Главная » Статьи » Ғылыми жұмыстар

Кеңес дәуіріндегі Қазақстандағы көші-қон үдерістері: тарихи-демографиялық аспект (1917-1991 жж.)
КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақстан Республикасының ішкі-сыртқы көші-қон саясатын ғылыми негізде жемісті жүргізу үшін өткен кезеңдегі бұл үдерістің қыры мен сырын анықтап алу өте маңызды. Себебі, ғаламдану кең қанат жайған сайын күрделене түскен тәуелсіз республикадағы көші-қон үдерісі кеңес дәуіріндегі көші-қонның этно-демографиялық салдарларымен тығыз ұштасқан. Сондықтан, бұл жұмыста кеңес дәуірі тұсындағы мемлекеттің ұстанған саясатына орай көші-қон үдерістерінің барысы мен нәтижелері, кемшіліктері, қателіктері, зардабы мен тәжірибелік маңызы көрсетіліп, тарихи-демографиялық салдарлары қарастырылады. 
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Елбасымыз 2010 ж. халыққа Жолдауында 2020 ж. қарай республика халқының саны 10 пайызға өсуі үшін мемлекет барлық мүмкіндіктерді жасайды [1] деп, қазіргі кезеңдегі еліміздің дамуының басымдылық бағытына ерекше көңіл бөлді. Табиғи өсіммен бірге көші-қон мәселесінің сабырлы саясаттың, тұрақты экономиканың, құқықтық қатынастардың, ұлтаралық достық пен келісімнің негізгі тіректерінің бірі ретіндегі рөлі көтерілуде. Еліміздегі демографиялық ахуалда оң өзгерістерге қол жеткізу үшін көші-қон мәселесіне басымдылық беріп, табиғи өсімді ынталандыру – мемлекетіміздің демографиялық саясатындағы басты бағыттарының бірі болып табылады. 
Кеңес дәуірі тұсындағы идеологиялық ұстаным зерттеушілерді елдің әлеуметтік-демографиялық ахуалының нақты бейнесінен хабар беретін некелік жағдай, ажырасқандар, туу мен өлім-жітім мәселелері, олардың өзгерістері, ең алдымен оның этностық ерекшеліктері мәселелерін ғылыми зерттеуден алыстатты. Ал, көші-қон үдерістерінің жоғары аталған демографиялық өзгерістеріне ықпалын көрсету тіпті де мүмкін болмады. Өйткені демографияға формациялық дамудың марксистік-қоғамтанушылық тұжырымдамасы таңылып, халықтану саласындағы зерттеулердегі құрғақ сандар ұлттық және жалпы адамзаттық мүддеден көрі таптық мүддеге қызмет етті. 
Кеңестік жүйенің ыдырауымен ХХ ғ. өн бойында қазақ халқы басынан өткізген демографиялық апаттардың саяси факторларын ашудың ұлттық болмысты сақтап, дамытудағы маңызының зор екендігі тек тарихшы ғалымдардың ғана емес, сонымен қатар басқа да қоғамдық ғылым салалары өкілдерінің алдындағы міндеттің біріне айналды. Бүгінгі таңдағы республикадағы демографиялық ахуалдың астарының өткен дәуірлермен тығыз байланыста жатқандығы жайында нақтылы мәліметтер мен ғылыми тұжырымдар көпшілік қауым назарына ұсыныла бастады. Көпұлттардың өкілдері бар Қазақстандағы демографиялық ахуал елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму ерекшеліктерімен тығыз байланыстырылып, жеке зерттеле бастады. Соның ішінде, мемлекет құраушы ұлт - қазақтардың тарихи тағдырының Қазақстанды отанына айналдырған көптеген өзге ұлт өкілдерінің тағдырымен астаса дамуының шынайы тарихы ашылуда. Ал, тарих – халықтың зердесі. Ол болып өткен, оны түзете алмаймыз және жақында ғана жасалып келгеніндей, билікке жағынып, бір түсін екіншісімен ауыстырып, жаңаша жаза алмаймыз. Біз оны бүкіл қайшылықтарымен, қаһармандық немесе қайғылы беттерімен қоса, ол қандай болса нақ солай, бүкіл алуан түрлілігімен, тұтас күйінде қабылдауға тиіспіз. Отандық тарих ғылымының салалары ішіндегі кеш дами бастаған бөлігі болғандықтан, тарихи демографиялық зерттеу жұмыстары халықтану бағытындағы өзекті мәселелердің түбіне жетпек түгіл, үстіңгі қабатын қарастырып біткен жоқ. Соның бірі – кеңес дәуірі кезіндегі көші-қон үдерісі және оның этно-демографиялық нәтижелері мен салдарлары мәселесі. 
ХХ ғ. Қазақстанның демографиялық дамуындағы басты ерекшелік – халықтың сандық және сапалық динамикасында табиғи өсімнің емес, көші-қон үдерісінің ықпалының басты рөл атқаруы. Ғасыр бойы жүрген көші-қон халықтың көп ұлттық құрылымын қалыптастырып қана қоймай, республиканың саяси-әлеуметтік, экономикалық даму ерекшеліктерін айқындап, қазақ ұлтының дәстүрлі даму бағыттарына күрделі өзгерістер енгізді. Сонымен бірге, көші-қон үдерістерінің көлемі, бағыттары мен негізгі үрдістері Қазақстанның жеке аймақтарының әлеуметтік, экономикалық және демографиялық даму ерекшеліктерінің қалыптасуына да әсерін тигізді. 
