Главная » Статьи » Ғылыми жұмыстар

Ұлт-азаттық көтерілістері туралы Қытай қазақтарының тарихи жырлар
"Тарихи жыр мен шындықтың арақатынасы” деп аталатын екінші бөлімде Демежан, Зуқа, Жақыпберді, Елісқан сынды батырлардың өмірін өзек еткен "Демежан батыр”, "Зуқа батыр”, "Жақыпберді батыр”, "Үркін-қорқын” жырларының тарихи шындыққа жанасымдылығы қарастырылды. Аталған жырлардың бәрі де ұлт азаттығын көксеп, елі үшін басын бәйгеге тіккен асыл ерлер жайында. Бұл жырлардың қай-қайсысын алсақ та, жыр кейіпкерлері тарихи өмір кешкен ерлігімен дараланған қарапайым жандар. Мысалы, "Демежан батыр” жырындағы Демежан – керей, найманның үш мың үйлі жанын билеген, айналасындағыларға өте сыйлы болған жан, әрі мәнжүр-қытай отаршылдарының озбырлығына, ел ішіндегі жемқор, мәнсапқұмар басшылардың кері әрекеттеріне қарсы күрескен өз дәуірінің саяси қайраткері болған. Әке-шешеден ерте айрылып, нағашы жұртында тәлім-тәрбие алған. Жастайынан өжет, қайсар болып өсіп, ел ісіне ерте араласады. Отаршыл үстем тап өкілдері шонжарларының талап еткен ауыр алым-салығына, озбырлығына қарсы күреседі. Осы тұста қазақ пен мәнжүр, сібе, солаң, дағұр шонжарлары арасында бір-бірімен қырғи қабақ жиі болып тұратын. Мал үшін, жер үшін дау-дамайдың өрбіп тұрған дәуірі еді. Мұның үстіне мәнжүр билеушілерінің қазақ пен қазақтың арасына іріткі салып, бірін-біріне айдап салу тәсілін қолданып отырғанын қазақтар өзара білмей, түсінбей қырқысып жатқан заман болатын. Демежан осы екі қыспақтың екеуін де көрген, әсіресе, мәнжүр билеушілерінің әділетсіз айла-сұмдығына қарсы күрескен халық қаһарманы, ел ардағы. Ел қорғаны бола білген асыл ер әділетсіз басшылардың тарапынан дарға тартылып өлтірілген. Зерттеуші Зейнолла Сәнік: "Архивте Демежан 1861жылы дүниеге келіп, 1908 жылы шаһит болғандығы мәлім. Бұл деректі Тарбағатайда өткен үлкен ағартушы Сұлтан Қанапин өзінің "Демежан үкірдай хақында естелік” деген қолжазбасында да анық жазып кеткен. Қолжазба Шәуешектің бұрынғы "ортақ тіл” деп аталатын аралас тілінде жазылған, онда былай делінеді: Демежан 1908 жылы 47 жасында өлтірілді. Сүйегін консул көшесінде тұратын Жақыпжан ақсақалдың қорасына (өзбек) әкеліп, денесінен қан шығып кеткендіктен имам-моллалары "шаһит” деп бағалап, жаназасын шығарып, қанды киіммен қойды 27, Б.192-193” – деп көрсеткен дерегіне сүйенеді. Ал зерттеуші Мәкен Баймоллаұлы: «Демежан 1907 жылы қазанның 9-ы күні өлтірілді» - деп жазады. 28,166-б. Қалай болғанда да: 
- Ойласам өз күнімді бүйтер ме едім, 
Қайғысыз рахатта өтер едім. 
Жамандық ардан безіп ойлағанмен 
Дүниеден өлмей тірі кетер ме едім. 
Жұртым-ау, ел сасқанша жан қияйын, 
Өлместей із қалдырып, сөз болайын. 
Берсем егер жеріңді сұрағанда 
Берсем егер малыңды тілегенге 
Абырой бұдан артық табар едім. 
Мәтендер қияр жанын мен дегенде. 
Қорғадым қорқаулардан байлығыңды, 
Жүргіздім қайтпай қарсы билігімді. 
