Главная » Статьи » Ғылыми жұмыстар

Орхон, Енисей, Талас ескерткіштеріндегі және қазіргі қыпшақ тілдеріндегі моносиллабтардың құрылымдық ерекшеліктері
Түркi тiлдерiнде VСС модельді дербес түбiр-негiздердiң сандық көрсеткiшi тым аз екенi белгiлi. Қазiргi қазақ тiлi бойынша VСС модельдi 19 дербес лексема тiркелсе [25,63-64], А.М.Щербак реконструкциялаған жалпы түркiлiк бiр буынды сөздер тiзiмiнен 6 сөздi ғана кездестiреміз [24,193-198]. 
*alk «ослабевать, уменшаться» (ДТД, 59); alq→alqïn КТк. 9; Тон. 3: türk budun ölti, alqïndï, joq boltï «Түркi халқы қырылды, алқынды, жоқ болды» (Айд. II, 104) ~ қаз., ққалп. alqïn; қырғ. alkïn. Қазақ тiлiндегi alqïn етiстiгiнiң «ентiгу», «әлсiреу, шаршау» мағыналары арқылы *alq моносиллабының негiзiнде елiктеуiштiк мазмұн жатқанын аңғаруға болады. Alqïm «тамақ, мойын», alqa «мойынға тағылатын әшекей» сөздерiнің негізі де *alq моносиллабы. 
elt «тянуть, вести, уводить» (Лев. 40) КТү. 23: jarаqlïγ qantan kelip jana eltdi «Жарақты қайдан келiп айдап кеттi» (Айд. I, 176) ~ ескi қыпшақ тiлiнде еlt (Құрыш. 111); ққалп., қар., құм. еlt; тат., башқ. ijlt. Э.В.Севортян elt лексемасын el «әкелу», «апару (алып бару)», «жеткiзу» түбiр етiстiгi мен бұйрық райдың қосымшасы -t арқылы жасалған екiншi дәрежелi етiстiк ретiнде таниды (ЭСТЯ I, 269). elt лексемасын el→elig «қол» сөзiнiң құрамындағы *el моносиллабының семантикалық, тұлғалық парадигмасының аясында қарастыруға мүмкiндiк бар. Бiрақ «қолмен ұстап әкелу, апару» мәнiн беретiн еl/аl түбiрiмен «iлестiрiп әкету, апару» мәнiн беретiн елт лексемасын байланыстыру логикалық қисынға қайшы, екi тұлғаға ортақ семантикалық уәж жеткiлiксiз. Ә.Құрышжанов күнелту сөзiнiң құрамындағы -еlt тұлғасын ХIII ғасырдан жеткен қыпшақ ескерткiштерi тiлiндегi еlt етiстiгiнiң қазiргi қазақ тiлiндегi көрiнiсi ретiнде көрсетедi (Құрыш. 111). Қазақ тiлiндегi el/elt → eltiw, eligiw, eliktew сөздерiнiң жалпы мазмұнында «iлесу, iлестiрiп әкету» мағыналарын аңғарамыз. Салыстырыңыз: er→ ert iлестiру». Көне түркi әлiпбиiнде рт, нч, нт, лт тiркестерiнiң бiр таңбамен ғана белгiленуi VСС тұлғалы моносиллабтардың көне түркi тiлiне етене жақын екенiн бiлдiредi. Ал жалпы түркi түбiрлерiнiң тарихи эволюциясы тұрғысынан қарағанда VСС моделi түркiлiк тектiл кезеңдерiнде қалыптаса бастаған екiншi дәрежелi моносиллабтар болуы мүмкiн. 
Жалпы түркi тiлдерi бойынша СVСС модельді моносиллабтар да бiршама аз кездесетiн тiлдiк модельдер қатарына жатады. Жалпы түркi тiлдерiне ортақ көне тұлғалар қатарында 11 СVСС модельдi моносиллаб тiркелсе [24,193-198], қазақ тiлi бойынша, кiрме сөздердi қоса есептегенде, 190-195 сөзден аспайды, олардың басым бөлiгi елiктеуiш негiздер [18,64]. 
bars «барс» (ДТД, 34) Е. 11: jäti böri ölürdim barsïγ kökmäkid ölürmädim «Я убил семь волков. Я не убивал барсов ланей» (Аманж. 121) ~ қаз., ққалп. barïs; қар., құм., қырғ., тат. bars. Жалпы түркiлiк bars сөзiн кiрме элемент ретiнде қарастырушы пiкiрлер де бар. Э.В.Севортян bars сөзiн түркi тiлдерiнiң ең көне лексикалық қабатына жатқызады (ЭСТЯ II, 69). Түркi тiлдерiнде зоонимдер мен орнитонимдердiң бiраз бөлiгi елiктеуiштерден жасалғаны белгiлi: arïstan, qabïlan, kökek, tïrna, qarγa т.б. Қатты дыбысқа байланысты қолданылатын bars (барс-барс) елiктеуiшi мен barïs зоонимiнiң мазмұнындағы сәйкестiк те кездейсоқ құбылыс болмауы мүмкiн. Елiктеуiштер мен бейнелеуiштер арқылы жасалып, атау сөздерге айналған лексемалар жайлы К.Ш.Хусайын «Название, имеющее звукосимволическое или звукоподражательное происхождение, со временем теряет свою природную связь и приобретает конвенциональности, знаковости» [25,166] деген ойлары арқылы сөз дамуындағы тұлға мен мазмұнның табиғи байланысының iздерi сақталатынын көрсетедi. СVС тұлғалы елiктеуiштерге дауыссыз дыбыстардан тұратын грамматикалық индикаторлардың немесе модификаторлардың жалғануы сөз мағынасын нақтылай түсетiндiктен [18,175] қатты шыққан дыбыстың жалпылама мазмұнын бiлдiретiн bar (бар-бар, негiзiнен адам дауысына қатысты) елiктеуiшiне -*s модификаторы жалғануы арқылы кенеттен шыққан қатты дыбысты (негiзiнен иттiң, жыртқыш аңдардың дауысына қатысты) бiлдiретiн сөзге айналғанын аңғаруға болады. 
jurt «земля, страна, родина» (ДТД, 45) КТү. 49; Тон. 19: Usun bunta atlï jurtda üguzke qalur erti «Үйсiн мұнда атты жұртта жатып қалып едi» (Айд. II, 107) ~ қаз. žurt; қырғ., ққалп. žuwrt; ноғ. jurt; башқ. jort; тат. jort/jïrt. Түркi тiлдерi бойынша jurt лексемасының «Отан, туған жер», «елдi мекен», «халық», «мал жаятын орын», «киiз үй», «көшкен ауылдың, үйдiң орны» мағыналары белгiлi. Э.В.Севортян jurt сөзiн jur «жүру» және етiстiктен есiм сөз тудыратын -t аффиксi арқылы жасалуы мүмкiн деген пiкiр айтады (ЭСТЯ IҮ, 255). Ескерткiштер тiлiнде jorï «идти, ходить, передвигаться» етiстiгi де қолданылады: КТк. 4: Bunča jirke jorïtdïm «Сонша жерге жүргiздiм» (Айд. I, 169) ~ қаз., ққалп. žort; тат., башқ. jurt; ноғ. jort. Қыпшақ тiлдерiндегi тарихи негiз jurt/žurt моносиллабының мағынасын «көшпелi халық», «көшпелi халықтың мекенi (ауылы)» ұғымдары арқылы анықтауға болады. Жорға, жортуыл, жорғала сөздерiнiң құрамынан да *zor моделi ажыратылады. Jurt лексемасы тұлғалық жағынан да, мазмұндық жағынан да бiрнеше даму сатысынан өткен алтай тiлдер тобына ортақ көне лексема, салыстырыңыз: жүр, жүгiр, жүйрiк, жылжы, жылдам, т.б. 
