде көп жағдайда қоршаған ортадағы өмір сол қалпында берілмейді, ол мәтіннен тыс мәліметтер автордың көзқарасы тұрғысынан, оның «дүниетаным ракурсы» шеңбері аясында суреттеледі. Мәтіннен тыс модельге ақиқат өмірдегі оқиғалар жатады. Көркем мәтінде оның жасалуына автордың қиялы өзіндік ықпалын тигізетіні белгілі. Мәтін астары жасырын берілген ақпарат болып табылады да, ол рецепиенттің қабылдау-түсінуі арқылы белгілі болады. Оны түсіну мәтін бірліктерінің арасындағы ассоциациялық байланыстың, олардың «аккумулятивтік» қасиеттерінің нәтижесінде іске асады. 
Мәтіннің сөйлеудегі нейропсихологиялық аспектісінің маңызды тұсы – оның мидағы көрінісі болып табылады, себебі сөйлеу әрекеті мида жүзеге асады. Қазіргі психология сөйлеуді қарым-қатынас жасаудың аса маңызды құралы, саналы әрекеттің күрделі және арнайы ұйымдасқан түрі ретінде қарастырады. Сөйлеуге тән басты ерекшелік – экспрессивтілік. Оған мотив түрткі болып, ішкі сөйлеу алқабы арқылы сөйлеу схемаларында кодталатын ойдан тұрады. Ол «генеративті» грамматика арқылы толық сөйлеуге айналады. Сонымен қатар, импрессивті сөйлеу бөгде адамның сөзін қабылдау және оны талдап түсіну арқылы декодталуы, мәнді-маңызды жақтарын аршып алу және оны ішкі сөйлеу алқабы арқылы астарлы мән қоса отырып сөйлесімге айналдырудан тұрады. Сөйлеудің бұл жүзеге асу тетігі сөйлесім арқылы мотивтің декодталуымен аяқталады. Сөз және сөйлемде берілген ақпаратты талдау және топтастыру арқылы нақты пайымдаулар мен шешімдер қалыптасады. Сондықтан сөйлеу қатынас жасау құралы бола тұра, бір мезгілде дерексіздендіру және топтастыру операцияларын жасауға тірек болатын әрі ақыл-ой қызметін жүзеге асырушы тетік, әрі категориялық ойлаудың негізін қалайды. Демек, кез келген аяқталған мәтін сөйлеу бірлігі ретінде тек қана тілдің материалданған көрінісі ғана болып қоймайды, ол сонымен бірге, сөйлеушінің ойлау, ойлауды жүзеге асыру құралы болып табылады. Мәтіннің жазба тілде таңбаланғанға дейінгі оның санада ұйымдасу процесі мен механизмдерін, оның тілде көрініс табуын, тіл арқылы сана болмысын тану, жеке санада (гендерлік және индивидуалды тұрғыда) дүниенің тіл арқылы таңбалануын, сөйлеуші сөзінің санадағы уақыт пен кеңістікке қатысын психолигвистикалық, нейролингвистикалық тұрғыдан кең түрде зерттеу қазақ тіл білімінің, соның ішінде, мәтін лингвистикасының күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелері болып табылады. 
Жұмыстың 1.3 «Мәтіннің ақпараттық мазмұны. Әңгімелеу мәтінінің ақпараттық-мазмұндық ерекшелігі» атты бөлімшесінде КСФ-ның қатысымдық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері талданып, әңгімелеу мәтінінің ақпаратты жеткізудегі өзіндік сипаты сөз болды. 
Мәтінде берілетін ақпарат иә эмпирикалық сипатта, деректік мәнде келуі мүмкін, иә теориялық сипатта концептуалды-болжамдық мәнде болуы мүмкін; ақпаратты қабылдау тәсілдері мен жолдарын түсіндіруге құрылған әдістемелік сипатта, моральдық-этикалық, эмоционалдық, бағалауыштық категориялармен байланысты эстетикалық сипатта; белгілі бір әрекетке жетелейтін нұсқаулық сипатта келуі мүмкін. Ақпаратты жеткізуде мәтіндер құбылыстың сапа-белгісін, қасиетін, оқиғаның өту сипатын анықтайды, оқиға мен оның өту процесін динамикалы түрде әңгімелейді. Мұндай мәтіндерде ой себеп-салдарлық және шартты-мерзімдік қатынасқа негізделеді. Мәтіндердің осы ерекшеліктеріне орай М.П.Брандес, Н.С.Валгина композициялық-сөйлеу формаларын қарым-қатынас жасаудың модельдері дейді. Мәтінде ақпараттың берілу сипатына қарай сөйлеушінің ойлау өрнегі де көрініс табады. Э.Верлих оның нақты сөйлеу формаларына сәйкес түрлерін қатысым категориясымен бірлікте көрсетеді. 