Ел үшін өлсем шейіт боламын деп 
Сақтаймын өле-өлгенше ерлігімді 29 - 
деп өткен Демежанның артында қалған ұрпағы әке ерлігін мадақ тұтып, зерттеушілерге құнды мәліметтер беріп келеді. 
Демежанның тарихи өмір кешкен ел азаттығы үшін өмірін қиған асыл ер екенін батырдың тұстасы, жақын жүрген досы Әсет пен Әріпжан ақындардың жоқтауларынан көруге болады. Әсет ақын: 
Ассалаумағалейкум, беу Қарағаш, 
Саяңа шұбырған ед тамам алаш… 
…Жәйіліп төрт тарапқа даңқы кеткен 
Кешегі ер Демежан иең қайда? 
…Қарадан хан боп туған қайран Декем, 
Бір саған қас қылғанды құдай атар. 
Жарасқан ақ ордаға қайран Боздақ, 
Көшірді-ау құдайдан соң солаң қозғап. 
Ханым мен ханыша болған қатын-балаң 
Қолында әлде кімнің кетті-ау боздап… 
27, 111-б. 
- деп жоқтаса, Әріпжан Жанұзақұлы жанына жара салған қайғылы қазаға өкінеді. Демежанды халықтың қалаулы азаматы ретінде жоқтайды: 
Сабазым, артық туған кемеңгерім, 
Солаңның тұмсыққа ұрған жемеңгерін. 
Көре алмай төрт үкірдай болды күндес 
Мәртебең дутыңменен теңелгенін. 
Ханзудың ерте біліп тіл мен заңын, 
Халықтың жоқтап едің мұң мен зарын. 
Түбінде маған сенен бір зауал деп 
Түбіңе жетті ақыры Мәтен залым. 
Жазықсыз дарға асып төкті ғой қан, 
Қайысты қабырғасы естіген жан. 
Ат байлап ағашыңның саясына 
Жоқтаған күңіреніп мен Әріпжан, - 
деп ақын өз күйінішін білдіреді. 
«Зуқа батыр» жырының бас кейіпкері Зуқа қажы да нақтылы өмірде болған адам. Тарихи деректерге сүйенсек, ХХ ғасырдың 20-жылдарының аяқ шеніне келгенде Алтай өңірінің қоғамдық жағдайы тіпті де асқына түсті. 1928 жылы жазда Алтайдың дау иыңы (қосымша қорғаныс елшісі) болып Ви Жыңго дейтін біреу келді. Ол келе сала Алтай халқына қанды шеңгелін салды. Халықты қан қақсатты. Әскери күшпен озбырлық жүргізіп, алман-салықты шектен тыс ауырлатып, елді ерекше қатты күйзелтті. 3,86 б. Ви Жыңгоның бұл зұлымдығына шыдамай қарсы күрескендердің бірі – Зуха Сәбитұлы болды. Зуха Сәбитұлы 1866 жылы шығыстағы Қалба тауының етегінде дүниеге келген. Абақ керейдің Ителі руынан шыққан ол - аталарының жолын қуып, діни дәріс алған. Атасы Нұрмұхаммед бүкіл орта жүзге таныс абыз атанған. Өз әкесі Сәбит те абақ керейдің ішінде мешіт-медресе салып, бала оқытқан, «Дамолла» деген атақ алған діни оқымысты адам болған. Солтүстік Шыңжаңның ұлан-ғайыр елінде 40 жылға жуық имамдық жолында ұстаздық еткен. Төрт ұлы - Зуха, Білжай, Дәкен, Шәкірат әкеден жастай қалып, көзі ашық, көкірегі ояу шешесі татар қызы Бәтиманың тәрбиесінде өседі. Зуха 1903 жылы Меккеге қажылыққа барып, сонда біраз жүріп, 1906 жылы 40 жасында қажылықтан оралады. Қажылықтан кейін 23 жыл өмір сүріп, 1929 жылы басы алынып шейіт болған. 
Енді Зуқа батырдың жырдағы бейнесін жыршылар: 
…Ішінен бұл керейдің бір ер шықты, 
Дұшпанын ерегескен жерге жастап. 
