КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Абай мектебінің үздік өкілі, ақын, жазушы, философ, тарихшы Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық өмірбаяны жайында көптеген зерттеу еңбектері мен мақалалар жарияланды. Артына «Үш анық» секілді терең философиялық толғау, «Түрік, қырғыз һәм хандар шежіресі» атты тарихи мұра қалдырған ғұламаның шығармалары теңдесі жоқ ұлттық игілік. Ақынның әдеби мұрасы әр қырынан қарастырылып, зерттелу үстінде. Бұл орайда М.О.Әуезов, М.Бөжеев, Қ.Мұхамедханов, Ш.Сәтбаева, Р.Нұрғали, З.Ахметов, Р.Бердібаев, Н.Ғабдуллин, З.Қабдолов, Ғ.Есім, Ш.Елеукенов, М.Мағауин т.б. зерттеушілер еңбегі ерекше елеулі. Шәкәрімнің шығармашылық өмірбаяны бүгінде зерттеу еңбектерінің нысанасына айналып, жаңа кезеңнің дәстүрлі үрдісі ретінде көрініс беріп отыр. Шәкәрім поэзиясының қоғамдық өмір мен табиғат құбылыстарын көркем оймен қабылдаудағы және жеткізудегі көркемдік танымы мен тарихилығы өзара тереңнен тамырласып жатқан тақырыптық-идеялық, эстетикалық, философиялық ізденістері мен даму жолдары, стильдік, тілдік, бейнелеу амал-тәсілдері, ақындық өрнектерінің қалыптасуы жайында зерттеу жүргізу – қазақ әдебиеттану ғылымындағы көкейкесті мәселе. Шәкәрім - өзінің жарты ғасырдан астам уақытқа созылған шығармашылық өмірінде әдебиеттің барлық жанрында жемісті еңбек еткен қайраткер. Төңкеріске дейін, яғни 1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» баспасынан Шәкәрімнің «Қазақ айнасы», «Қалқаман - Мамыр», «Жолсыз жаза, яки кез болған іс», «Еңлік - Кебек» атты кітаптары жарыққа шығады. Ақынның жекелеген шығармалары сол кездегі қазақ баспасөзінде жарияланды. Шәкәрімнің Физулиден аударған «Ләйлі – Мәжнүн» дастаны Ташкенттегі «Шолпан» журналының 1922-1923 жылғы бірнеше санында басылды. Одан кейін бұл поэма С.Сейфуллиннің бастыруымен 1935 жылы Алматыда «Ләйлі – Мәжнүн» деген атпен жарияланды. А.С.Пушкиннен аударған «Дубровский» әңгімесі жеке кітап болып басылды. Бұл әңгіме 1935 жылы орыс ақынының қазақ тіліндегі таңдамалы өлеңдерінің жинағына енді. А.С.Пушкиннің Шәкәрім аударған «Боранын» Б.Кенжебаев 1936 жылы «Әдебиет майданы» журналының 2-ші санында жариялады. Ақынның бір топ өлеңдері 1978 жылы Ленинградта шыққан М.Мағауин құрастырған «Поэты Казахстана» жинағында жарияланды. Осындай мол мұра қалдырған Ш.Құдайбердіұлы шығармашылығы көркемдік құралдарды қолдану амал-тәсілдері жағынан талдауды қажет етеді. «Ақын ана тілінің образдық, суретшілдік қуатын сұңғылалықпен сезініп, ішкі мүмкіндіктерін, ішкі ағыс-астарларын, қыртыс-қабаттарын мейлінше молынан аша алған. Оның интеллектуалдық мәдениеті, өнерпаздық қабілеті, өмірлік, көркемдік тәжірибесі, ересен ғылыми ізденістері – поэзияда жаңашылдық рухқа, өшпес өрнектерге, сан қилы сирек кестелерге бой ұруына, әрі соншалықты құпия, күрделі тоқылуға бейімдеді. Сондықтан да өлең-жырларында қисынды логикалық сөйлемдермен қатар, әдеттен, дағдыдан тыс мағыналық жағынан түсінуге ауыр сөйлемдер мен сөздер, символикалар, жұмбақ аллюзиялар мен метафоралық мәні ала-бөтен сөз-образдар шаш етектен», - дейді С.Негимов [1, 272-б]. Сондықтан Шәкәрімнің сөз қолданысындағы көркемдік шеберлігін зерттеу жұмысымыздың басты нысанасы болмақ. Тақырыптың өзектілігі. Шәкәрім Құдайбердіұлының ұлттық поэзия тарихындағы орны ерекше. Ақынның әдеби мұрасы соңғы жылдарда әр қырынан талданып, зерделенуде. Дегенмен, Ш.