Мәтіннің логикалық және қатысымдық категорияларының тілдік көрінісі әр мәтінде әртүрлі. Ол, әсіресе, сөйлемдердің ремалық бөлігінде айқын байқалады. В.В.Виноградовтың айтуы бойынша, сол контекске немесе жағдайға сәйкес белгілі бір сөйлемнің нақты мазмұнын анықтауда сөйлемнің темасы мен ремасының ақпараттық жүгін білу өте маңызды. Сөйлемнің темалық және ремалық бөліктері арқылы сөйлемдердің ақпараттық қайнар көзі, сөйлеу кезіндегі екі адамға да белгілі мәселелер мен айтылымның ядросы, ақпараттық негізі анықталады. Мәтіннің семантикалық ұйымдасуында ремалық бөлік ерекше маңызды рөл атқарады, бір сөйлемнен екінші сөйлемге өткен сайын ремалық бөлік негізгі ақпаратқа қатысты жаңа ақпараттарды үстемелеп отырады. Әңгімелеу мәтіндерінің тақырыптық ұйымдасуы әрекет иесінің сипатына байланысты болады. Әрекет иесі біреу болған жағдайда мәтінге бірізді баяндау мәнері тән болады да, ремалық бөліктегі субъектінің әрекетіне қатысты объектілер, мақсат пен адресат келесі сөйлемдердің темасына айналады. Әрекет иесі екеу немесе одан да көп болған жағдайда олар сөйлемнің тематикалық бөлігін параллельді ауыстырып отырады. Мысалы: Осымен жұрттың бәрі кеттіге есептеп қойып еді, үш күн өткенде бір күні таңертең ойда жоқта Көксерек өзінен-өзі сап ете түсті. Құрмаш пен әжесі қасқырдың бұл мінезіне сүйсініп, қуана қарсы алды (М.Әуезов). Мұндағы қимыл-әрекет иесі бірнешеу – жұрт, Көксерек, Құрмаш пен әжесі. 
Мәтінге қатысты жаңа ақпараттың қосылып отыруы ашық немесе жасырын түрде жүзеге асырылады. Ақпараттың шектен тыс артық, не шектен тыс аз берілуі оны қабылдауды қиындатады. Мысалы: Су жағалап жиырма-отыз қадамдай жүріп екінші тастамаға келді. Салбырап тұр. Едіге жинай бастаған. Шынында бос екен (М.Мағауин). Бұл контексте сөйлемдерде имплицитті түрде түсіріліп қалған ақпараттардың әсерінен тема-ремалық тізбектілікті бірден байқау мүмкін емес. Мәтін мазмұнындағы белгілі бір ақпараттың жасырын берілуі, автордың айтайын деген ойының маңыздылығын арттыра түседі. 1-сөйлемнен кейін қосылған жаңа ақпараттың 3-сөйлемде анық танылуы тақырыптың маңыздылығын көрсетіп тұр: Қарсы алдынан ескен самалға кеудесін тосып, сипай қамшылап келе жатқан. Ойламаған жерден, жол үстінен, ытқи жөнелді. Бір-ақ тұтам оқ жылан (М.Мағауин). Ақпараттың авторлық мақсатқа қарай «әдейі» түсіріліп берілуі қазақ жазушыларының шығармаларында стильдік тәсілі ретінде қолданылатынын байқауға болады. Бұл тәсіл әңгімелеу мәтіндерінің жасалуында да белсенді түрде қолданылатынын көреміз. 