...Келгенде жиырма жасқа атқа мініп, 
Ішінен өз елінің шыққан екен, 30, 301-б. - 
деп хабарлайды. 
Жырда Зуха тек батыр ретінде ғана емес, әр қырынан көрініс береді. Мәселен, ел ішінде беделді адам екендігін: 
Алтай, Боғда, Үрімжі, Жайыр, Сауыр, 
Тұрушы ед ортасында бір асқар бел, - 
- деп сипаттайды. Оның халық қамын ойлаған, әділетсіздікке қарсы шығып, бай-шонжарлармен, билік басындағылармен үзеңгі қағыстыруларын: 
Пақырлар күліп қайтар, жылап барып. 
Шаһит қой Зуха батыр жүзі жарық. 
Қорлығы өткен халықтың қас жауынан 
Еліне берем деуші ед теңдік алып, - 
- деп суреттейді. 
Жырда болған оқиға бұрмаланбаған. Қайта жыр мен дерек бірін-бірі толықтырып отырады. Жырда Зуқа қажының басын денесінен бөліп алып кеткендігі турасында мынадай жолдар бар: 
Қауіпсіз жатқан шағында 
Шеріктің қамап алғаны. 
Басын кесіп қажының 
Қу қоржынға салғаны 30, 305-б.. 
"Зуханың басын денесінен бөліп алып, қоржынға сала қашқан Ма дарын тізгін ұшымен Сарысүмбеге жетеді. …Уи дауиң Сарысүмбенің Қыран өзеніне салынған үлкен көпірдің кіре берісіне Зуханың басын іліп қойып, "кім бағынбаса осыны көреді” деп үгіт жүргізеді” 18, Б.174-178 . Міне, тарихи жыр мен шындықтың арасы алшақ емес екендігі осы жырда да көрініс берген. 
"Жақыпберді батыр” жыры – Қазақстан қазақтарының 1916 жылғы ақ патшаның "Июнь жарлығына” қарсы бас көтергені үшін қудалауға түсіп, лажсыз Қытайға кеткен Жақыпберді атты ердің Қытай жеріне барғандағы көрген қиыншылықтары мен азаптарын бейнелейді. Бұл да тарихи шындық. 
Қытай билеушілері қазақтардың арасына арнайы тыңшылар жіберіп, Қазақстаннан қашып барған барлық азаматтарды "ел арасына іріткі салғалы келген арандатушылар” деп, шетінен абақтыға жауып, артынан ату жазасына бұйырады. Жақыпбердіге де "саяси қашқын” деген жала жабылып, сол жазықсыз атылғандардың қатарында кетеді. Ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан батырдың басына қауіп төнеді. Жырдағы мына жолдарды оқып көрелік: 
Сөзінің қалеті жоқ анығында, 
Тұрмайды ешбір ағаш қабығында. 
Жерінен Ресейдің қашып келдік, 
Орыстың бала алатын салығында. 
Құдірет осы іске бастадың ба, 
Ақ патша қатаң келді салығы да, - 
деген жолдар тарихи құжаттардай әсер етеді. Батыр қорқақтықпен қашып келген жоқ. Патша жарлығына қарсы көтеріліс жеңіліс тапты. Патшаның жазалаушы әскерлері көтеріліске қатысқандарды аяусыз жазалап, тұтқындай бастады. Ұзақ, Жәмеңкелерді Қарақол абақтысына қамады. Көп адамдарды қызыл қырғынға ұшыратты. Осындай сәтте Жақыпберді батыр белгісіз елге бел асты. Бірақ батыр сатқындықтың құрбаны болды. 
Отыр ек Ақбұлақта бие байлап, 
Жүруші ек ел ішінде күліп-ойнап. 
Қайтейін қапияда қолға түстім 
Қарусыз тұрып қалдым көзім жайнап. 
Қылмаспа ем ақ патшаның шерігіндей 
Қолымда құрал болса оқпен жайлап…31, 21-б. 
Немесе: 
Кешегі жорық тартқан қайран күндер, 
Жау болса беттемеген сарыныма 31, 25-б. - 
деген сөздерінен Жақыпбердінің ақ патшаның жарлығы мен салығына қарсы бас көтеріп, қару алып соғыс майданына шыққанын білуге болады. 