Көне түркi тiлiндегi СVСС модельдi моносиллабтардың құрылымдық, мазмұндық табиғаты олардың тарихи негiздерден тұратынын жоққа шығармайды. Жалпы агглютинативтi түркi тiлдерi ғана емес барлық адамзат тiлiнiң қалыптасу, даму эволюциясы өте қарапайым (шағын) тұлғалар мен полисемантикалық жалпылама мазмұнға негiзделетiнi жайлы гипотезалық тұжырымдар мен пiкiрлер көптен берi айтылып жүрген мәселе. Тiлдiк деректер арқылы дәйектелген, ғылыми-теориялық тұжырымдар да бар. Осы тұрғыдан алғанда СVСС моделiн кейiнгi құбылыс ретiнде қарастыруға мүмкiндiк бар. Мыңдаған жылдарды қамтитын түркi тiлдерi дамуындағы көне түркiлiк кезеңнiң сипатын көрсететiн ҮII-IХ ғғ. ескерткiштерi тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi түбiрлес моносиллабтардың тұлғалық парадигмасы мен семантикалық деривациясы негiзiнде бiр буынды түбiрлер мен түбiр-негiздердiң даму бағытын дербес фонемалардың сұлбасы анықталғаннан кейiнгi кезеңдерден бастап былай шамалауға болады: 
СVС VС 
V VС СV СVС СVСС 
VСС СV 
Бұл жерде есте ұстайтын мәселе, бiрiншiден, белгiлi бiр сөзжасамдық қабiлетi бар фоно-модификаторларды жетiлген агглютинативтiк кезеңдегi түбiрлерден айқын ажыратылатын сөзжасамдық аффикстермен бiрдей деңгейде қойып, қызметi айқын грамматикалық көрсеткiш ретiнде қарастыруға келмейдi, екiншiден лингвоэволюцияның iшкi заңдылықтары мен сыртқы ықпалдарға орай керi процестердiң орын алуы СVС, СVСС, VСС модельдi құрылымдардың қайтадан ықшамдалуына алып келедi. Түркi түбiрлерiнiң V, VС, СV, СVС, VСС, СVСС модельдерi түркiлiк тектiл (протоязык) дәуiрiнде-ақ қолданыста болған құбылыстар. Тектiлдiк дәуiрге дейiн де тiлдiң өмiр сүргенiн, бiзге белгiлi тiлдiк құрылымның флективтi, полисинтетикалық, агглютинативтi кезеңдерiне дейiн де белгiлi бiр идея-мазмұн жүктеген тiлдiк бiрлiктердiң тұлғалық қалыптасуы дыбыс  дыбыс тiркесi  дыбыс тiркестерi  дыбыс тiркесi  дыбыс процесiнен өткенiн жоққа шығаруға болмайды. 
III тарау «Моносиллабтар құрамындағы дауысты фоно-корреляттар» деп аталады. Тарау ескерткіштер тілі мен қазіргі қыпшақ тілдері моносилаб жүйесіндегі дауысты дыбыстар сәйкестілігінің толық құрамын ажыратып, ортақ белгілерді көрсетуге бағытталған. 
Түркiлiк тiлтаным ғылымы тарихында дыбыс өзгерiстерiнiң тiл табиғатын танытудағы маңызын, туыс тiлдердi өзара ажыратудың басты белгiлерi ретiндегi қызметiн саралау ХI ғасыр лингвисi М.Қашқаридың еңбегiнен бастау алады. Ғалым «Диуани лұғат–ит түрк» шығармасында 30-дан аса түркi тiлдерi мен диалектiлерiнiң гомогендi лексикалық бiрлiктерiн салыстыра отырып, бiрнеше дыбыс сәйкестiктерi мен фонетикалық заңдылықтарды анықтап беруi (МҚ I, 64-69) классикалық араб лингвистикасымен сабақтаса дамыған түркi тiл бiлiмiнде салыстырмалы-тарихи фонетиканың негiзi бұдан мың жыл бұрын-ақ қалана бастағанын көрсетедi. Түркi халықтары өмiрiндегi күрделi саяси-әлеуметтiк жағдай, жартылай көшпелi өмiр салты ғылымның үздiксiз дамуына қолайлы жағдай туғыза алмауына орай лингвистика ғылымы да белгiлi бiр дәрежеде кешеуiлдеп қалды. ХI-ХҮ ғасыр аралығында түркi тiлдерi жайлы жазылған құнды лингвистикалық еңбектердiң бiразы бүгiнгi ұрпаққа жетпеуi де мүмкiн. М.Қашқари заманынан кейiн араға 7-8 ғасыр салып барып, батыс Еуропада салыстырмалы-тарихи фонетиканың негiзi қалана бастады. ХIХ ғасырдың 15-20 жылдарынан басталған батыс ғалымдары Расмуск Раск, Якоб Гримм, орыс лингвисi А.Х.Востоковтардың дыбыс жүйесiндегi өзгерiстердi туыс тiлдер деректерi негiзiнде салыстыра қарастырып, дыбыстардың артикуляциялық ерекшелiктерi мен дыбыс өзгерiстерiнiң өзара сабақтастығын, байланысын анықтауға ұмтылған ғылыми iзденiстерi тiл бiлiмiнде тарихи-салыстырмалы фонетиканың қалыптасуына ықпал еттi. Дыбыстың функционалдық қырларын, олардың тiлдiк жүйедегi маңыздылығын талдау тарихи фонологияны дүниеге әкелдi, әлемдiк тiл бiлiмiнде бiрнеше фонологиялық мектептер қалыптасты. Қазiргi таңда тiл дамуындағы фонемалардың дербестiк қасиетi, функционалдық қырлары жан-жақты талдануда, фонеманың сөз мағынасын айқындау мүмкiндiгi де мол тiлдiк деректермен, теориялық тұжырымдармен дәйектелдi. Әлем тiлдерi бойынша фонологиялық жүйе супрафонологиялық қабат деңгейiнде қарастырылып, дыбыстардың просодиялық қырлары, тональдық, акценттiк ерекшелiктерi, атомарлық – морлық, интеграттық – буындық, фраземалық – конгламераттық негiзде сипатталуда Қазақ тiлi фонологиялық жүйесiндегi үндестiк заңы жайлы еуропалық дәстүр бойынша қалыптасқан анықтамадан әлдеқайда терең де ауқымды, жаңаша көзқарас қалыптасып, дыбыс жүйесiндегi мағына ажыратуға қабiлеттi сегменттерге байланысты сегментология термині енгізілді. (Ә. Жүнісбек). 