Көркем мәтіндегі ақпараттың берілу ерекшелігіне қарай оның құрылымы да күрделене түседі. Мысалы, төменде мәтінге жаңа қосылған ақпарат мәтін тақырыбына орай қатыстырылып, оның ақпараттық мазмұнын күрделендіріп тұр және ол мәселенің маңыздылығы бірден көрінбейді: ...Сондай ұлыған қарлы дауыл астында, елсіз меңіреу дала, Абайдың өзі туып-өскен сахарасы болса да, қазірде соншалық мейірсіз, қатал, өгей анадай. Кеше ғана балалығымен, жігіттік жастығының, жасыл шөбі сарғаймас алтын бесігіндей болса, сол қызықты қан жайлау қазір суық қабыр ызғарындай, аяздап, қырауытып тұрған тас табытындай (М.Әуезов). 1-сөйлемнің темасы – «сондай ұлыған қарлы дауыл астындағы елсіз меңіреу дала» болса, 2-сөйлемнің темасы – сол ойдың жалғасы – «қызықты қан жайлаудың» куәсі болған дала бейнесіне ұласқан. Мәтіннің темасына қарай жаңа қосылған Абайдың ішкі жан дүниесі туралы ремалық бөліктегі ақпарат бірден көзге түсе қоймайды. Негізгі ақпарат – дала туралы болып отыр. Мәтін астары осындай күрделі ойдан туған күрделі құрылымдар арқылы жасалады. Бұл жердегі мәтін астары автордың көркемдік мақсатына орай психологиялық параллелизм тәсілімен ұтымды шыққан. 
Кейде бір сөйлем ішінде көп ақпараттың берілуі ойды да, құрылымды да күрделендіреді, кейіпкердің әрекетіне, оқиғаның өтуі барысына ерекше мән беріледі: Ерлі-зайыпты екеуі бір-бірінің бетіне қарап, бір-біріне жауапсыз сұрақ қойып, бір-біріне мағынасыз тесірейе қарап, күрсініп отырып кешті батырды, жалғыз сиыр сауусыз қалды, жалғыз ат тұсаулы қалды, ер-тоқымы да сыпырылмады, түн ортасы ауған кезде екеуі шешініп жатқан болды, бірақ көз ілу қайда, бір-біріне жауапсыз сұрақ қойып кезек-кезек күрсініп, аударылып, төңкеріліп жатып әппақ таңды кірпік ілмей атырды, жатын бөлменің бұрыш-бұрышындағы алакеуім көлеңкелерді күн нұры анық аластаған кезде екеуі де бір мезгілде, бір шешімге бекінді... (Ә.Тарази). Бір абзац көлемін алған бұл сөйлемнің ұзақтығын автордың өзіне тән көркемдік баяндау тәсілі ретінде түсіндіруге болады. Сөйлемдегі айтылған әр етістікті жеке-жеке сөйлем ретінде айтуға да болады. Егер дәл мұндай тәсілді көркем емес мәтіндерде қолдансақ, онда қажетсіз, бір сөйлем көлеміне сай келетін ақпараттарды тым ұсақтаған болар едік және оның мәні де жоғалады. Ал көркем мәтіндерде ол арнайы көркемдік баяндау тәсілі ретінде орынды жұмсалған. КСБ-ларда ақпарат эксплицитті ғана емес, имплицитті жолмен де беріліп отырады. Қарама-қарсы қою, себеп-салдарлық, мерзімдік-шартты байланыстар мен ақпараттар бірліктердің позициялық орналасуы арқылы беріліп отырады. Мысалы: Сол түні Наймантай көпке дейін ұйықтай алмады. Аз уақыт бірге болса да қиялдай тәтті елес боп көңілін баурап алған Аққыздың әрбір қылық-қимылы көз алдында тұрып алды (А.Сейдімбеков). Мұнда себеп-салдарлық байланыс жасырын түрде (имплицитті) берілген. Жан-жағына қызықтап келе жатқан шал, бүйірдегі топ шіліктің қалқасынан шыға келген Бексұлтанды көргенде, оған тосырқай қарап қалды. Шалдың жүрегіне діріл де ұяламапты, қаперсіз, ешбір таңданусыз, Бексұлтанның қимылын ғана бағып тұра берді (Р.Сейсенбаев). Мұнда сөйлемдердің қарама-қарсылық мәнде байланысқаны жасырын түрде берілген. Шал таңертең разъезден түсіп қалды. Разъездің оқшау үйіне бұрылмастан, адымдай басып жүріп кетті. Төрт бес жалаңбұт бала бұған состия қарап қалыпты. Сары күшік абалап үріп, соңына түсті де, шал еш әрекет көрсетпеген соң өз жөнімен кетті (Р.Сейсенбаев). Берілген мысалда мезгілі жағынан ыңғайлас жүзеге асқан әрекеттер жасырын түрде берілген. 