Гоминдаң өкіметінің қазақтарға жасаған отарлық-озбырлық саясаты шектен асып кеткендіктен халық көтерілістерге шығып отырды. Бірақ көтеріліс жеңіліс тапқан жағдайда билеушілер халықты аямай қырғындап отырды. Мұндай қырғынға шыдамаған ел лажсыз басқа жаққа аууына тура келді. Қанды қыспаққа төзбей ел мен жерден еріксіз үдере көшу, босу - өз алдына бір тарихи қасірет. Әрине, ел мен жерді тастап, көз көріп, құлақ естімеген жаһанға көш басын бұру  ауырдың ауыры еді. Оңайшылықпен ауа коймайтын ел лажсыз босқын болуға тура келді. Олар келер ұрпағының қамы үшін, елді аман алып қалу мақсатымен туған жер, атамекеннен шеткерледі. Бұл нәубет қазақ баласының басына түскен 1-нәубет емес-ті. Жоңғар қырғынында Қаратауды асып, ақтабанмен шұбырған көштен еш айырмасы болмады. Яғни, басы 1723-жылдан басталған шұбыру ақ патшаның қара жұмысқа бала алу Жарлығының тұсында, одан кейін Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ашаршылықта үшінші реткі қайталанса, Шың Шысай тұсында қытайдағы қазақтардың бұл босуы қазақтың 4-реткі шұбыруы болды. Біз "Үркін-қорқын” жырын Қытайдағы қазақтардың шет елдерге ақтабан болып шұбырып, босқын болған тарихынан бөліп қарамауымыз керек. Өйткені, біз жырдан „Қытайдағы қазақтардың шет елдерге босуы" немесе „Шың Шысайдың нәубеті" деген үлкен маңызды мәселені аңғарамыз. Жыр белгілі қоғам қайраткерлері, әрі саясаттанушы Халифа Алтайдың "Атажұрттан Анадолыға дейін”, "Алтайдан ауған ел” және Хасан Оралтайдың „Елім-айлап өткен өмір" деген атпен жариялаған өз бастарынан өткізген өткендері жайындағы естелік жазбалары дәл осы жырмен мазмұндас. Жырда да, деректемелерде де бір кездері Шыңжаңды мекендеп, кейін Такламакан шөлін басып, Тибет асып, одан Үндістанға келіп, кейбірі осында қалып, кейбірі – Пәкістанға, кейбірі – Стамбулға, енді кейбірі атамекені – Алтайға қайта оралғандығы сөз болады. Демек, Халифа Алтай мен Хасан Оралтайдың деректі шығармаларымен салыстыра отырып, "Үркін-қорқын” жырын нақты тарихи туынды деп қарауымызға әбден болады деген шешімге келдік. 
Олай болса, "Үркін-қорқын” жыры сол 1932-жылдардан басталған Жың Шоурын мен Шың Шисайдың зорлық-зомбылығы мен қырғынынан атамекенін еріксіз тастап шет елдерге босқын болып, бас сауғалап көш түзеген қазақтардың қайғылы күйі мен зарынан мәлімет беретін маңызы зор тарихи туынды. Жырда Қытай өкіметінің қорлықтарына шыдамай, ашық қарсы шығып, ездік өмірден ерлік өлімді артық көрген Елісхан батырдың ел бастап Алтай топырағынан бір жола ауған қаралы да қасіретті көшінің бастан өткерген қиын-қыспақтары нанымды баяндалады, әрі жыр оқиғасын тарихи құжаттар да растайды. Белгілі ғалым Р.Бердібаев: "Түркиядағы қазақтардың алғашқы тобы сонау қырқыншы жылдардың бас кезінде Қытай билеушілерінің қорлығына шыдамай, бірнеше мемлекеттің шекарасын басып өтіп, орасан шығынға ұшырап, Үндістан жерінде тұйыққа тіреліп, "жер ортасы Көктөбе” деп қайда барарын білмей дағдарып қалған елден құралған. Оларға жәрдем қолын созып, көшіріп әкеп қоныс берген, орналастырған, ес жиып, етек жиюға көмектескен Түрік үкіметінің мұндай қамқорлығын ешқашан да естен шығаруға болмайды” - деп ескертеді. 32, 160-б. 