Тіл дамуын, әрбір тілдің өзіндік ерекшеліктерімен қалыптасуын қамтамасыз ететін басты механизмдердің бірі – дыбыс өзгерістері өте баяу әрі үзіліссіз жүріп отыратын, әр тілде түрліше жүзеге асатын процесс. Тiлдегi дыбыстық өзгерiстердiң негiзгi факторларының бiрi барлық тiлдерге тән универсалды құбылыс - фонологизация процесi. «Фонемалардың дифференциялануы негiзiнде, олардың аллофондары, тiлдiң дамуына сәйкес мағына айқындау қасиетiне ие болады» [26, 367]. Фонема мен буынның, морф пен морфеманың арақатынасындағы дыбыстардың мағынаға ықпалы морфонологиялық зерттеулерге негiз болуы, тiлдiк жүйенiң ең кiшi бiрлiгi – дыбыс табиғатының күрделiлiгiн, морфемалық, лексикалық деңгейлермен сабақтастыра қарастыруды қажет ететiн әртарапты құбылыс екенiн нақтылай түстi. 
Ескерткіштер тіліндегі сегіз дауысты дыбыс қазіргі түркі тілдерінің де, оның ішінде қыпшақ тілдерінің де дауыстылар жүйесінің негізін қалайтыны белгілі. Көне түркілер әліпбиінде сегіз дауыстының төрт қана полифонды таңбамен бейнеленуі алфавит түзу барысында дауыстылар жүйесінің артикуляциялық ерекшеліктері мен сапалық қасиеті, генезистік сипаты (фонема мен аллофондар негізінде) толық ескерілгенін көрсетеді. Түркі тілінің сингармониялық табиғатын үйлесімділікпен дәл беретін әліпби түзу мүмкіндігі көне түркілердің дыбыс жүйесі даму жолын саналы түрде игергенін білдіреді. Жалпы адамзат тіліндегі дауысты және дауыссыз дыбыстардың, функционалдық-сапалық деңгейі бірдей, өзара ықпалдаса, байланыса отырып сөз тұлғасына, сөз мағынасына әсер етеді. Толық мәнді лексема жасауда дауыстылар мен дауыссыздарды бөліп қарап, біреуіне ғана басымдық беру тілдің онтогенездік табиғатына қайшы. Шынайы тіл табиғаты консонанттар мен вокализмдер жүйесін тең дәрежеде қарастырғанда ғана ашылары анық. Сондықтан түркі тілдеріндегі моносиллабтардың тұлғалық, мағыналық даму бағытын айқындауда дауыстылардың да, дауыссыздардың да сәйкестігінің маңызы ерекше. 
Жалпы түркі тілдеріндегі вокализмдер жүйесі: «бірінші дәрежелі» созылыңқылар, дифтонгтар мен полифтонгтарға және біршама қысқа дауыстыларға негізделген жүйе – оғыздық тип; «екінші дәрежелі» созылыңқылар мен біршама қысқа дауыстыларға негізделген жүйе – алтайлық тип; біршама созылыңқылар мен өте қысқа айтылатын дауыстыларға негізделген жүйе – қыпшақтық тип; «екінші дәрежелі» созылыңқыларды, фарингалданған және қысқа дауыстыларға негізделген жүйе – тува-тофалар (қарағас) типi [СИГТЯ,16] деп төрт түрге сараланып қарастырылады. Бұл жіктеудегі қыпшақ жүйесінің белгілері полисиллабтар құрамындағы бірінші буындағы дауыстылардың сапалық қасиетіне негізделген болу керек. Қыпшақ тобына кіретін қазақ тілінде дербес қолданылатын моносиллабтар құрамында дауысты дыбыстар өте қысқа (сверхкраткий) болып айтылмайды, тек эмоционалдық-стильдік ыңғайда, императивтік мәнде жұмсалғанда ғана біршама қысқа айтылуы мүмкін. Батманов И.А. ескерткiштер тiлiнде дауысты дыбыстардың кейде таңбаланып, кейде таңбаланбауы көне түркi тiлiндегi созылыңқылар мен қысқа дауыстылардың қолданысын көрсетуi мүмкiн деген пiкiр айтады. (ДТД, 7) Ғалымның гипотезалық пiкiрiне сүйенсек, Орхон ескерткiштерi тiлiнде VС, СV, СVС модельдi моносиллабтар құрамындағы дауыстылардың таңбаланбау жағдайының жиi кездесуi бiршама қысқа немесе жартылай созылыңқы дауыстыларды қолданатын тiлдiң белгiлерi (Т – Тон.33, ЫТ – КТк. 3 «посылать») болуы да мүмкiн. Бiрақ дауыстылардың таңбалану, таңбаланбау құбылысының лексиканы қамту мүмкiндiгi белгiлi бiр жүйеге бағынбайды. Егер ғалымның пiкiрi ғылыми тұрғыдан толық дәйектелiп жатса, ескерткiштер тiлiнiң жартылай қысқа және қысқа дауыстылар тән қыпшақтық бояуы қоюлана түседi. 
Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері тіліндегі бiр буынды түбірлер мен түбір-негіздер құрамындағы дауысты дыбыстар қазіргі қыпшақ тобындағы тілдермен салыстыра қарағанда бiрнеше фоно-корреляттар түзеді. Ескерткіштер тіліндегі а дыбысының қазіргі қыпшақ тілдеріндегі өзгерістері төрт түрлі сәйкестік ауқымында ғана көрінеді және өте сирек кездеседі. Бұл түркi тiлдерi вокализмдерi жүйесiндегi а фонемасының тұрақтылық сипатынын айғағы. а ≈ ä.. at(ï) ≈ at(a) ≈ ät(ij), ескерткіштер тілінде: at(ï) «немере, туыс» (Айд. І, 171) Bu bitig bitigme atïsï jollïγtegin «Бұл жазуды жаздырған туысы Иоллығ Тегін» КТк. 13 ~ тат. тілінде ät(ij), басқа қыпшақ тілдерінің көпшілігінде (қаз., ққалп., қырғ., ноғ., құм.) at(a) түрінде тұлғаланып «әке, баба» мағынасында және жалпы егде жастағы ер адамдарға қатысты қолданылады (ЭСТЯ I, 200); jan(a) ≈ zän(e), Орхон ескерткіштерінде jan(a) «және» (Айд. І, 211; Айд. ІІ, 101). jaγï bolïp, itinü jaratunu umaduq, janï ičikmis «Жау болып қолдарынан түк келмей және бағынды» КТү.10. Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері тіліндегі бір буынды түбірлер мен түбір-негіздер құрамындағы а фонемасының ä фонемасына ауысуы қыпшақ-ноғай тобындағы тілдерден гөрі қыпшақ-бұлғар тобындағы тілдерде жиі кездесетінін байқауға болады: башқ. bäj(läm) «вязание», bäj läneš «связь», jäj «лето», jäš «молодой», jäš(en) «молния, гроза», säs «волос», т.