Тарихи демографиядағы ұлттық фактор, ең алдымен, қазақ ұлтының дамуына қатысты. Тарихи-географиялық жағдайлар қазақтарды екі алып халықтың, екі ұлы мемлекет – Ресей мен Қытайдың жақын көршілері болуға алып келді. Осының өзі Қазақстан тарихында өшпес із қалдырып, тіпті қазақ халқын ХХ ғ. бірінші жартысында ұлт ретінде сақталып қалу немесе жойылып кету дегенге жақын демографиялық апаттарға ұшыратты. Ендігі жерде қазақтың кең байтақ даласын халыққа толтыру деген ұғым біздің көршілеріміздің саяси мақсатына айналмауы үшін, мемлекетіміздің көші-қон саясаты мен этно-демографиялық дамуының ХХІ ғ. болашағы мәселесін нақтылау үшін, Қазақстанның кеңес дәуіріндегі демографиялық тағдырының көші-қон қозғалыстарының барысы мен нәтижесіне қатысты заңдылықтары мен ерекшеліктерін анықтау қажеттілігі тақырыптың өзектілігін көрсетеді. 
Халықтың көші-қоны тақырыбы экономикалық, саяси, тарихи, құқықтық тұрғыдан жарияланған еңбектерде қамтылғанымен, оның барысының кеңестік биліктің ұлттық және әлеуметтік саясатымен тікелей байланысты болғандығы тарихи демография ғылымы тарапынан арнайы зерттелінбеді. Көші-қон үдерісінің нәтижесінде одақтас республикалар халқының құрамындағы жергілікті ұлттар үлесінің төмендеуі, еңбек ресурстарының қайта бөлінуіндегі келімсек ұлттар өкілдері үлесінің артуы және т.б. туралы зерттеулердің жүргізілуі КСРО-ның ішкі және сыртқы саясаты үшін де тиімсіз болды. Өйткені, КСРО-дағы ұлтаралық қатынастар мәселесінде қалыптасқан ұғымдарға қайшы келетін мәліметтер социалистік өмірдің шынайы мәнін ашуы сөзсіз еді. Сондықтан, тарих ғылымында толыққанды зерттеу нысаны болмаған кеңес дәуіріндегі Қазақстандағы көші-қон үдерістерінің динамикасы мен демографиялық салдарлары тақырыбын жаңаша, тың әдістемелік тұжырымдама тұрғысынан зерттеу өзекті болып табылады. 
Көші-қон мәселесі қай кезеңде болмасын өзекті. «Ұлын – Ұрымға, қызын – Қырымға» аттандырып, талай көші-қонды басынан өткізген қазақ елінің тарихи дамуындағы жаңа – тәуелсіздік жылдарындағы сатысы ғаламдану үдерісімен бірмезгілде қатар жүруде. Халықтың әлеуметтік-демографиялық даму деңгейі оның мекендеген ортасы, географиялық орналасқан жері, өмір сүретін елінің мәртебесі мен саяси-экономикалық даму деңгейі, әлеуметтік-мәдени ахуалы, әлеуметтік-құқықтық қамсыздандырылуы және т.б. тыныс-тіршілігінің барлық салаларымен өзара тығыз байланысты. Осындай кешенді фактор көші-қонның себептеріне, көлеміне, бағыттары мен салдарларына әсер етсе, көші-қон, керісінше сол факторлардың туындауы мен кез-келген мемлекеттің ішкі және халықаралық көлемдегі даму деңгейінің өзгерістеріне ықпал етеді. Жаһандану кең қанат жайған кезеңде Қазақстанда көші-қон үдерісінің жаңа түрлері пайда болып, көлемі, мәні, барысы, маңызы және салдарлары күрделенген сайын көші-қон мәселесін зерттеудің қажеттілігі мен өзектілігі күшейе түсуде. Бұл халықаралық ЕҚЫҰ (ОБСЕ) секілді ұйымға төрағалық етудегі Қазақстан Республикасы мысалында анық көрінуде. 
Әлемдік құндылықтарға бай ұлттар мен халықтар өкілдерінің біртұтас жүйесі болып табылатын республика халқының көпэтностық құрамы елде демократияның одан ары дамуына мүмкіндік беретін артықшылық. Себебі, бір мемлекетте әр түрлі халықтар мен ұлттар өкілдерінің бейбіт өмір сүруі қоғамды демократияландырудың негізгі белгілерінің бірі. Мемлекет құраушы қазақ ұлты қоғамымыздағы барлық этностық топтар мүшелерімен иық тіресе, азаматтық мемлекет құруда. Сондықтан көші-қон үдерісінің кеңестік дәуірдегі ерекшеліктерін, салдарлары мен тәжірибесін тұжырымдамалық тұрғыдан қайта пайымдаудың республика халқын азаматтылық пен патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатындағы өзектілігі жоғары. 
Тақырыптың ғылыми, іс-тәжірбиелік және мемлекеттік маңыздылығы – өткен тарихи тәжірибені, оның нәтижелері мен салдарларын ескеріп, елдегі барлық этностар мүддесінің сақталуын қадағалау арқылы мемлекеттің көші-қон саясатының жолдарын ашып, бүгінгі таңдағы тұрғындардың көші-қондық қозғалыстарының себептерін нақтылауда. Сонымен бірге, ара-тұра түсініспеушіліктерден туындайтын ұлтаралық қатынастағы келіспеушілік құбылыстардың алдын алып, ұлтаралық қақтығыстарды болдырмау үшін де кеңес дәуіріндегі көші-қон саясатын, үдерістің барысын, нәтижелерін тарихилылық, нақтылық, объективтілік, шындық қағидалары тұрғысынан зерттеп, халыққа насихаттау қажет. Осылайша, біз тәуелсіз Қазақстанның өмір шындығына сай тарихын жазып, «Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптастырудың тұжырымдамасын» жүзеге асыруға үлес қосамыз. 
Сонымен, кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерістерінің демографиялық салдарларының шынайы бейнесін ашу қажеттілігі тақырыптың өзектілігінен туындады. 
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Халықтану мәселесіне қатысты кеңес дәуірі мен тәуелсіздік жылдарында жарияланған зерттеу жұмыстарында ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басындағы қоныстандырудан бастап, кеңес дәуірі кезінде ерекше күшейген көші-қон үдерісі кешенді мәселелердің ішінде қамтылып отырды. Бірақ, кеңес дәуірі кезіндегі көші-қон үдерістерінің тарихы, соның ішінде тарихи демографиялық мәні, тарихи зерттеулерде ашық айтуға идеологиялық тыйым салынғандықтан, қордаланған «ақтаңдақтардың» тарихи демографиялық қырлары әлі күнге дейін арнайы зерттелген жоқ. Сондықтан, диссертацияда кеңестік дәуірдегі көші-қон үдерісінің демографиялық аспектісі тақырыбының зерттелу деңгейін белгілеп, жиналған тәжірбиені қорытындылап, ашылмаған тұстарын анықтау үшін, тақырыпқа қатысты зерттеулерді үш топқа топтастыра талдадық. 