Әңгімелеу мәтіндерінде ақпаратты жинақы беру үшін субъектінің нақты қалыптасқан жағдайға қатысты сезіп-білуге, көріп-қабылдауға қатысты әрекеттері (етістіктер) түсіріліп, тек айналада болып жатқан өзгерістер мен құбылыстар баяндалады. Тіпті кейбір жазушылардың тілінде бұл арнайы көркемдік тәсіл ретінде жұмсалады. 
Мәтіннің ақпараттық мазмұнын кеңейтудің екі жолы бар: интенсивті және экстенсивті. Интенсивті жолмен мәтіннің ақпараттық мазмұнын арттыруда мәтін көлемі азайтылады, бірақ аз көлемге көп мағына-мазмұн беріледі. Алайда мәтін көлемінің азаюы әрдайым оның ақпараттық мазмұнының кеңеюін көрсетпейді. Мәтіннің ақпараттық мазмұнын экстенсивті жолмен кеңейтуде ақпарат молынан беріледі. Осының нәтижесінде мәтіндегі сурет нақты әрі бөлшек-бөлшегімен (детализация) суреттеледі. Бұл суреттелініп отырған құбылысты терең тануға, оның сыртқы өмірмен қатынасы мен байланысын бақылауға әкеледі. Мәтін мазмұнын экстенсивті жолмен кеңейту мәтінге баяндалып отырған құбылыс, оқиғаны анықтайтын, нақтылайтын, түсіндіретін, бейнелейтін қосымша ақпараттар енгізу арқылы жүзеге асырылады. 
1.4 «Композициялық-сөйлеу формалары. Әңгімелеудің өзге мәтін түрлерімен арақатынасы» деп аталатын бөлімшеде КСФ-лардың түрлері мен олардың ара жігі, көркем шығармадағы қолданысы туралы талданды. 
«Суреттеу – бейнелеудің кеңістіктегі дамуы болса, әңгімелеу – мезгілдік дамуы, ал, ойталқы – логикалық дамуы... Шығарманың композициялық құрылымы осы айтылған сөйлеу формаларының түрліше байланысып қиысқан өрмегінен тұрады. Бір-біріне байланыса, кіріге отырып, сөйлеу формалары көркем шығарманың одан да ірі композициялық құрылымдарына бірігеді [8]. Әңгімелеу, суреттеу, ойталқы нақты шығармада бірнеше сөйлемнен құрылған тұтас мәтіннің үзінділерін құрайды. 
КСФ-лар мынадай белгілерге ие болып келеді: олар айрықша мағыналық категория болып табылады; идеалдық мағынаға ие және материалды таңбалардан тыс өмір сүре алмайды. Мәтіннің материалды таңбалық сипаты оның сыртқы қабығы болып саналады; КСФ – бұл тілдің емес, ойлаудың логикалық формасы. Бұл қандай да бір берілген мазмұнның, шындық өмір туралы берілген ақпараттың формасы, ал оны біз тілдік таңбалар арқылы тани аламыз; КСФ – қалыптасқан типтік формалық сипатқа ие. Нақты сөйлеуден тыс барлығына бірдей, жалпыланған, тілдік тұрғыдан сұрыпталған жүйе, сөйлеу композициясының біртектес қалыптасқан формасы болып табылады. Күнделікті сөйлеу барысындағы сөздеріміз осындай КСФ-лардың идеялық формаларының нақты көрінісі болып есептеледі. 