б. (БРРБУС, 19, 30, 31) ~ қаз., ққалп., ноғ. baj(lam), baj(lanïs), žaz, žaj, šaš. Қазіргі қыпшақ тобындағы тілдердегі ä фонемасымен қолданылатын моносиллабтардың ескерткіштер тілінде а фонемасымен берілуі ä дыбысын кейінгі құбылыс ретінде қарастыруға толық негіз бола алмайды. а ≈ е. *an ≈ *en, an(čula) ~ en(šile) «еншілеу, атау» Айд. І, 206. jaraq – lïγdï qaγanqa ančuladï «Жарақтыларды қағанға еншіледі» КТү. 32 қаз. enšile, en: ен–таңба, малға ен салу. Қыпшақ тобындағы тілдер арасында қарақалпақ тілі а, ä дауыстыларының орнына е дауыстысын қолдануға бейім тіл. Зерттеушілер оның себебін өзбек тілімен байланыстырады, қарақалпақ тілін өзбек тілінің элементін бойына едәуір сіңірген тілдердің бірі ретінде қарайды [27,44]. Бір буынды сөздердегі а ≈ е сәйкестігі қыпшақ тобындағы тілдер арасында әдеби тіл мен диалектілерді тұтастықта қарағанда жиі кездесетін құбылыс және әрбір тілге тән жүйелі заңдылық та байқала бермейді. Өзара төркіндес а, е, ä дыбыстарының архетипін анықтау әлі де зерттей түсуді қажет етеді, төркіндес дауысты дыбыстарды бір тұлғада ғана реконструкциялау түркілік глоттогенез табиғатын түсіндіре алмауы да мүмкін. а ≈ ï. taš(ï) ≈ tïs «сырты» (Айд. І 218) Tašra jorïjur tijin kü esidep «Шетте жүр деген хабар есітіп» КТү. 12 ~ қаз тілінде tïs, tïs(ta), tïs(qary); ққалп., ноғ., қырғ. tïs; тат., башқ. tïš. Ескерткіштер тілі мен қазіргі қыпшақ тілдеріндегі а ≈ ï сәйкестігі екі-үш сөз құрамында ғана ұшырасқанымен қазіргі қыпшақ тілдерінің өз ішінде біршама жиі кездеседі. а ≈ о. an(ï) ≈ on(ï) «оны» (Айд. І, 206): Any körip, anča biliņi «Оны көріп, солай білің» КТк.13 ~ қаз., ққалп., ноғ. onï. Тат., башқ. тiлдерiнде көне түркiлiк оl жiктеу есiмдiгiнiң табыс септiк формасы anï а ≈ u сәйкестiгiн түзiп қолданылады: unï. Қыпшақ тобындағы тiлдерде де anï жiктеу есiмдiгi тұлғалық өзгерiске ұшырағанымен осы сөзбен түбiрлес сiлтеу есiмдiгi кеңiнен қолданылады. Аталған сәйкестіктер ішінде a ≈ o, а ≈ е сәйкестігі ескерткіштер тілінің өз ішінде де кездеседі. Мысалы: ol ≈ anï «ол, оны», jana ≈ jeme «және» (Айд. І, 211, 212). Сондықтан ескерткіштер тіліндегі а фонемасының қазіргі қыпшақ тілдерінде е тұлғасына ауысуы ерекше белгі ретінде қарауға келмейді, бұл сәйкестiктер Орхон, Енисей, Талас және қазiргi қыпшақ тiлдерiнiң арасында да, бiр тiл iшiнде де қолданылатын құбылыс. 
Ескерткіштер тілі мен қазіргі қыпшақ тобындағы тілдерде е фонемасының өзгерістеріне қатысты үш дыбыс сәйкестігі кездеседі. е ≈ і. Орх. jer/jir, Е. jer ~ қаз., ққалп., қырғ. žer; тат. žijr; башқ. jer «земля». Jrγaru jir Bajïrqu jiriņe tegi süledim «Терістікте Байырқу жеріне дейін соғыстым» КТк. 4 (Айд. І, 163); Орх., Е., Тал. el/il ~ қаз., ққалп., құм. el, тат., башқ. el/il, қырғ. эl «страна»; Аталған сәйкестік Орхон ескерткіштерінің өз ішінде де екі түрлі тұлғада қалыптасқан. Мысалы Тоникуқ жазбасында Tenri Umaj ïduq jer – sub «Тәңрі Умай, қасиетті Жер-су» Тон. 38 (Айд. ІІ, 111). Ескерткiштер тiлiнде алмасып қолданыла беретiн е ≈ і сәйкестігі қазіргі қыпшақ тілдерінiң арасында да кездеседi, кей жағдайда бір тіл ішінде екі вариант қатар қолданылады. Қазақ тіліндегі түбірлес en «ет. кіру» ≈ in «зат. майда аңдар мен жәндіктердің тұрағы» параллельдері қолданылса, ескерткіштер тілінде in тұлғасы «ет. төмен түсу» мағынасын бередi: jobalï intimiz «қиындықпен түстiк» Тон. 26 (Айд. II 109) ~ қыпшақ ескерткiштерiнде en → engil «сходить, спускаться» (Құрыш. 112) ~ қар., ққалп. en, тат. ijn/ijņ, құм. эn. е ≈ i сәйкестiгi қыпшақ-бұлғар тобындағы тiлдерде кеңiнен орын алған, е тұлғасы башқұрт тiлiне тән болса, i тұлғасы татар тiлiне тән: *bej(ä) ≈ *bij(ä) «бие». е ≈ ä. Орх., Е. je(me) ≈ žä(ne): jaņïlïp ülesikiņin jeme bunta urtïm «Жаңылып көшкенiңдi және сонда айттым» КТк. 10 (Айд. I, 170) ~ қаз., ққалп. žäne, тат., башқ., jänä, қар. janï «и, опять». е ≈ э. Э тұлғасы негізінен қырғ., құм., ноғ. тілдеріне тән. Орх., Е., Тал. еkі «два» Ekisin özi altïzdï «Екеуiн өзi құртты»; Қырғ., құм., ноғ. т.б. түркi тiлдерiндегi э фонемасы көне түркiлiк е-нiң сәл жуан айтылатын варианты, аталған тiлдердiң орфографиялық жүйесiнде қалыптасқан норма бiр дыбыстың реңктiк белгiлерiн тереңдете түскен сияқты. А, ä, е (э )фонемалардың түбiрлес моносиллабтар құрамында сәйкестiк түзуi тек фонетикалық негiзде ғана емес, семантикалық сипатта да көрiнiс беруi олардың бiр негiзден тарап, даму барысында фонологиялық дербестiкке ие болуымен қатар аллафондық сапада көне түркі дәуіріне дейін-ақ қолданыста болу мүмкіндігін көрсетедi. Кiрме элементтер арқылы қалыптасқан ä фонемасы мен түркiлiк сөздерге тән ä дауыстысының артикуляциялық сапасы бірдей болғанымен түркi тiлдерi вокализмдер жүйесiндегi тарихы, фоно-морфо-семантикалық қабiлетi бiрдей емес. 