Бірінші топқа кеңестік дәуір қарсаңындағы көші-қон мәселесі қарастырылған зерттеу жұмыстары жатады. Себебі кеңес өкіметінің орнауы мен орнығуы тұсындағы Қазақстандағы көші-қон үдерісі ХХ ғ. басындағы тарихи оқиғалармен тығыз байланыста жүрді. С. Асфендияров, Т. Рысқұлов, 
С. Сәдуақасов, Г.Г. Галузо, Ә.Б. Тұрсынбаев, П.Д. Верещагина, А.Б. Геллер, Н.Е. Бекмаханова, Д.И. Дулатова, Б.С. Сүлейменов, Ф.Н. Базанова, 
М.Х. Асылбеков, Н.В. Алексеенко және т.б. ғалымдардың зерттеу жұмыстарында қоныс аудару саясатының себептері, мақсаттары, барысы, салдарлары талданып, патша өкіметінің қоныс аудару саясатының отаршылдық сипаты көрсетілді. Осы зерттеулерде Қазақстан халқының сан жағынан өсіп, құрамы бойынша (ұлттық, жас-жыныстық, әлеуметтік, білім деңгейі және т.б.) өзгерістері ХІХ ғ. екінші жартысынан бүкіл ХХ ғ. бойы жүрген көші-қон үдерістерінің, оның ішінде сырттан келген көші-қоншылар толқындарының әсері екені айқындалды. Бірақ нақ кеңес билігі қарсаңындағы демографиялық ахуал жете зерттелмеген. 
Екінші топқа кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерісі мәселесі қамтылған сол кезде жарияланған зерттеу жұмыстары топтастырылды. Бұл топтағы зерттеу жұмыстарының басты зерттеу нысаны халықтың саны, оның өсуі мен қарқыны болды. Бірақ, кеңес өкіметі саяси-экономикалық реформаларының зардабынан халықтың көрші елдерге ауа көшуінің ірі демографиялық апаттарға әкелгендігі кеңестік идеологиялық ұстанымдардың қыспағымен ұзақ жылдар бойы ғылыми әдебиеттерде көрініс таппады. Көші-қондық үдерістің кеңестік дәуірдегі ерекшеліктері және оның Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуына ықпалы мәселесі Ф.Н. Базанова, М.Б. Тәтімов, Е.Н. Гладышева, 
Р. Конквест, Л.А. Квон, М.Х. Асылбеков, Ә.Б. Ғали, М.Қ. Қозыбаев, 
Т.О. Омарбеков, Б.А. Төлепбаев пен В. Осипов, С. Айымбетов және т.б. зерттеушілердің еңбектерінде айтылды. Бірақ ол еңбектердің мақсаты – көші-қон үдерісінің өзі емес, Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық дамуы мәселесі болғандықтан, біздің зерттеу тақырыбымызға қатысты мәліметтер кешенді мәселелер ішінде қарастырылып кетеді. 
Үшінші топқа тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген тарихи туындылар біріктірілді. М.Х. Асылбеков, М.Б. Тәтімов, Ж.Б. Әбілхожин, М.Н. Сдықов, Н.В. Алексеенко, Ә.Б. Ғали, В.В. Козина, М.К. Төлекова және т.б. ғалымдардың еңбектерінде кеңестік кезеңде шектен тыс идеологияландырылып, саясаттандырылған тарихи демография саласын шынайы ғылыми жолға қою, оның өзекті мәселелерін жаңа тұжырымдамалық көзқараспен зерттеу негізгі міндетке айналды. ХХІ ғ. басында көші-қондық мәселелер тарихын зерттеу «ақтаңдақ» беттерін ашу, объективтілік пен шынайылылыққа, тарихи ұстанымдарға негізделген өзекті мәселелерін талдау бағытында жүргізілуде. 
Диссертациялық жұмыстың деректік негізін құраған: мұрағат қорларының құжаттары; жарияланған статистикалық жинақтар мен ағымдық статистикалық мәліметтер; халық санақтарының материалдары; көші-қон үдерісін реттеуші заңнамалық құжаттар; кеңес өкіметі мен үкіметінің, Коммунистік партияның қаулы-қарарлары мен шешімдері; тақырыптың мерзімдік шегіндегі көші-қон үдерісінің барысын, ерекшеліктері мен нәтижелерін айғақтайтын құжаттық деректер жинақтары; баспасөз беттерінде жарияланған экономикалық, әлеуметтiк, ұлттық, демографиялық даму салалары мен көші-қон жөнiндегi материалдар; кеңес дәуірі мен тәуелсіздік жылдарында көші-қон мәселесі көтерілген мақалалар, хабарламалар және т.б. 
Зерттеу нысаны – Қазақстандағы кеңес дәуірі кезіндегі көші-қон үдерістері және оның Қазақстан халқының этнодемографиялық даму барысына тигізген ықпалы мен нәтижелері. 
Пәні - тарихи демографиялық зерттеу. Қазақстандағы 1917-1991 жж. өмір сүрген кеңестік дәуірдегі көші-қон үдерістерінің барысы мен оның салдарлары мәселесінің тарихи демографиялық қыры. 