КСФ – ойлау үдерісінің құрылымын, типін және ойлау бөлшектерін өзара және бір-бірімен байланыстырудың тәсілдері мен жолдарын бейнелейтін форма болып табылады. Ойлауды құрайтын маңызды бөлшектерге уақыт пен кеңістік және себеп-салдар жатады. Материяның формасы және оның жасалуы әр түрлі болғаны сияқты оның ұйымдасуының да түрлі жолдары бар. Алайда оларды екі құрылымға бөліп қарастыру қалыптасқан: уақыт құрылымы және кеңістік құрылымы, экстенсивті және интенсивті құрылымдар. Экстенсивті құрылым кеңістікте өмір сүрсе, интенсивті құрылым уақытқа байланысты өмір сүреді. Экстенсивті құрылымға бірыңғай заттарды байланыстырудың қалыптасқан түрлері тән болса, интенсивті құрылымға себеп-салдарлық сипат тән. Осыған сүйене келіп құрылымдық байланыстың екі түрін ажыратуға болады: «әңгімелеу» (интенсивті құрылым) және «суреттеу» (экстенсивті құрылым). 
Егер де оқиғаның, іс-әрекеттің уақыт ішіндегі өрбуі тұрғысынан интенсивті құрылымды әңгімелеуге тән құрылым десек, ойталқыға логикалық құрылым тән болып келеді. Кеңістік – қатарлас нәрселердің орналасу тәртібін көрсетсе, уақыт – қатарлас нәрселердің бірін-бірі ауыстыруын, себеп-салдар – бірінен екіншісінің пайда болуына әкелетін құбылыстардың байланысын көрсетеді. КСФ-ның бұл типтік түрлерінің модификациясы әрқалай. Құрылымы жағынан олар «классикалық» үлгіде немесе күрделі, аралас, өзгермелі құрылымды болып келуі мүмкін. Алайда, мәтіннің қандай да бір модификациясы (қалып алуы, формалануы) сөйлеушінің субъективтік ұстанымына тығыз байланысты болады. КСФ – табиғатынан екі жақты құрылым. Ол – ойлаудың бір түрі, яғни сөйлеу әрекетін жүзеге асырады, әрі сөйлеу әрекетінің бір түрі, яғни қатысым түріне жатады. «Описательные ССЦ предназначены для характеристики явлений природы, предметов, лиц и т.д. путем перечисления их признаков. В зависимости от предмета, который характеризуется, они делятся на пейзажные, на ССЦ портретной характеристики и др... В повествовательных ССЦ дается представление о развитии описываемых событий, об их последовательности. На первый план выдвигается порядок протекания действия. В каждом ССЦ типа рассуждения четко вычленяются три части: а) тезис, б) доказательство (аргументация) и в) вывод» [9, 71 б.]. Берілген анықтаманың өзінен КСФ-ға тән құрылымдық, мағыналық ерекшеліктер мен композициялық ұқсастықтарды анық байқаймыз. 
КСФ-лар мәтіннің контекстік-вариативтік бөлшектерін құрайды. Бұлар – мәтін құрылымының негізін құраушы тұрақты элементтер. Сондықтан көркем мәтіннің мазмұны да КСФ-лардың кезектесіп, араласып келіп, өзара тұлғалық, мағыналық байланысуы арқылы беріледі. Көркем мәтіннің біртұтастығы осы сөйлеу формаларының ұласымы нәтижесінде ұғынылады. Кейбір көлемі шағын шығармалар тек бір сөйлеу формасы арқылы құрылуы әбден мүмкін, не болмаса мәтіннің негізгі баяндау қабаты бір сөйлеу формасы арқылы ұйымдасады. Мәселен, М.Әуезовтің «Қыр суреттері» әңгімесі негізінен суреттеу арқылы баяндалса, Р.Сейсенбаевтың «Үкім» әңгімесінде негізгі баяндау тәсілі ретінде әңгімелеу қолданылады. Сол сияқты Ш. Айтматовтың «Кассандро таңбасы» шығармасында ойталқы мәтіні басым екені байқалады. КСФ-лардың әр мәтіндегі басымдылығы авторлық стильдік мақсаттағы қолданысын танытады. 