Вокализмдер жүйесiндегi ï фонемасы көне түркі жазба ескерткіштеріндегі V, VС, СV, СVС, СVСС, VСС модельдi моносиллабтар құрамының барлық позициясында бірнеше сәйкестіктер түзіп қолданылады. ï ≈ а. Орх. ï(γač) «дерево». Ïγač tutunu aγturtum «Ағаш ұстап шықтық (көтерілдік) Тон. 25 ~ қаз., ққалп. aγaš, құм. agač (РКумС, 178), башқ. aγas (БРРБУС, 110), алт. аgaš (Верб. 5), қырғ. žïgač (РКС, 105), ноғ. аgaš (РНС, 150). Сирек болса да ï ≈ а сәйкестiгiнiң сөз мағынасына әсерi байқалады: *қыл ≈ *қал, қылжақ «сайқымазақ, орынсыз бұрма, тәлкек сөз», қалжың «әзiл» (ҚТТС, ҮI, 582). Қалжың, қылжақ лексемалары мәндес болғанымен әрқайсысына тән семантикалық реңк аңғарылады, қылжақ «дөрекi, орынсыз әзiл», қалжың «жеңiл, сыпайы әзiл». ï ≈ u. *jïm ≈ *žum, Орх., Е. jïm(čaq) «жұмсақ» (Айд. І, 213), Süčig sabïn, jumčaq aγïn erür, jraq budunïj anča jaγïtur ermis «Тәтті сөзін, жұмсақ қазынасын беріп, алыс халықты өзіне жақындатқан еді» КТк. 5 (Айд. І, 169) ~ қаз. žum(saq), ноғ. jum(sak) қырғ. žum(šak) Башқұрт тiлiнен басқа қыпшақ тiлдерiнде инлаут жағдайдағы көне түркiлiк ï дыбысы негiзiнен ерiндiк u дыбысына өзгеруi ï фонемасын кейiнгi құбылыс ретiнде тануға негіз бола алмайды. ï ≈ о. Ескерткіштер тіліндегі jïm(čaq) «жұмсақ» сөзі башқұрт тілінде о дауыстысы арқылы қалыптасқан: jom(šaq) (БРРБУС, 126). Ал құмық тілінде көне түркілік тұлғасы сақталған: jïm(ïšaq) (РКумС, 419). ï ≈ о сәйкестiгiнiң қазақ тiлiндегi көрiнiсiн негiзiнен елiктеуiш, бейнелеуiш мәндi сөздерден көремiз: тоқ ≈ тық, ор(ғы) ≈ ыр(ғы). ï ≈ і. tïl ≈ til, Орх. tïl «тіл». Tïlïγ kelurti «Тілдіні келтірді». Тон. 36 (Айд. ІІ, 111) ~ қаз., ққалп til. ï ≈ i сәйкестiгi қазақ тiлi говорларында өте жиi кездеседi: Сәйкестiктiң семантикалық белгiлерi ыз ≈ iз, тыр(нақ) ≈ тiр(нек) т.б. параллельдерiнен байқалады. ï ≈ ij. Орх. tïl (Тон. 36) ~ қырғ. tijl «язык» (РКС, 467); құм. tijl (РКумС, 1140). Көне түркiлiк ï дыбысының ij дауыстысына ауысуы татар, башқұрт тiлдерiнде де кездеседi. Аталған тiлдердегi ij фонемасы i дыбысына өте жақын айтылады. Сондықтан ï ≈ ij сәйкестiгiн ï ≈ i фоно-коррелятының аясында қарастырған жөн. ï ≈ е. Ескерткіштер тіліндегі tïl «язык» сөзі башқұрт тілінде tel (БРРБУС, 180). Көне түркiлiк ï дыбысының қыпшақ тiлдерiнде е дыбысына ауысуы өте сирек. ï ≈ е сәйкестiгi қазiргi тiлдердiң iшiнде де аз ұшырасады, бұл ï дауыстысының е фонемасына тiкелей өзгеру мүмкiндiгiнiң шектеулi екенiн бiлдiредi, қаз. тiлiнде: сықылды ≈ секiлдi. Ескерткіштер тіліндегі ï дыбысынан басталатын моносиллабтарға ž протезалық дыбысының қосылып айтылуы да кездеседі. Мысалы; Күлтегін жазбасында ïr(aq) «алыс, жарық» КТк. 7, 5 ~ қазақ тілінде žïr(aqta) «алыста»; ït «ыт, жібер» КТк. 12 ~ қаз. žït(qïtuw) «ытқыту, білдірмей алып қою»; Тоникуқ жазбасында ï(γač) «ағаш» Тон. 25 ~ қырғ. žï(gač) «дерево», жыгач иштетүү өнөр жайы «деревообрабатывающая промышленность» (РКС, 105). Башқ. тіліндегі бірінші буындағы ï дыбысы қазақ, құмық тілдеріндегі u дыбысына сәйкес келеді: башқ. bïw «душить», bïž(aw) «теленок», bïr(aw) «сверло», tïmaw «насморк» (БРРБУС, 157, 179, 169, 69) ~ қаз. buw,, buz(aw), құм. buw, buw(zaυ), tuw(maυ) (РКумС, 203, 455, 901. 
Көне жазба мұралар тіліндегі бір буынды сөздер құрамындағы і дауыстысы қыпшақ тобындағы тілдерде көп өзгеріске түспеген. і ≈ э. Орх., Е. is «іс», ič «іш» (Айд. І, 222, 223): isig küčig bertik ök «ісімді күшімді (күш-қуатымды) бердім» Тон. 52, ~ башқ. эš «дело», эs «живот, нутро» (БРРБУС, 110, 113). і ≈ е. Орх., Е., Тал. it «ет, iсте», ti «айт, де», jir «жер» (Айд. I, 172, 175): Ilgerü Qadïrqan jïšïγ aša budunïγ anča qonturdïmïz, anča itdimiz «Ілгері Қадырқан қойнауынан аса халықты осынша қондырдық, осынша еттік» КТү. 21; Üze türk teņrisi, türk ïdïq jiri – subï anča timis «көкте түркі тәңірісі, түрктің қасиетті жер-суы былай депті» (КТү. 10) ~ қаз., ққалп., ноғ., қырғ. et(iw), de, žer, тат. ijt, dij, žijr; башқ. ijt, tij, er. i ≈ e сәйкестiгiнiң қазiргi қыпшақ тiлдерiнiң бәрiнде дерлiк кездесуiн көне түркi жазба ескерткiштерi тiлiндегi i, е дыбыстарының фонемалық мән жүктемей алмасып қолданылуының табиғи жалғасы ретiнде қабылдауға болады. i ≈ ij. Орх. il(ki) «первый» (ДТД, 84): Eņ ilki Tadïqan Čorïņ boz atïγ binin tegdi «Ең iлкi Тадықан Чордың боз атын мiнiп тидi» КТү. 32 ~ тат., башқ. ijl(äk), қар. ilk/ijlk. Қаз il(ki), Ескерткiштер тiлiндегi i дыбысының дифтонг ij фонемасына өзгеруi негiзiнен бұлғар, половец топшасындағы тiлдерге тән екенiн аңғаруға болады. Бұлғар тобындағы татар, башқұрт тiлдерiндегi ij дыбысының акустикалық сапасы қазақ тiлiндегi ij/ïj дифтонгiнiң табиғатымен бiрдей емес, татар тiлiндегi ij қазақтың i-сiне жақын естiледi. Бұлғар, половец тiлдерiндегi i, ij дыбыстарының сапалық ерекшелiктерiн қалыптасқан орфографиялық норма тереңдетiп жiберуi де мүмкiн. і ≈ ï. Орх. sil(ik) «сұлу, таза» (Айд. І, 172): silik qïz oγlïņ küņ boltï «сұлу қыздарың күң болды» КТү. 7 ~ қаз. sïl(qïm), қырғ. sïl(ïq). Осы түбірден тараған қазақ тіліндегі suluw лексемасы і ≈ u сәйкестігін түзеді. Қазақ тiлiнде i ≈ ï сәйкестiгiнiң табиғаты а ≈ ä, а ≈ е алмасуларына жақын құбылыс. Жуанды, жiңiшкелi ï/i қысаңдары қыпшақ-ноғай топшасындағы тiлдердiң моносиллабтық жүйесiнде негiзiнен анлаут, инлаут позицияларда ғана қолданылады. Қыпшақ-бұлғар топшасындағы татар тiлiнде жiңiшке i жиi қолданылса, башқұрт тiлiнде жуан ï кеңiнен тараған. Түркі тілдерінде i ≈ ï сәйкестiгiнiң семантикалық сипаты bïč «резать, рубить, косить» (ДТС, 104), башқ. bïš(qï) «пила», bïs(ïnγa) «пилить» (БРРБУС, 19), тат. pïc(kï) «пила», pečän «сено», pïčak «нож» (ТРС, 426, 442), ноғ. pïč(uυ) «пилить», pïš(kï) (РНС, 422). қар. bïč(ak) «нож», bïč(qï) «пила». buč(uq) «половина» қаз. пышақ, пiшен, пiшiм, пiшу, пұшық лексемаларынан аңғарылады. 