Зерттеу жұмысының мақсаты - кеңес өкіметі дәуіріндегі Қазақстандағы көші-қон үдерістерін, оның мәні мен маңызына қарай бөлінген тарихи кезеңдердегі барысын, негізгі факторларын, түрлері мен нәтижелерін анықтап, Республика халқының этнодемографиялық дамуына ықпалын талдау. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттер көзделді: 
- кеңес дәуіріндегі көші-қон мәселесін зерттеуде қол жеткен нәтижелері мен олқылықтарын анықтау. Зерттеудің теориялық-әдістемелік негіздерін нақтылап, деректік мәліметтерді талдауды тереңдету; 
- кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерісін толқындарына, бағыттарына, бары-сына, нәтижелеріне қарай, тарих ғылымында ашылған жаңа тұжырымдамалар негізінде кезеңдерге бөлу; 
- кеңес дәуірі қарсаңындағы Қазақстандағы саяси, демографиялық ахуалдың негізгі үрдістерін көрсету; 
- көші-қон үдерісінің әр кезеңдегі ішке және сыртқа бағытталған түрлерін (республика ішіндегі, аймақ аралық, КСРО республикаларымен, шетелдік) анықтау; 
- көші-қон үдерістерінің негізгі факторларын жіктеп, ерекшелігін талдау; 
- 1917-1991 жж. 74 жыл өмір сүрген кеңестік дәуірдегі көші-қон үдерісінің Қазақстан халқының ұлттық құрамын өзгертудегі ықпалын кезеңдер бойынша ашу; 
- көші-қонның саяси-демографиялық катаклизмдермен өзара байланысын көрсету негізінде халықтың жастық-жыныстық және біліми құрамына тигізген әсерін кезеңдер бойынша талдау; 
- Қазақстандағы қалалану үдерісінің халықтың көші-қон қозғалысының белсендірілуіне мен демографиялық мінез-құлқының өзгерістеріне тигізген өзара әсерін анықтау; 
- тәуелсіздік қарсаңындағы Қазақстандағы көші-қон үдерістерінің ерекше-ліктерін, оның себептері мен бағыттарын анықтап, тәуелсіздік жылдарындағы көшi-қон үрдiстерiнiң кеңестік кезеңдегі көші-қон үрдістерімен байланысын, ерекшеліктерін, барысы мен нәтижелерін көрсету; 
- көші-қон үдерістерінің өркениетті даму жолындағы тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық даму ерекшелiктерiне сай, ұлттық саясатты жүргізудің тұжырымдамасы ретiнде практикада қолдануға болатын iс-шаралар бағыттарының қалыптасуындағы маңыздылығын айқындау. 
Диссертацияның ғылыми жаңалығы. 
- Тақырыпты зерттеуде гуманистік таным заңдылығы, ұлттық және өркениеттілік құндылықтар тұрғысынан мәселені пайымдау тұжырымдамасы басшылыққа алынды; 
- Қазақстандағы ХХ ғ. көші-қон үдерістері мен оның этнодемографиялық салдарлары алғаш рет тарихи себеп-салдар және сабақтастық тұрғысынан жан-жақты және кешенді түрде зерттелді; 
- кеңестік дәуірдегі көші-қон үдерісінің демографиялық қырына қатысты жарияланған еңбектер тақырыптың зерттелу деңгейін көрсетіп, қол жеткен нәтижелері мен олқылықтарын анықтау үшін үш топқа топтастыра талданды; 
- кеңестік дәуірдегі көші-қон үдерісі тәуелсіздік кезіндегі қазақстандық тарих ғылымының тұжырымдамалық ұстанымы тұрғысынан ашылған жаңа көзқарастарға сай алты кезеңге бөліне қарастырылды. Кезеңдерге бөлуде көші-қон қозғалысының бағыттары, барысы, көлемдері, қарқындылығы, сондай-ақ, халықтың сандық және сапалық құрамына, республиканың саяси-элеуметтік жағдайы мен этнодемографиялық дамуына тигізген әсері назарға алынды; 
- кеңес өкіметі орнауы қарсаңындағы көші-қонның ерекшеліктері талданды: ішке Ресейдің орталық аймақтарынан шаруалар көші-қоны жалғасса, 1916 ж. көтерілісті басып-жаншу шараларынан сыртқа қашқан қазақтар көші-қонының демографиялық салдарлары анықталды; 
- 1917-1926 жж. көші-қоншылардың лек-легімен келуінің өндірістендіру басталғанға дейін тоқтатылуына орай Қазақстанға көші-қонның саябырсу кезеңі деп атадық. Бұл кезеңде бұрынғы патша өкіметінің отарлауымен тұтасқан көші-қон саясаты жаңа кеңестік түрге ауысты. Қазақтар 1926 ж. санақта 58,5% болып, көпшілік мәнін сақтады. 
- Ұлттық саяси элита өкілдерінің 1920-жылдардағы сырттан көші-қоншыларды келтіруге қарсы көзқарастары мен іс-шаралары талданды; 
- 1917-1918 жж. болған ашаршылық кезінде Түркістан Республикасындағы қазақтардың 34,1%-нан айрылғаны, ерекше Сырдария облысы құрамындағы қазақ жерлеріндегі қазақтардың шығынының жоғары болғаны анықталды; 
- 1926-1939 жж. өлкені экономикалық жағынан пайдалануды қарқынды көші-қон үрдістерімен ұштастырудың Қазан төңкерісінен кейінгі көші-қонның қайта өрлеген жаңа кезеңін бастағаны көрсетілді. Осы кезеңдегі саяси-демографиялық катаклизмдермен өзара байланысқан көші-қонның халықтың ұлттық, жастық-жыныстық, біліми құрамына тигізген әсері құпия болып келген мәліметтер арқылы сараланды; 
- кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерісінің құқықтық қамсыздандырылу мәселесі кезеңдер бойынша қарастырылды; 
- Одақтық организмінің тетігі қызметін атқарған республикадағы 1939-1945 жж. сыртқы көші-қонның жаңа бағыттары мен түрлерінің Ұлы Отан соғысына байланысты үшінші кезеңдегі түрлері талданды. Ал, ішкі көші-қонда соғыс қарсаңында басталған жоспарлы қоныстандыру шаралары тоқтатылды; 
- 1946-1959 жж. көші-қон үдерісі нәтижесінде қазақтар мен басқа да орыс емес ұлт өкілдерінің ана тілін игеруі, білім деңгейі, қала мен ауыл халқы арасалмағындағы үлесі, еңбекпен қамтамасыз етілуі, халық шаруашылығында қамтылуы секілді әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштердегі өзгерістері тереңдеді. Тың қазақты тұқыртып, 1959 ж. санақта 29,7%-ға түсірді. Ғасыр басынан санағанда, Қазақстандағы халықтың 70%-дайы сырттан келгендер болды. Көші-қон арқасында 1959 ж. 30 жасқа дейінгілер халықтың 62,5%-ы немесе республика халқының 2/3 бөлігі болды. 