Көркем шығармада әңгімелеу, суреттеу, ойталқы мәтіндері аралас жұмсалады. Көркем шығармада әңгімелеу мәтіні көп жағдайда суреттеумен қатар жұмсалады. Сонымен қатар ойталқы мәтіні мен суреттеу және әңгімелеу мүшелерінің бір мәтін ішінде араласып келуі де көркем шығармада кездесіп отырады. Жүргізілген талдаулар әр мәтіннің өзіндік артықшылықтары мен баяндаудағы тиімділігін түсінуге мүмкіндік береді. Ал олардың көркем шығармадағы қолданысы туралы мынадай тұжырым жасауға болады: көркем шығармада суреттеу мәтіндері қоршаған ортадағы заттарды, кейіпкердің бейнесін, портретін, мінезі, құбылыстың сырт пішінін, табиғатты, мекенді суреттеу үшін; әңгімелеу мәтіндері оқиғаға негіз болған белгілі бір уақыт шеңберінде бірінен кейін бірі жүзеге асқан әрекетті бірізді бейнелеп көрсету үшін; ойталқы мәтіні авторлық ой-толғанысты, кейіпкердің іс-әрекетіне қатысты авторлық көзқарасты білдіруде, адамгершілікті дерексіз категориялық мәселелер туралы баяндауда жұмсалады. 
Екінші тарау «Әңгімелеу мәтінінің көркем шығармадағы ұйымдасу ерекшелігі» деп аталып, мұнда әңгімелеу мәтінінің тілдік-құрылымдық сипаты, тақырыптық-мағыналық түрлері мен композициясы және стилистикалық ұйымдасу ерекшелігі көркем прозалық мәтіндер негізінде талданды. 
2.1 «Әңгімелеу мәтінінің тілдік-құрылымдық ерекшелігі» бөлімшесінде әңгімелеу мәтіндерінің лексика-грамматикалық сипаты мен құрылымы сөз болды. Қазақ ұғымындағы «Сөз жібек жіп, жыр кесте» сөзінің метафораланған баламасы мәтін деуге болады. Кесте тігу өнері мен мәтін құрау өнерінің жасалу тетіктері де бір-біріне өте жақын. Мәтіннің жасалуы оның бөлшектерінің өзара байланысы мен қатынасынан, байланысу тәсілінен көрінеді. Синтаксистік байланыс дегеніміз – сөйлеу бірліктерінің өзара қатынасы болып табылады. Ол жекелеген сөйлемдердің арасындағы байланыс түрлері мен тәсіліне және құралдарына қарай ажыратылады. Жекелеген сөйлемдердің синтаксистік байланысы параллельдік және тізбектік болады. Параллельдік байланыс дегеніміз қатар тұрған көршілес сөйлемдердің бірдей, ұқсас синтаксистік құрылымдарға ие болып келуі (Әзімбай да кешкі салқын түсе, үлкен үйдің көлеңкесінен тұрды. Жіңішке қайың құрық сыпталып, жонылып болған-ды (М.Әуезов). Тізбектік байланыс сөйлемдердің синтаксистік тоғысуынан көрінеді (Жылтыр қара мұртының астынан қып-қызыл еріндері күле түсіп, аппақ тістерін ақситып, Мәнікенің қасына ерді. Оны Ысқақ ауылына қарай жаяу ертті де, үй ішінде өткен кеңесті тыңдаумен болды (М.Әуезов). Тізбектік байланыста сөйлемдер құрамына қарай әртектес, параллельдік байланыста біртектес болып келеді. Егер тізбектік байланыстың формуласы А→В, В→С болса, параллельдік байланысқа мынадай формала тән болып келеді: А→ В, С→ Д (В.В.Одинцов). Синтаксистік байланыс бастауыш-толықтауыштық (Үйге кірген Асан ақсақал екен. Оны Мәніке бірден таныды), бастауыш-анықтауыштық Оның артынан біздің Далабай төтенше үйден шықты. Оның да босап шыққанын сезіп, мен қасына да бармадым (Ғ.Мүсірепов). баяндауыш-бастауыштық Кенжекей маздатып от жақты. Жалпылдақ отын лезде тұтады... Қызыл ұшқыны сіркіреп, сытыр-сытыр жанып кетті (Ә.Нұрпейісов). анықтауыш-анықтауыштық Қала тұрғындарының көбінің жеке меншігінде қайығы бар... Солардың біреуінің қайығын сұрап ап, шофер әкелген тамақ пен оқ дәріні, мылтықтарды артып, Мәлік пен Нұрлан көлдің арғы қамысты қабағына есіп барды... т.б. тәсілдер арқылы тұтас мәтін құруға қатысады. Мәтін құрамындағы сөйлемдердің мұндай байланысы арасында белгілі бір синтаксистік қатынастар орын алады. Синтаксистік қатынас деп жеке дара сөйлемдер, КСБ-лар арасындағы семантикалық-синтаксистік қатынастар айтылады. Әңгімелеу мәтіндеріне қарама-қарсы қою, шартты, анықтап-нақтылау, себеп-салдарлық, жалпыдан жекеге ассоциациялық логика-семантикалық қатынас түрлері тән болып келеді. 