Ерін дауыстыларының жуан, жіңішке болып жіктелуі Орхон-Енисей ескерткіштері тілінде айқын көрініс тапқан: qoj «қой», qon «қон», ol «ол», toq «тоқ», köz «көз», kün «күн», öl «өл», söz «сөз», sub «су», sür «сүр», tün «түн», töp(e) «төбе», tuj «түй, түсін» т.б. КТү. 12, 50, КТк. 8, 2. Ескерткiш тiлiнде жуан u, о дыбыстарының бiрдей таңбалармен, жiңiшке ö, ü дыбыстарының бiрдей таңбалармен белгiленуi де көне түркi тiлiндегi лабиаль дауыстылардың жуан-жiңiшке варианттарының айқын ажыратылғанын бiлдiредi. u ≈ о. ur ≈ or, Орх. ur «белгiлi бiр iс-әрекеттi iстей бiлу» (Айд. I, 170): turk budunïγ il tutsïqïnïn bunta urtum «Түркi халқын жинап, ел еткенiңдi мұнда айттым» КТк. 10 ~ тат., башқ. or. uz ≈ os, Е. uz «мастер, умелец» (ДТД, 75) ~ башқ. os(ta) «мастер»; Ескерткiштер тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерi арасындағы u ≈ о сәйкестiгi негiзiнен қыпшақ-бұлғар топшасындағы тiлдерге тән. Қыпшақ-ноғай топшасында көне түркiлiк и дыбысы о фонемасына ауысуы өте сирек. Қазақ тiлiндегi bod(an) «тәуелдi халық» сөзiнiң көне тұлғасы bud(un) «жалпы халық, қарапайым халық», екi тұлғаның де ортақ негiзi ескерткiштер тiлiнде қолданылатын *bud/bod «бой, дене» лексемасы. Ескерткiштер тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi u ≈ о сәйкестiгiнiң бiр сөздiң тұлғалық варианттарында қолданылуы әрбiр тiлдiң тарихи қалыптасу кезеңiндегi өзiндiк ерекшелiктерiне байланысты болса, дербес мағыналы түбiрлес сөздер құрамында кездесуi аталған дыбыс өзгерiсiнiң фоно-морфо-семантикалық қабiлетiне байланысты. 
Қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi ü дауыстысының әр тiлге тән етпеген акустикалық-артикуляциялық ерекшелiктерi бар. Қыпшақ-бұлғар тобындағы татар, башқұрт тiлдерiнде жартылай қысаң ü фонемасы ö дыбысына жақын айтылса, қыпшақ-ноғай топшасындағы қарақалпақ тiлiнде баяу және созылыңқы, қазақ тiлiнде батыл айтылады [27, 34-36]. Түркi тiлдерiне тән ең көне фонемалардың бiрi ескерткiштер тiлiндегi ü дыбысы қыпшақ тiлдерiмен моносиллабтар құрамында бiр ғана сәйкестiк түзедi. ü ≈ ö. üles ≈ öläč, ölöš, ескерткiштер тiлiнде ül(e) «үлестiру», ül(es) «үлес»: qutïm barürün, ülugim bar üčün ... «бағым бар үшiн, үлесiм бар үшiн...» КТү. 29 ~ ноғ. öl(ejs) (РНС, 161), тат. öl(äš) (ТРС, 738), башқ. öl(öš) (БРРБУС, 111). Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерi арасындағы ü ≈ ö сәйкестiгiнiң ö тұлғасы негiзiнен татар, башқұрт, iшiнара ноғай тiлдерiне тән. Бұл құбылыс қыпшақ бұлғар топшасындағы тiлдердiң негiзiнде жатқан көне бұлғар тiлiнiң белгiсi де болуы мүмкiн. Қыпшақ-ноғай топшасындағы қазақ, қарақалпақ тiлдерiнде көне түркiлiк ü тұлғалы сөздер толық сақталған. Түркi тiлдерiндегi ü, ö тектес дыбыстар болғандықтан туыстас тiлдер арасында өзара алмасу мүмкiндiктерi де жоғары. ü ≈ ö сәйкестiктегі ескерткiштер тiлiнiң өз iшiнде де қолданылады, мысалы: ügüz ≈ öguz «өзен» (ДТД, 77), tör ≈ tür «үкiмет (билiк), заң» (ДТД, 73). Моносиллабтар құрамындағы ü фонемасының көп өзгерiстерге түспеуi, бiрiншiден, оның бiршама тұрақты дыбыстарға жататынын көрсетсе, екiншiден, қыпшақ тiлдерiнiң ноғай-қыпшақ топшасындағы қазақ, қарақалпақ тiлдерiнiң Орхон, Енисей, Талас мұралары тiлiмен тым жақындығын бiлдiредi. Ескерткіштер тіліндегі о дауыстысы қазіргі қыпшақ тілдерінде негізінен тұрақтылығын сақтаған. о ≈ u. oz ≈ uz «озу, жеңу» (Айд. I, 181): Oza kelmis süsin Кültegin aγïtïp... «Оза келген әскердi Күлтегiн қуып» КТү. 47 ~ башқ., тат. uz. Көне түркiлiк о фонемасының и дыбысына өзгеруi ескерткiштер тiлiнен де орын алған, мысалы jont ≈ junt «жылқы» (ДТД, 45). Қазақ тiлiне u тұлғасы тән екенi белгiлi: жұнт(тай). Қазақ тiлiнде жұнт лексемасының «суда жүретiн итбалық тәрiздес мақұлық (ұлпаны өте әдемi, жып-жылтыр болса керек)» (ТС, 57) мәнi де белгiлi. Қазақ халқы да жұнттай сөзiн түгi жылтыраған, семiз жылқыға, топ-толық әдемi қыз-келiншектерге қатысты қолданады. «Жылқы» мағынасы мен «итбалықтың баласы» мәндерiнiң қайсысы аналогиялық жолмен қалыптасқан ауыспалы мағына екенiн анықтау қиын. Ғалымда junt/jont лексемасын екi дербес лексеманың бiрiгуiнен жасалған туынды сөз түрiнде талдаған Э.В.Севортянның этимологиясы белгiлi: jun at → junat «үйретiлмеген, асау (жабайы) жылқы» (ЭСТЯ IҮ, 253-254). Жоғарыда келтiрiлген деректер негiзiнде көне түркiлiк о дыбысының фонологиялық табиғаты қазiргi қыпшақ тобындағы қазақ тiлiнде толық сақталғанын аңғаруға болады.