- 1959-1970 жж. Қазақстанға сырттан келушілердің көші-қоны аздап саябырлағандығы анықталып, бұл кезеңді көші-қон қозғалыстарының бәсеңдеу кезеңі деп атадық. Осы кезеңде орын алған «демографиялық жарылыстың» тұрғылықты ұлттың үлесін 2,9 пунктке көтергені, 1970 ж. қазақтардың 32,6%-дық үлесінен азшылық ұлт мәртебесінің жойылмағаны көрсетілді; 
- 1970-жж. ғасырдан астам уақыт бойы қазақ жеріне бағытталған көші-қон қозғалысы кері бұрылды. Ресей мен КСРО-ның басқа республикаларынан Қазақстанға көшіп келушілер әлеуеті сарқылды. 1970-1991 жж. көші-қон үдерісінің халықтың сандық және сапалық өзгерістерге тигізген ықпалы мен осы кезеңдегі көші-қон үдерісінің ерекшелігі айқындалды; 
- Қазақстандағы қалалану үдерісі және оның халықтың көші-қондық қозғалысының белсендірілуіне тигізген әсері мен ішкі көші-қондық қозғалысқа түскен топтардың ұлттық, жастық-жыныстық, біліми-мамандықты құрамы, орналасуы мен әлеуметтік жағдайларындағы ерекшеліктері ашылды; 
- кеңес дәуіріндегі көші-қондардың ұйымдастырылу деңгейінің жетілді-рілмеуі ұлтаралық жанжалдардың тууына негіз болғанымен, көші-қон үдерісінің саяси, мәдени нәтижелері адамзат қоғамындағы ұлтаралық келісім, шыдамдылық, өзара көмек пен бейбіт қатар өмір сүру құндылықтарының орнығуына байланысты өзгерістерге ұшырағаны көрсетілді; 
- Қазақстанның тәуелсіздік алу қарсаңындағы көші-қон үдерістерінің ерекшеліктері нақтыланды және т.б. 
Зерттеу жұмысының мерзімдік шеңбері 1917-1991 жж. аралығында 
74 жыл бойы өмір сүрген кеңес өкіметінің билік құрған дәуірін қамтиды. Күштеп ұжымдастыру, жедел өндірістендіру және басқа әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар, саяси қуғын-сүргін мен екінші дүниежүзілік соғыс, тың және тыңайған жерлерді игеру және басқа күрделі тарихи оқиғаларға байланысты бұл дәуірдегі көші-қон үдерістерінің ерекшеліктері талданған. Диссертацияда кеңес өкіметі қарсаңындағы елдегі этнодемогра-фиялық ахуалды салыстырмалы түрде көрсету үшін 1897 ж. санақ материал-дары және тәуелсіздік жылдарындағы көші-қон үрдістерінің жаңғырығын анықтау үшін 2009 ж. санаққа дейінгі тәуелсіз Қазақстан мәліметтері де қолданылады. 
Зерттеу жұмысының аумақтық ауқымы кеңес дәуірінде көптеген шекаралық және әкімшілік-аумақтық өзгерістерге ұшыраған қазіргі Қазақстан Республикасының аумағын қамтиды. 
Зерттеудің қолданыстық маңызы. Зерттеуде ұсынылған мәліметтерді, жасалған қорытындылар мен тұжырымдарды жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы, оның арнайы курстары, тарихи демография, әлеуметтану, деректану, саясаттану пәндерi бойынша оқылатын дәрістер мен семинарларда пайдалануға болады. Көші-қоншылар, сыртқы және iшкі көшi-қонға байланыс-ты ғылыми мәлiметтердi жалпы зерттеу жұмыстарында пайдалануға болады. 
Сонымен бірге, Қазақстан халықтары Ассамблеясы мен этномәдени орталықтарында сабырлы саясаттың, ұлтаралық достық пен келісімнің қалыптасуының тарихын насихаттау үшін қажетті еңбек. Зерттеу жұмысы Қазақстандағы демографиялық ахуалдың өткен кезеңдерін оқып, танысқысы келетін көпшілік қауымға да арналған. Мемлекеттің көші-қон саясатын ғылыми негізде және тәжірибе арқасында саралай, нақтылай түсіп, ілімді дамытуға көмек көрсете алады. Зерттеу қорытындыларының осы тақырыпты зерттеушілерге көп көмек берері сөзсіз. Сондай-ақ, бұл еңбек Қазақстандағы көші-қонның көлемін, оның барысын, қорытындысы мен өлкелердегі тарихын білгісі келетіндерге де қажетті зерттеу жұмысы болып табылады. 
Диссертацияның теориялық және әдістемелік негізі. Тақырыпты зерттеуде маркстік-лениндік әдіснамаға негізделген нақты бағалаулардың бейнесін көрсете отырып, тарихты өркениеттілік пен ұлттық тұрғыдан жаңаша пайымдаудың әдістері қолданылды. Салыстырмалылық, саралау, талдау және қорыту, тарихи-салыстырмалы, жүйелілі-құрылымдық, теориялық таным, тарихи және демографиялық детерменизм, терминдерге талдау жасау, матема-тикалық статистикалық, түсіндірмелі-баяндау, тарихи құбылыстарды бағалау, модельдеу мен типтендіру және т.б. сияқты ғылыми, философиялық, әлеумет-танушылық, тарихи зерттеу әдістері кешенді түрде қолданылды. Көші-қон үдерістерінің тарихи демографиялық салдарлары тарихи құбылыстар ретінде көпфакторлы әсерлердің өзара байланысы тұрғысынан зерттелді. Ал, факторлар тарихи құбылыстарға тең дәрежеде әсер ететін, сол құбылыстардың жемісі. 