Әңгімелеу мәтіндерінде тізбектік байланыстың тікелей және жанама (қашық) байланыс түрлері қолданылады. Тікелей байланыс (контактілі) дегеніміз жақын әрі қатар тұрған сөйлемдердің тізбектік байланысы. Бұған жоғарыдағы мысалдар дәлел болады. Қашық байланыс (дистанттық) дегеніміз өзара алыс тұрған сөйлемдердің тізбектік байланысы. Әңгімелеу мәтіні бірліктерін байланыстырушы синтаксистік құралдар сан алуан болып келеді. Оларға фонетикалық құралдар (интонация, ырғақ т.б.); лексикалық құралдар; грамматикалық құралдар; синтаксистік-стилистикалық құралдар жатады. Әңгімелеу мәтіндерінің бірліктерін мағыналық-құрылымдық және композициялық тұтастыққа біріктіруде ең жиі қолданылатыны есімдік сөздер болып табылады. Соның ішінде жіктеу, сілтеу, жалпылауыш мәнді, өздік есімдіктері белсенді түрде жұмсалады. Әңгімелеудегі есімдіктер мен үстеу сөздер оқиғаның уақытқа қатысты дамуын бейнелеуге қатысып отырады: Кей кезде, әсіресе соңғы уақыттарда, алғашқы он кісі бір-бір кіріп шыққан соң тағы тың адамдарын да жіберетін болған. Бұлар бес-алтыдан да келеді. Кейде тіпті елеусіз болсын деп, өгіз мінгізіп, жалғыз-жарым кедей-кепшікті де жібереді. Келгендердің бәрі де ұғындырған тәртіп бойынша сауда қыла келеді. Әр күн әр ләкпеден әр алуан ұсақ-түйек алады. Бірақ бір қадақ сабын, яки бір кез шыт қана алатын болса да, саспай көп қыдырып, көп саудаласып жүретін қазақ әдетінің осы кездерде пайдасы тиген (М.Әуезов). 
Осы сияқты «осы кезде», «осы уақытта», «сол заматта», «бұл уақытта» т.б. есімдік + үстеу сөздері арқылы жасалған тіркестер шартты синтаксистік қатынас жасауға қатысады. Шарттылық мән іс-әрекеттің, оқиғаның уақытқа қатысынан көрінеді. Әңгімелеудегі оқиға желісінің дамуына, кейіпкердің іс-әрекетін, қимылын баяндауда етістік ең жиі қолданылатын лексика-грамматикалық категория болып табылады. Әңгімелеу мәтіндерінде оқиғаның өтуін бірізділікпен сипаттау үшін етістіктің -ды/-ді, -ты/-ті жедел өткен шақ тұлғалары жиі қолданылып, бірінен соң бірі болған әрекетті жеткізуге бейім болып келеді: Құдайберген құлаған жоқ. Траптың көлденең ағашына арқасы соғылды да тұрып қалды. Ивлев оңдап тағы бір салды. Құдайберген сасар емес. Өз тілінде әлдене деді де, көзі қанталап Андрейдің кеудесін сол қолымен бүріп, оң қолын түйіп, бастан салып қалды. Балғадай жұдырық Ивлевті мұрттай ұшырды. Құдайберген тіл қатпастан траппен жоғары өрлеп кетті. Жұрт күліп жатыр. Біреуі Андрейдің басына шелектеп су құйып жіберді (Р.Сейсенбаев). Жедел өткен шақ өтіп жатқан оқиғаны деталь арқылы нақтылап суреттеу мақсатында көркем шығармада стилистикалық мақсатта жиі қолданылады: Бетін сипап орнынан тұрды. Төбет келіп аяғына оратылды. Аянышты қыңсылады (Р.Сейсенбаев). Ал есімшенің -ған/-ген, -қан/-кен тұлғалары шығармада баяндалып отырған оқиға уақытынан бұрын болған оқиғаны жеткізуде басымырақ қолданылады. Мысалы: Оның әкесі Тілеміс, Есенейдің сұлтан-правитель кезінде тілмашы екен. Бұл қызметті Тілеміс байлықпен немесе бектікпен алмаған, өз басының өнерімен алған. Оның әкесі Сапақ, қазақша «Стоп» орысша Пресногорьковка аталатын казак-орыс станицасына жалшы боп шошқасын бағады екен (С.Мұқанов). 