ö ≈ ü. ög ≈ üg(äj), ескерткiштер тiлiнде ög «шеше» (ДТД, 77): ögim qatunïγ kötürmiš teņri «шешем қатынды көтерген тәңiрi» КТү. 29 ~ башқ. üg(äj) «неродной» (БРРБУС, 75). Көне түркi тiлiнде «жалпы ана», «шеше», «мал төлiнiң енесi» мәнiн берген ög моносиллабы қазiргi қыпшақ тiлдерiнде -ej/-äj жұрнағын қабылдап, есiм мәнiмен бiрге сын есiмдiк сипатқа ие болған. ö ≈ u. ö/ög ≈ uj «ой» (ДТД, 77), Орх., Е., Тал. Ol üč qaγan öglesin... «Ол үш қаған кеңесiп...» Тон. 20 (Айд. II, 107) ~ тат. uj «мысль, дума» (ТРС, 584), башқ. uj «мысль, размышление» (БРРБУС, 71).ö ≈ o. ög ≈ oj «ой» қаз., ноғ., құм. oj. Қазақ тiлiнде ö тұлғасы да қолданыста: өк → өкiнiш. ö ≈ е/э. öl ≈ эl «өл» (ДТС, 78). Орх., Е., Тал. öl: Ol sü anta öldi «Ол әскер сонда өлдi» КТү. 48 ~ қар. тiлi диалектiсiнде эl «умирать» Моносиллабтар құрамындағы o, ö, ü, u дыбыстарының гомогендi сөздердiң мәнiн өзгертуге қабiлеттi идео-сегменттiк белгiлерiн ғылыми ортада кеңiнен танымал ö «ойлау», *ur «ұрпақ» т.б. моносиллабтарының тұлғалық парадигмасы мен семантикалық деривациясы нақтылай түседi. 
Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi және қазiргi қыпшақ тiлдерi моносиллабтар жүйесiндегi фоно-корреляттар арқылы көрінетін дауысты дыбыстардың фоно-морфо-семантикалық табиғаты түркi түбiрлерiндегi дауыстылардың тұрақсыздық сипаты немесе олардың дауыссыздарға тәуелдiлiгi жайлы тұжырымдардың тым бiржақты екенiн көрсетедi. Дербес мағыналы жаңа сөз тудыруда дауыстылар мен дауыссыздар бiрдей қатысады. Түбiрлес моносиллабтардың мәнi синонимдiк, омонимдiк (полисемиялы), антонимдiк сипатта да бола бередi және денотаттың заттық-құбылыстық, iс-қимылдық сапалары ескерiлмейдi. Түбiрлес моносиллабтарға ортақ мазмұн-идея (дефинициялар жиынтығы) негiзiнен бiрiншi дәрежелi V, СV модельдерiнде сақталып, екiншi дәрежелi VС, VСС, СVС, СVСС модельдерiнiң қалыптасуы негiзiнде мағына нақтылана түседi, одан кейiнгi сөзжасам барысында моносиллаб мағынасы қайта күңгiрттенiп, жаңа тұлғаға сай жаңа мағына қалыптасады. 
«Моносиллабтар құрамындағы дауыссыз фоно-корреляттар» деп аталатын IҮ тарау бір буынды түбір-негіздер құрамындағы дауыссыз дыбыстар сәйкестілігінің толық кешенін анықтап, ескерткіштер тіліндегі қыпшақтық белгілерді ажыратуға, дауыссыз фоно-корелляттар негізінде моносиллабтардың даму бағытын нақтылай түсуге арналған. 
Көне түркілік консанантизмдердің өзгерістері мен сақталу деңгейі барлық түркі тілдерінде де абсолютті емес, яғни көне түркілік интеграциялаушы белгілер де, дифференциациялаушы белгiлер де қазіргі тілдердің бәріне тән. Қыпшақ тобындағы тілдерде де көне түркілік дауыссыздардың түрліше қалыптасуы аталмыш тілдердің дыбыстық ерекшеліктері мен даму жолын ғана көрсетіп қана қоймайды, сол тілдерде сөйлеуші халықтардың ұлт болып ұюына негіз болған этногенездік процестерден де хабар береді. 
Баба түркi тiлдерi дамуының алғашқы кезеңiндегi консонантизмдер жүйесi жайлы негiзгi үш түрлi ғылыми болжам белгілі: 1. Баба түркi тiлiнде қатаң дауыссыздар да, ұяң дауыссыздар да анлаут позицияда қолданылды. Бұл бағытты қолдаушылар қазiргi түркi тiлдерiндегi таза түркiлiк бiр буынды сөздердiң басындағы консонанттардың қатаң-ұяң оппозициясы негiзiнде *k – *g (j, γ, x рефлекстерi бар), d – t фонемаларын ажыратады; 2. Түркiлiк баба тiлде 1) бiр ғана ұяң b дыбысы, 2) b, d, g дыбыстары, 3) g, k, t, b, s дыбыстары қолданыста болған; 3. Түркiлiк баба тiлде бiрде-бiр ұяң дауыссыз қолданылмаған [СИГТЯ, 172]. 
Қалыптасқан графикалық жүйе болып табылатын Орхон-Енисей әліпбиінде 31 әріп 16 дауыссыз фонемалар мен фонема варианттарын белгілейді. Олардың ішінде 5 фонема (z, m, ņ, p, č) бірнеше нұсқалары бар дербес таңбаларды иеленсе, 11 фонема (b, γ-g, d, j, q-k, l, n, r, s, t, š) жуан, жіңішкелігіне қарай әрқайсысы полифонды екі вариантты таңбалармен белгіленеді. Бұған қосымша дауыссыз дыбыстардың тіркестерін белгілейтін 4 таңба қолданылады. rt, lt тіркестері монофонды таңбалармен берiлсе, nt, nč тіркестері полифонды таңбалармен белгіленеді. А.С.Аманжолов соңғы көрсетілген фонемалардың таңбалары Орхон, Енисей жазбаларында кей жағдайда жуан, жіңішке фонемаларды талғамай қолданыла беретінін, ал Талас ескерткіштерінде жуан, жіңішке вариантты фонемалардың таңбаларынан бейтараптану құбылысы тек біршама жiңiшке s дыбысына қатысты ғана байқалатынын, басқаларының дыбыс ажыратқыш сипаты қатаң сақталатынын ескертеді (Аманж., 51). Көне түркі жазбаларында жұп дауыссыздардың ажыратылып көрсетілуі аллофондардың фонемалану процесі ерте кездерден-ақ басталып, ұзақ даму жолынан өткенін білдіреді. 