Зерттеу жұмысында басшылыққа алынған негізгі идеологиялық тұжырымдама – гуманистік таным заңдылығы және өркениеттілік құндылықтар тұрғысынан пайымдау болып табылады. 
Теориялық негізін ғылыми танымның тарихилылық, нақтылық, шынайылық және құбылыстардың бағалылығы мен жүйелілігі принциптеріне негізделген зерттеулердегі тұжырымдар құрайды. Мәселені зерттеуде салааралық, әртүрлі ғылымдардың – тарихи, демографиялық, сатистикалық, көп өлшемді класстер-талдау (Фуззи класс), салыстырмалы тарихи-демографиялық талдау, интерполяция, қайта қалпына келтіру және т.б. әдістерін үйлесімді түрде пайдалануға талпыныс жасалды. 
Диссертацияларда пайдаланылған мәліметтер «Statistica», «SPSS», «Statgrafch» және кестелік «Microsoft Excel» редакторы секілді қазіргі кезеңдегі қондырмалық бағдарламалар көмегімен өңделді. 
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар: Кеңес дәуірі тұсындағы көші-қон үдерістері мен оның демографиялық салдарлары жөнінде төмендегі тұжырымдар жасалды: 
- Кеңес дәуірінің орнығуы кезіндегі көші-қон үдерістері патшалық Ресей кезінен басталған қоныстандыру шараларының жалғасы іспеттес болды; 
- Қазақстандық тарих ғылымының тұжырымдамалық ұстанымы тұрғысынан ашылған жаңа көзқарастарға сай кеңес дәуіріндегі республика халқының саны мен құрамындағы өзгерістерге ықпал еткен негізгі фактор – көші-қон үдерісі өзіндік ерекшеліктері бар алты кезеңге бөлінеді; 
- 1917-1926 жж. бұрынғы патша өкіметінің отарлауымен тұтасқан көші-қон саясаты кеңес дәуірі кезінде жаңа түрге ауысты. Қазақстанға сырттан келушілер саябырсыған бұл кезеңде сырттан европалық ұлттар өкілдері көшіп келіп, орналасуын, ал, қазақтар шетелге қашып, өз тарихи отанындағы жерлерінен айрылу, үлесін кеміту үрдісін жалғастырды. 1917-1918 жж. Түркістан Республикасын, 1921-1922 жж. қазақ жерін толық қамтыған ашаршылықтар кезіндегі өлке халқының сыртқа көші-қоны мен табиғи қозғалыстағы кері айырымы қазақтар санын кемітті; 
- көші-қон үдерісінің қазақ халқының ұлттық дамуына кері әсерін көре білген ұлттық саяси элита өкілдері көші-қон қозғалысын тоқтатуға күш салды; 
- 1926-1939 жж. Қазан төңкерісінен кейін қайтадан жанданып, қайта өрлеген сырттан келгендердің көші-қоны демографиялық апатқа әкелген ашаршылықтар мен көтерілістерді жазалаудан туындаған қазақтардың көші-қонына кері бағытта өрбіді; 
- Қазақстандағы көші-қон үдерістерінің әсері қазақ тілінің қолданыс аясын тарылтып, ұлттың өмір сүруіне дәуірлік кедергісін тигізді. Орыс тілділердің көптеп көшіп келуі, олардың халық құрамындағы үлесінің өсуі, орыс тіліндегі білім беру орындарына артықшылық жағдайдың тудырылуы, еңбек қолы ретінде орыс тілді мамандардың негізгі сұранысқа ие болуы қазақтардың өз жерінде азшылыққа айналуына ғана әкелмей, ұлттық болмыстың мәнін елеусіз күйге түсіріп, тұрмыс-тіршілігіне өзгерістер енгізді; 
- көші-қоншылардың республика ішіндегі орналасуы мен орнығу ерекшелігі олардың, негізінен, қала халқының құрамындағы үлесінің артуына әкелді. Ал, ғасырлар бойы көшпелік және жартылай көшпелілікпен айналысқан қазақтардың отырықшы бөлігінің қалалықтар құрамындағы үлесінің төмен болуы олардың көші-қонға түсуінің инерттілігіне және оларды өндіріс орындарына тартуға көңіл бөлмей, сырттан көші-қоншыларды көптеп әкелуге байланысты. Кеңес дәуірі кезіндегі жергілікті халықты өндіріс орындарына тартудағы шектеу ұлттық мамандардың әлеуметтік құрамдағы басшы орындарда, өндірістер мен ірі кәсіпорындардағы үлесінің төмен болуына негіз болды; 
- көші-қон аралас некенің өсуіне әкелді. Аралас некеден туған ұрпақтың ішінде орыс тілі мен ұлтын таңдаушылар басым болды; 
- 1939-1945 жж. көші-қон үдерістері демографиялық, этникалық және әлеуметтік жағдайға айтарлықтай әсер етті. Ұлы отан соғысы жылдарындағы бұл үдерістің республика экономикасының дамуы мен кәсіби-білікті жұмысшы мамандар мәселесін шешудегі рөлі шешуші болды; 
- 1946-1959 жж. – соғыстан кейінгі қалпына келтіру, қазақ жерінде өндіріс орындарын ашу мақсатында құрылыстар жүргізу, тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты келген көші-қоншылар қазақ ұлтының геосаясатын, тұрмыс-салтын, этно-тіл мәдениетін өзгеріске ұшыратты. Қазақ жеріне сырттан әр түрлі ұлт өкілдерінен тұратын көші-қоншылардың қоныс тебуі қазақ жерінің бөлшектеніп кетуіне мүмкіндік беретін жағдайлар туғызды. Қазақстанның солтүстік бөлігін Ресейге қосу, неміс автономиялы облысын құру, Шығыс Қазақстанды бөлек автономиялық басқаруға беру туралы, қазірдің өзінде Қазақстанның солтүстігін «орыстық солтүстік» деп көрсететін ой-пікірлердің туындауы, сондай-ақ, қазақтың жеріне, тіліне, болмысына, тарихына деген елеусіз көзқарастың қалыптасуы кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерісінің саяси, экономикалық, мәдени, психологиялық факторлармен астасқан салдарларының нәтижесі; 
- 1959-1970 жж. Қазақстанға сырттан келушілердің көші-қоны аздап саябырлай бастады. Айырбасында кері айырым жоқ бұл кезеңді көші-қон қозғалыстарының бәсеңдеу кезеңі дейміз; 
- 1970-1991 жж. көші-қон осы үдерістің ХІХ ғ. соңынан басталған бағытына қарсы бағытқа бұрылды; 
- кеңес дәуіріндегі көші-қон Қазақстан халқының демографиялық үдерістерінде экзогендік факторлардың үстем болуына әкеліп, елдің демографиялық ахуалының тұрақтылығына нұқсан келтірді. Бұл, әсіресе титулды ұлттың дамуында демографиялық апаттар түрінде көрінді. Дегенмен, қазақ халқы өзінің өміршеңдігін көрсетіп, әртүрлі ұлттар мен этностар арасындағы ұлтаралық келісім, шыдамдылық, өзара көмек пен бейбіт қатар өмір сүру құндылықтарының орнығуының ұйытқысы бола білді. 