Әңгімелеу мәтіндерінің жасалуына жалғаулық шылаулар, қыстырма конструкциялар, синтаксистік параллельді құрылымдар, сөздердің орын тәртібі негіз болады. Жалғаулық шылаулар алдыңғы сөйлемде айтылған пікірге, оқиғаға қарсы мән тудыру мақсатында жұмсалады. Қыстырма сөздер, айқындауыш мүшелер сияқты мәтін оқиғасына, кейіпкер іс-әрекетіне қатысты субъективтік қарама-қарсы, ыңғайлас, толықтырушы көзқарасты, ойды, бағалауды көрсету үшін қолданылады. Анафора, эпифора, дамыту, қайталау т.б. және троп түрлері де сөйлемдерді, КСБ-ларды синтаксистік жағынан байланыстырып, оларға белгілі бір стилистикалық мағына, реңк үстеп тұрады. Бұл жолы Яков жылады. Егіліп, шын жылады. Көнбіс Көбеген үшін. Бақытсыз Сақыпжамал үшін. Оқ астында қанға батып өлген бейтаныс әйел - өзінің туған анасы үшін. Тіпті, өмірін аурумен, азаппен өткізген сөйлеуік қара кемпір үшін. Түптен келгенде өзі үшін. Кісі қолына қарап, біржола жетім қалғаны үшін (М.Мағауин). – «жылады» етістігі мен «үшін» шылауының қайталанып келуі мәтін мазмұнының себеп-салдарлық мәнін өзектендіріп тұр. Қайталанып келген етістік пен шылаудың сонымен бірге кейіпкердің ұзақ, қатты қайғырып, түңіліп және таусыла жылаған бейнесін беруге стилистикалық құрал ретінде жұмсалған. Септеулік шылаудың сөйлемнің соңында келуі де оның маңыздылығын арттырып, себеп-салдарлық мағынаға ерекше мән беріп тұр. Әйел екеуміз аз ғана ұрсысып қалдық. Әйел тісінің арасынан бірдеңе деп маған ұрсады, мен де ақырын ғана оған ұрсамын. Әйел жанына батқандықтан және еркектен ұялғандықтан ұрсатын шығар деймін, мен әйелдің өзін аяғандықтан ұрсам (Ғ.Мүсірепов). Етістік сөз қайталанып келу арқылы бірнеше рет жүзеге асқан әрекетті н

Категория: Ғылыми жұмыстар | Добавил: nauriz (04.03.2014)
Просмотров: 1129 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Код *:
Мини-чат
Для добавления необходимо
войти или зарегистрироваться
Yandex жаңалықтары
Партнеры сайта
Меню сайта
Навигация
Әлеуметтану, саясаттану,мәдениеттану [63]
Бизнес, менеджмент, финанс т.б [2]
Патриоттық және мерекелер т.б [0]
Шет ел әдебиеті мен тарихы [0]
Шағын көлемді шығармалар [0]
Философия және логика [0]
Қазақ тілі және тіл білімі [58]
Елді мекендер, қалалар [0]
Агро,шаруашылықтар [0]
Қазақ халық әндері [22]
Курстык жумыстар [0]
Ғылыми жұмыстар [64]
Қазақстан тарихы [32]
Қазақ мерекелері [3]
Тарихи тұлғалар [134]
Еуразияшылдык [0]
Ашық сабақтар [50]
Қазақ әдебиеті [105]
Дүние тарихы [32]
Информатика [42]
Флипчарттар [0]
Силабусстар [0]
Астрономия [0]
Психология [0]
Переводчик [0]
Математика [0]
Педагогика [0]
Дипломдар [0]
Лекциялар [0]
География [71]
Глоссарий [0]
Биология [40]
Экология [0]
Ән,өнер [95]
Дінтану [21]
Физика [0]
Химия [0]
Құқық [0]
Еңбек [0]
Витрина ссылок
Статистика
Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Яндекс.Метрика

Лучшая рип студия!