Көне түркі әліпбиіндегі дауыссыздардың жуан-жіңішке айтылуына байланысты графикалық таңбаларының түрліше қолданылуы әрбір дыбысты жеке фонема ретінде қарастыруға мүмкіндік береді және көне түркі тілін қазіргі түркі тілдерімен салыстыра қарастыруда, олардың фонетикалық жүйесіндегі, лексикалық құрамы мен морфологиялық құрылымындағы айырмашылықтарды анықтауда біршама нақтылыққа қол жеткізеді. ҮII-IХ ғасыр түркi жазба ескерткiштерi тiлi қолданыста жоқ өлi тiл болғандықтан оның фонологиялық жүйесiнiң акустикалық, артикуляциялық сапасының жалпы сипаты түркi тiлдерiнiң басты ерекшелiгi үндестiк заңы негiзiнде жуан-жiңiшке, қатаң-ұяң оппозициялары бойынша айқын ажыратылғанымен, дыбыстардың айтылу рефлексiндегi ерекшелiктердi тап басып анықтау мүмкiн емес. Тiл дыбыстарының фонемалық сипаты айқын белгiлi болған жағдайда олардың жекелеген туыс тiлдердегi айтылу рефлексiнiң кейбiр ерекшелiктерi сөз мағынасына дефинициялық реңк беру қабiлетiне де ие бола алатыны фонологияда белгiлi құбылыс. Көне түркi жазба ескерткiштерi фонологиялық жүйесiндегi мұндай нәзiк құбылыстар бiзге беймәлiм болғандықтан көне түркiлiк дауыссыздар жүйесi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi дауыссыздардың гомогендi моносиллабтар құрамында айқын көрiнiс берген, фонетикалық заңдылықтарға тәуелсiз еркiн алмасуының фоно-морфо-семантикалық табиғатына сүйенемiз. Орхон, Енисей, Талас жазба ескерткіштері тілі мен қыпшақ тілдерінде моносиллабтар құрамында бiрнеше дауыссыз фоно-корреляттар кездеседі. 
Анлаут жағдайдағы j дыбысының қалыптасу, даму жолы түркі тілдері тарихи фонологиясындағы шешімі табылмаған мәселе. Өткен ғасырдың елуінші жылдарынан басталған пікірталастар нәтижесінде аталған дыбыстың жалпытүркілік баба тілдің фонологиялық жүйесіндегі алғашқы немесе кейінгі құбылыс екені, сәйкестіктер тізбегіндегі тарихи орны жайлы бірнеше көзқарастарды қамтитын екі түрлі бағыт қалыптасты. Анлаут j дыбысының көне, түркi, орта ғасыр түркiлерi мен қазiргi түркi тiлдерiндегi қолданыс аясы аталған фонеманың түркi тiлдерi фонологиялық жүйесiнен түркiлiк баба тiл кезеңiнде-ақ орын алғанын толық қуаттағанымен анлаут ž-ны кейiнгi құбылыс ретiнде қарастыруды негiздей алмайды. ХI ғасыр мұрасы М.Қашқари сөздiгiнде қыпшақ, оғаздардың сөз басында ž дыбысын да қолданылғаны жайлы дерек сақталуы (МҚ. II, 364-389), ҮIII-ХII ғасырлардағы Волга бұлғарларының тiлiнде анлаут ž-ның қолданылуы [13,47-49] қыпшақтық анлаут ž-ны ХIII-ХIҮ ғасырлардың жемiсi ретiнде қарастырудың ұшқарылығын көрсетедi. А.Н.Бернштамның «Языком Западнотюркского каганата стала одна из жекающих наречий, которое с течением времени подчинило себе все остальные иокающее» [28,465-466] деген ойы YII-IX ғасыр түркілері тілінде j, ž дыбыстарының қолданылу мүмкіндігін корсетеді. Көне түркi әлiпбиi дауыстылар жүйесiнде о, u; ö, ü; ï, i(е), а, е жұптарын бiр таңбамен белгiлеу дәстүрi болғаны да белгiлi. Мұндай дәстүр көне түркi диалектiлерiнде фонологиялық мән жүктемей өзара алмаса беретiн дыбыс сәйкестiктерi көрiнiс беретiн бiр сөздiң варианттарын қамту мақсатында қолданылуы мүмкiн, j дыбысының жартылай дауыстылық сапасы да оны таңбалауда дауыстыларды таңбалау дәстүрiн пайдалануға себеп болуы ықтимал. 
j фонемасының тарихи даму жолы жайлы бұрын-соңды айтылған теориялық тұжырымдар мен гипотезалардың, дәйектемелердің барлығына дерлік талдау жасаған Б.Сағындықұлы түркі тілдері фонетикалық жүйесінің даму заңдылықтарына, тарихи үрдістеріне, артикуляциялық, акустикалық ерекшеліктеріне, тілдік деректерге сүйене отырып, j фонемасының эволюциялық қалыптасуын Т [с/ш] күрделі аффрикатынан таратып, тш ≈ тс ≈ тй ≈ дй ≈ дж ≈ дз ≈ т‘с‘≈ д‘з‘ ≈ т ≈ д ≈ с ≈ з ≈ ш ≈ ж ≈ й ≈ һ ≈ х ≈ қ ≈ к ≈ ғ ≈ г ≈ с‘ ≈ з‘ ≈ т‘ ≈ д‘ ≈ о дыбыстар сәйкестігі тізбегінің аясында қарастырады [21,18]. 
Категория: Ғылыми жұмыстар | Добавил: nauriz (04.03.2014)
Просмотров: 776 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Код *:
Мини-чат
Для добавления необходимо
войти или зарегистрироваться
Yandex жаңалықтары
Партнеры сайта
Меню сайта
Навигация
Әлеуметтану, саясаттану,мәдениеттану [63]
Бизнес, менеджмент, финанс т.б [2]
Патриоттық және мерекелер т.б [0]
Шет ел әдебиеті мен тарихы [0]
Шағын көлемді шығармалар [0]
Философия және логика [0]
Қазақ тілі және тіл білімі [58]
Елді мекендер, қалалар [0]
Агро,шаруашылықтар [0]
Қазақ халық әндері [22]
Курстык жумыстар [0]
Ғылыми жұмыстар [64]
Қазақстан тарихы [32]
Қазақ мерекелері [3]
Тарихи тұлғалар [134]
Еуразияшылдык [0]
Ашық сабақтар [50]
Қазақ әдебиеті [105]
Дүние тарихы [32]
Информатика [42]
Флипчарттар [0]
Силабусстар [0]
Астрономия [0]
Психология [0]
Переводчик [0]
Математика [0]
Педагогика [0]
Дипломдар [0]
Лекциялар [0]
География [71]
Глоссарий [0]
Биология [40]
Экология [0]
Ән,өнер [95]
Дінтану [21]
Физика [0]
Химия [0]
Құқық [0]
Еңбек [0]
Витрина ссылок
Статистика
Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Яндекс.Метрика

Лучшая рип студия!