Зерттеудің сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыс БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихи демография және қазіргі әлеуметтік үдерістер бөлімінде орындалып, институттың Тарихи демография және қазіргі әлеуметтік үдерістер және Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімдерінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды (хаттама № 9, 2010 ж. 17 маусым). 
Зерттеудің нәтижелері мен қорытындылары 40 ғылыми еңбектерде, оның ішінде Ғылым және Білім саласындағы Бақылау комитеті бекіткен ғылыми басылымдар тізіміне сәйкес – 17, өзге ғылыми басылымдарда – 5, шетелдік басылымдарда – 5 (Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан) жарияланып, халықаралық және республикалық конференцияларда 13 баяндама көпшілік назарына ұсынылып, материал жинақтарында басылды. 
Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Жұмыс сілтемелер мен қысқартылған сөздерден, кіріспеден, бес тараудан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Кіріспеде диссертациялық жұмысқа жалпы сипаттама беріліп, тақырыптың өзектілігі негізделіп, жұмыстың зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, әдістемелік негіздері, мерзімдік ауқымы, іс-тәжірбиелік маңызы және қорғауға ұсынатын негізгі тұжырымдары көрсетілген. 
«Мәселенің әдістемесі, тарихнамасы мен деректік көздері» деп аталатын бірінші тарауда тақырыптың теориялық-әдістемелік негіздемесі мен тарихнамасы қарастырылып, мәселенің дерек көздеріне талдау жасалынады. 
«Зерттеудің теориялық-әдістемелік негіздері» атты бөлімде зерттеу жұмысына қатысты теориялық-әдістемелік ұстанымдар мен тұжырымдар баяндалады. 
Кеңестік дәуірдегі теория мен әдіснама тарихты, әсіресе ұлттық тарихты бұрмалаушылықтарға әкеліп соққаны белгілі. Демографиялық мәселелер мен мәліметтер қатаң бақылауға алынып, қадағаланып, басқарылып қана қоймай, саяси басшы идеяның қажетіне бейімделді. Ал, көші-қон үдерістерінің зерттелуіне деген идеологиялық қағидалар тіпті қатаң болды. Идеологиялық қасаң қағидалардың құрсауы мен маркстік-лениндік әдістеме тарихи, демографиялық сипаттағы еңбектерде көші-қон үдерістерін теориялық жағынан объективті талдауға нұқсан келтірді. Ең бастысы, тұрғылықты ұлт – қазақтардың демографиялық дамуындағы апатты жағдайлар көмескіленіп, елде орын алған үдерістер оңды маңызы жағынан ғана түсіндірілді. Қазақстанның тәуелсіздік алуымен тарихи оқиғаларды бағалауға деген көзқарас түбірімен өзгерді. Тарих ғылымының дамуында қоғамдық өмірдің барлық салаларына терең тамыр жайған маркстік-лениндік әдіснамадан арылдық. Тарихты өркениетті, халықтық, ұлттық тұрғыда жазуға ден қойылып, Қазақстан халқының демографиялық дамуының тарихи үдерістермен тығыз байланыстылығы тұжырымдамалық тұрғыдан қайта пайымдала бастады. Көші-қон үдерістерін тарихи демографиялық аспектіде зерттеу қазіргі Қазақстан тарих ғылымының ішкі өзгерістерімен қатар, тарихи білімді жаңарту үдерісін басынан өткізіп жатқан тұтастай тарих ғылымындағы өзгерістерге қатысты жүруде. Осындай жағдайда ұлттық тарихты оқшауламай, мазмұны ұлттық тарихтың шындығын қайта жаза отырып, оны зерттеуде қолданылатын әдістер мен әдістемелердің ғылымдағы ортақтығына көңіл бөлеміз. Кеңес дәуіріндегі тарихи білімдердің вакуумын толтыру объективтілікті, шынайылылықты, тарихилық пен нақтылықты субъективизмнің жетегіне кетпей, анықтау арқылы жүзеге асырылады. Сонымен бірге, нәтижелері мен зерттеу әдістерін пайдалану үшін басқа тарихи мектептердің ғылыми әлемдегі танымал тұжырымдамалары мен бағыттарының жетістіктерін есепке аламыз. Бұндай ұстаным ұлттық тарихты әлемдік құбылыстардан оқшауламауға, ұлттық деңгеймен шектелмей, отандық тарихтың зерттелмеген бос кеңістігін толтыруға мүмкіндік береді. 