Қытайдағы қазақтардың бір бөлегі қорлық қысымға, озбырлыққа шыдамай, еркіндік, тыныштық көздеп, жаңа мекенді шарқ ұрып іздегенінің қасіретке толы тарихы осы "Үркін-қорқын” жырының негізін құрайды. Жыр қорқыныш, үрейден үрке ауған қайғылы ел өмірінің қатал шындығын шынайы көрсете алғандығымен құнды. 
Сонымен қорыта келгенде, бұл бөлімде нысанаға алған тарихи жырлардың тарихи шындықтан алшақ кетпейтіні тарихи құжаттар арқылы анықталып отырды. Ал, осы тараудың "«Демежан батыр» жыры нұсқаларының өзіндік ерекшеліктері” деп аталатын ІІ.І тармақшасында Демежан батыр жайындағы жырлардың бес нұсқасы (Қ.Орынбасарұлы, Т.Құсайынұлы, А.Татанайұлы, Ә.Қоңқаұлы, Ә.Әмірұлының нұсқалары) салыстырылып, текстологиялық талдау жасалынады. 
Жырдың барлық нұсқаларында оқиға желісінің баяндалуы әрқалай болғанымен, ішкі мазмұны ұқсас. Әр нұсқада оқиғаларды баяндауда өзіндік айырмашылықтары кездесіп отырады, 1-оқиғаның баяндалуында /толық, толық емес/, 2-оқиғаның орын тәртібінде, 3-тіл көркемдігінде. Жырдың композициялық сюжетінде кездесетін оқиғалар жырдың көп нұсқасында кездеседі. Мысалы жырдағы мына эпизодтар нұсқалардың бәрінде де ұшырасады. 
1. Демежанды таныстыру; 
2. Мәтеннің Шәуешекке амбы болып келуі; 
3. Мәтен мен Ысқақтың жақтас болып, елді азғыруы; 
4. Мәтеннің алым-салығы, Демежанның қарсы келуі; 
5. Демежанның Ішбетіден Алтайға кетпек болуы; 
6. Демежанның Мәтенге келуі, қолға алынуы; 
7. Демежанның елге хаты, абақтыдан қашуы; 
8. Батырдың қайта ұсталуы; 
9.Мәтеннің Демежанды дарға асу үкімі, консулдың араша түсуі; 
10. Демежан өлімі. Батырды жоқтау, оған деген халық құрметі; 11. Жыр соңы. 

Категория: Ғылыми жұмыстар | Добавил: nauriz (04.03.2014)
Просмотров: 838 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Код *:
Мини-чат
Для добавления необходимо
войти или зарегистрироваться
Yandex жаңалықтары
Партнеры сайта
Меню сайта
Навигация
Әлеуметтану, саясаттану,мәдениеттану [63]
Бизнес, менеджмент, финанс т.б [2]
Патриоттық және мерекелер т.б [0]
Шет ел әдебиеті мен тарихы [0]
Шағын көлемді шығармалар [0]
Философия және логика [0]
Қазақ тілі және тіл білімі [58]
Елді мекендер, қалалар [0]
Агро,шаруашылықтар [0]
Қазақ халық әндері [22]
Курстык жумыстар [0]
Ғылыми жұмыстар [64]
Қазақстан тарихы [32]
Қазақ мерекелері [3]
Тарихи тұлғалар [134]
Еуразияшылдык [0]
Ашық сабақтар [50]
Қазақ әдебиеті [105]
Дүние тарихы [32]
Информатика [42]
Флипчарттар [0]
Силабусстар [0]
Астрономия [0]
Психология [0]
Переводчик [0]
Математика [0]
Педагогика [0]
Дипломдар [0]
Лекциялар [0]
География [71]
Глоссарий [0]
Биология [40]
Экология [0]
Ән,өнер [95]
Дінтану [21]
Физика [0]
Химия [0]
Құқық [0]
Еңбек [0]
Витрина ссылок
Статистика
Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Яндекс.Метрика

Лучшая рип студия!