Қазақстанның тарихи демографиялық мәселелерін зерттеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, осы кезеңге дейін жарияланған зерттеулерде кеңес өкіметі тұсындағы Қазақстандағы көші-қон Одақ көлеміндегі тұтас үдерістің құрамдас бөлігі ретінде көрсетілді. Ал, біздің зерттеуімізде республикадағы көші-қон құбылыстары республикалық үрдістер тұрғысынан ғана қарасты-рылды. Көші-қон тақырыбындағы маркстік-лениндік әдіснамаға негізделген бағалаулардың нақты бейнесі көрсетіліп, мәселе өркениеттілік әдіснамаға [2, 17-б.] сүйенген ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырылады. Диссертацияда өткеннің жетістіктерін жоққа шығармай, кемістіктерін көрсете отырып, елдің тарихын тұжырымдамалық тұрғыдан қайта пайымдау әрекеті жасалады. Осы мақсатта, біріншіден, кеңес дәуірінде Қазақстанда жүрген көші-қон үдерістері мен оның категориялдық ұғымдары нақтыланды. КСРО-ның құрамындағы Қазақстандағы барлық үдерістер одақтық мәселелердің жиынтығында ұлттық түрден ада, одақтық маңызды мәселелердің бір бөлігі ретінде баяндалатын. Көші-қон мәселесіне тікелей және жанамалай түрде қатысты осы кезге дейін жарияланған зерттеулерде кеңес дәуірі кезіндегі көші-қон қозғалысының түрлері одақтық көзқарас тұрғысынан республика аралық және республика ішіндегі және халықаралық деп бөлінсе, енді жеке мемлекеттік көзқарас тұрғысынан көші-қон қозғалысын сыртқы және ішкі деп екі түрге бөле отырып қарастырамыз. Сыртқы көші-қонға өзге республикалармен арадағы көші-қон мен КСРО-дан тыс шет мемлекеттермен көші-қон айырбасын жинақтаймыз. Сонан соң олардың әрқайсысын бағыттарына байланысты топтастырып, әр топтағы көші-қон түрлерінің тарихи кезеңдердегі ерекшеліктерін, ортақ белгілері мен нәтижелерін нақтылаймыз. Бұл кеңес дәуірі тұсындағы Қазақстандағы көші-қон тарихының шынайы мәнін ашып, оның халықтың сандық және сапалық құрамындағы өзгерістеріне әсерін анықтауға және әрбір кезеңдегі көші-қон үдерістерінің халықтың этнодемографиялық дамуындағы негізгі үрдістері мен заңдылықтарын талдауға көмектеседі. 
Екіншіден, көші-қон үдерістерін кезеңдерге бөлу мәселесіне орай пікірімізге тоқталайық. Қазақстанда XVIII-XXI ғғ. жүрген көші-қон үрдерісін үш дәуірге бөлуге болады: 
1) XVIII ғ. ортасынан 1917 ж. дейінгі дәуір – Ресейлік империяның отары болған кездегі қоныс аударушылардың Қазақстанға бағытталған көші-қоны. Әсіресе, ХІХ ғ. екінші жартысынан басталған келімсектер көші-қоны қазақ жерін көп ұлт өкілдерінің мекендеген жеріне айналдырды. 1916 ж. Ұлт азаттық көтерілісті басып-жаншу, жазалау шараларынан қашқан қазақтардың сыртқа көші-қоны болмаса, бұл дәуірде қазақтар сыртқа кеткен жоқ; 
2) 1917-1991 жж. кеңестік дәуір – әр түрлі саяси-экономикалық реформалар мен науқандар негізінде қазақ жеріне келімсектердің жаппай көші-қоны мен мәжбүрлі көші-қондар арқасында Қазақстан көп ұлтты халқы бар республикаға айналды. Кеңестік дәуірдегі таптық мәнді ту етіп, ұлттық ерекшеліктерді елеусіздендірген мемлекеттік көші-қон саясатының нәтижесінде қазақтарға ұлт ретінде құрып кету қаупі төнді. 1916 ж. Ұлт азаттық көтерілісті жазалау шараларынан қашқан қазақтардың көші-қоны кеңестік дәуірде өршіген қазақтардың сыртқа көші-қонының бастамасы болды. Осы дәуірде орын алған саяси-демографиялық катаклизмдердің нәтижесіндегі қазақтардың өлім-жітімі мен сыртқа көші-қоны және ең бастысы, қазақ жеріне аграрлық, өндірістік, қуғын-сүргіндік көші-қондар толқындары арқасында өзге ұлт өкілдерінің келуі тұрғылықты ұлт өздерінің тарихи жерінде азшылық ұлтқа айналдырды; 

Категория: Ғылыми жұмыстар | Добавил: nauriz (04.03.2014)
Просмотров: 1300 | Рейтинг: 1.5/2
Всего комментариев: 0
Код *:
Мини-чат
Для добавления необходимо
войти или зарегистрироваться
Yandex жаңалықтары
Партнеры сайта
Меню сайта
Навигация
Әлеуметтану, саясаттану,мәдениеттану [63]
Бизнес, менеджмент, финанс т.б [2]
Патриоттық және мерекелер т.б [0]
Шет ел әдебиеті мен тарихы [0]
Шағын көлемді шығармалар [0]
Философия және логика [0]
Қазақ тілі және тіл білімі [58]
Елді мекендер, қалалар [0]
Агро,шаруашылықтар [0]
Қазақ халық әндері [22]
Курстык жумыстар [0]
Ғылыми жұмыстар [64]
Қазақстан тарихы [32]
Қазақ мерекелері [3]
Тарихи тұлғалар [134]
Еуразияшылдык [0]
Ашық сабақтар [50]
Қазақ әдебиеті [105]
Дүние тарихы [32]
Информатика [42]
Флипчарттар [0]
Силабусстар [0]
Астрономия [0]
Психология [0]
Переводчик [0]
Математика [0]
Педагогика [0]
Дипломдар [0]
Лекциялар [0]
География [71]
Глоссарий [0]
Биология [40]
Экология [0]
Ән,өнер [95]
Дінтану [21]
Физика [0]
Химия [0]
Құқық [0]
Еңбек [0]
Витрина ссылок
Статистика
Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Яндекс.Метрика

Лучшая рип студия!