Құдайбердіұлының поэзиялық шығармаларында көркемдегіш-суреттегіш құралдардың қолданылуына, көркемдік шеберлігіне қажетті деңгейде барынша назар аудару, зерттеу, тексеру – қазіргі әдебиеттану ғылымының өзекті мәселесі. Диссертациялық зерттеуде Шәкәрім шығармаларындағы образдық-метафоралық ерекшелік пен құрылымын талдап тексеруді – негіз етіп алдық. Қоғамдық, саяси-әлеуметтік жағдайларды жырлауда Шәкәрім өзіндік ерекшелік танытады. Ұлы Абай бастаған топтың бел ортасында тұрған ақын – Абай дәстүрін жалғастырушы әрі жаңғыртушы, сондықтан да шығармашылық жолдағы ізденіс үстіндегі, өлеңдеріндегі бейнелілік-көркемдік сонылық танытады. Диссертациялық жұмыста Шәкәрім шығармаларындағы бейнелілік сырлары мен көркемдік тәсілдері таразыланды. Жұмыстың өзектілігі мен зәрулігі ақынның шығармаларынан көрінетін тілдегі көркемдегіш құралдардың, троптардың қолданылуы мен шығарма табиғатындағы көркемдік ерекшелікті айқындаумен сабақтас болады. Зерттеу деңгейі. Диссертациялық жұмысқа зерттеу нысаны ретінде алып отырған мәселеніңнің өзектілігі Ш.Құдайбердіұлы поэзиясының көркемдік құрылымының бүгінгі күнге дейінгі зерттелу деңгейіне арнайы тоқтала отырып, пайымдалғаны көрсетілді. Белгілі ғалымдар мен қаламгерлердің ат салысуымен ақынның өмірі мен шығармашылық жолына, әдебиеттану ғылымында алатын орны туралы ауқымды еңбектер жазылды. Дегенмен ақын поэзиясының көркемдік құрылымы негізінде сөз қолдану амал-тәсілдері мен көркемдегіш құралдарды пайдалану деңгейінде жүйелі қарастырылған зерттеу еңбектері әлі де көріне қойған жоқ. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Шәкәрім шығармаларында кездесетін тіліміздің образдық, суретшілдік, өлең өрнегінің түрленіп құбылуы, ақынның тілдің көркемдегіш құралдар қызметін жете түсініп, көркемдеп, әсерлі, жетік, мәнерлі қолдана білуі жеке зерттеуді, көп ізденісті қажет етеді. Осы жоғарыда аталған мәселелер аясында зерттеу жасай отырып, алдымызға қоятын мақсатымыз: Шәкәрім шығармаларының көркемдік ерекшелігі мен ақын шығармаларында көркемдегіш құралдардың қолданылу ерекшелігін саралау. Сол көркемдегіш құралдар арқылы өлең өрнектерінің түрленуінде өзі өмір сүрген орта мен қоғамның сипатын әсерлі бейнелей білуіне көз жеткізу. Шәкәрімнің ақындық даналығы мен даралығын белгілейтін, поэзиясының көркемдігі мен суреттілік сырларының тереңдігін, рухани байлығын, қиялының ұшқырлығын, қабылдау қабілетінің жоғары екендігін дәлелдейтін осынау күрделі құбылыстардың шығармаларында керемет көрініс тауып, өзіндік бағыт-бағдар алуы мен көркемдік нақыстар туғызуына негіз болғандығын байқадық. Сондықтан зерттеу барысында алдымызға мынандай мақсат, міндеттер қойылды: • дәстүрлі ақындық шеберліктің ақын шығармаларында көрінуі, көне үлгілердің жаңарып, жаңғыруы; • өлең кестесіндегі көркемдегіш құралдардың, бейнелі сөздердің қызметі, алатын орны. Метафора, теңеу, эпитет, метонимия, кейіптеу секілді тілдік, образдық, бейнелі сөздерді қолданудағы амал-тәсілдері; • образдық-бейнелілік жүйесіндегі жаңалықты құбылыс, күрделі абстракциялық тілі, сөздердің сымбат-көркін ашуы; • шығармаларының стилистикасы, сөздік құрамы, фразеологизмдер, поэзиялық синтаксисі, әуендік ерекшеліктері; • шығармаларындағы көркемдік компоненттер үйлесімі, олардың бір-бірімен өзектес құбылыстар екендігі; • ақын шығармаларындағы көркемдік ерекшеліктердің, түрлі сөз қолданыстарының табиғат, қоғам, жеке адам өмірін сипаттауда алатын орны. Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы болып Шәкәрім шығармаларындағы көркемдегіш құралдардың қолданылуы. Тілді байытар, көркем шығарманы шырайландырар тәсілдер ұшан-теңіз. Сол амал-тәсілдердің, тілдік-көркемдегіш құралдардың Шәкәрім шығармаларында қолданылуы, ақынның сөз құбылту, түрлендіру, суреткерлік шеберлігі алғаш рет зерттеу нысанына алынып отыр. Жұмыстың зерттелу көзі – ақын шығармаларының көркемдік ерекшелігін, сөз өрнектерін талдау болмақ. Шәкәрім ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының өміріндегі оқиғаларға, қоғамдық құбылыстарға қызу үн қосты. Өрісі кең, өресі биік, толғауы терең өз замандастарынан озық тұрған Шәкәрім өзі пайымдаған тарих тағылымын келер ұрпаққа қазақы рух арқылы жеткізуге саналы түрде барады. Бұл – ақынның бір ерекшелігі болмақ. Осы ерекшелік оның көркемдік дүниетанымының дұрыс қалыптасуына көмектесті. Сондықтан да Шәкәрім терең білім, көп оқу-ізденіспен құбылыс пен болмыстың барша сырын жан-жақты қарастыру арқылы біліктілік аясын кеңейтті. Кеңейтіп қана қойған жоқ, өзінше пайымдау жасады, сол парасат-пайымды өзінше саралады, көркемдеп, әсірелеп айтуға тырысты. Шығармаларына өзгеше сипат, әсем суреттеу, көрнекті көркемдік берді. Қоғамдық құбылыстарды, әлеуметтік-саяси жағдайларды шұрайлы тілмен, көркем сөзбен дұрыс қорытынды жасай алатын саналылыққа жетті. Зерттеу барысында Шәкәрім шығармалары бойынша 2145 (екі мың бір жүз қырық бес) картотека жиналды. Мысалдардың барлығы дерлік ақынның Алматыдағы «Жазушы» баспасынан 1988 жылы жарық көрген «Шәкәрім Құдайбердиев шығармалары» (өлеңдер, дастандар, қара сөздер) кітабынан алынды. «Жолсыз жаза», «Қазақ айнасы» жинақтарымен салыстырылды. Зерттеу нысаны. Зерттеу жұмысының негізгі нысанына «Шығармалар жинағы» (1988), «Жолсыз жаза» (1988), «Қазақ айнасы» (2003), «Иманым» (2000), «Үш анық» (1991) еңбектері алынды. Зерттеудің дереккөздері ретінде ақынның жоғарыда аталған туындылары, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасының, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорындағы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Орталық ғылыми кітапханасының сирек қолжазбалар қорындағы, «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығы қорындағы тағы басқа материалдар дерек көздері ретінде пайдаланылды. Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізі. Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығы сан қырлы, күрделі құбылыс, сондықтан да жұмыстың ең негізгі нысанасы ақын поэзиясында көркемдегіш құралдардың (троптардың) қолданылу ерекшеліктері мен лексико-грамматикалық байланысы қарастырылады. Жұмыстың методологиялық негізіне әдебиеттану мен әдебиет зерттеушілерінің еңбектерін, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, З.Ахметов, Ш.Қ.Сәтбаева, Р.Бердібаев, М.Базарбаев, Н.Ғабдуллин, З.Қабдолов, Р.Нұрғали, Ш.Елеукенов, Ғ.Есім, Б.Әбдіғазиев, Қ.П.Жүсіп, У.Қалижан, М.Хамзин, т.б. оқымыстылардың еңбектерін негізге алдық. Аталған еңбектерде Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық жолы, өмірі жайында айтылады. Зерттеу еңбектерінде ақынның қоғамдық-әлеуметтік, рухани-мәдени, әдеби өмірге белсене араласып гуманистік, адамгершілік, демократтық, ағартушылық идеяларды уағыздаушы екендігі туралы баяндалады. Әсіресе, Шәкәрімнің кеңес дәуіріне дейін де, одан кейін де жарық көрген еңбектері пайдаланылды. Осы диссертациялық еңбектің негізіне Шәкәрім поэзиясының көркемдік сыршылдығы, жаңашылдығы, сөз-образдары, сөйлеу тіліндегі өзгерістер мен стильдік амал-тәсілдері алынды. Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Зерттеу нәтижелері қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясына белгілі бір дәрежеде үлес қосады. Әсіресе, әдебиеттегі көркемдік тәсіл мен көркемдегіш құралдардың сипатталуына, өлең құрылысындағы ерекшеліктердің берілуіне септігін тигізеді. Шәкәрім мұрасының зерттелмей жатқан жақтарын, жарияланбаған шығармаларын толықтыруға жол ашады. Еңбектің нәтижесін Жоғары оқу орындарында жүргізілетін қазақ әдебиеті тарихы бойынша оқылатын дәрістер мен арнаулы курстарда пайдалануға болады. Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысының барысында талдау, тарихи-салыстырмалы, баяндау, жүйелеу, жинақтау және салыстыру, түсіндірмелі әдістер қолданылды. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Зерттеу нәтижесінде төмендегідей тұжырымдар ұсынылды: • Ш.Құдайбердіұлы өз шығармаларында өзі өмір сүрген орта мен қоғамның әлеуметтік-мәдени өмірін молынан қамти отырып, сол қоғам келбетін суреттеуде сөздік-образдарды жасауда көріктеуіш құралдарды кеңінен пайдаланды; • Ш.Құдайбердіұлы шығармашылығының сан қырлылығы – оның суретшілдік, сөздерді көркемдеп, тапқырлықпен қолданылуынан көрінеді. Ақынның жаңа өмірге көзқарасы мен түсінігі өлеңдеріндегі сөз-образдары, стиль ерекшелігі, сөйлеу мәнері, әр түрлі сөйлесу үлгісінде (диалог) құрылған өлеңдерінде берілген; • Ш.Құдайбердіұлы өзі пайымдаған тарих тағылымын, өмірдің түрлі құбылыстары мен тылсым сырларын келер ұрпаққа қазақы қалып, ұлттық рух арқылы жеткізуге саналы түрде барған; • ежелгі дәстүрлі ақындық шеберліктің ақын поэзиясында көрінуі ауыз әдебиет үлгілерінің жаңарып, жаңғыруы негізге алынды; • өлең өрнегіндегі көркемдегіш құралдардың, бейнелі сөздердің қызметі, алатын орны көрсетілді. Метафора, теңеу, эпитет, метонимия, кейіптеу секілді тілдік, образдық, бейнелі сөздерді қолданудағы амал-тәсілдері көрсетілді; • көркемдік тәсілдерді диалог арқылы қолдана отырып, өлең өрнегіндегі көркемдегіш құралдардың қолданылу аясында адамның психологиялық сезім иірімдеріне тереңнен толғағандығын көруге болады; • ақын табиғатты адам өмірімен байланыстыра отырып табиғи суреттерді жандандыруда көркем сөз қолданыстарын шебер пайдаланған; • Шәкәрім Құдайбердіұлы поэзиясының стилі, көркемдік құрылымы, сөз мәнері, тілі, өлең тармақтарындағы ұйқас пен үйлесім мәнері ақынның өзіндік ерекшелігін көрсетеді. Зерттеу жұмыстың сыннан өтуі және жариялануы. Зерттеудің теориялық мәселелері мен тұжырымдары халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда, республикалық конференцияларда баяндама ретінде тыңдалып, жинақтарда жарияланды. Сондай-ақ, диссертацияның зерттеу нәтижелері Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті бекіткен республикалық ғылыми басылымдарда жарық көрді. Ғылыми мақаланың жалпы саны – 22. Жұмыс Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды. Зерттеудің құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі тараудан және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, жұмыстың мақсаты мен міндеті, дерек көздері, ғылыми жаңалығы, зерттеу әдістері, теориялық және практикалық мәні, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, жұмыстың жариялануы мен талқылануы сөз болады. І ТАРАУ. «Шәкәрім поэзиясындағы бейнелі сөздер қызметі» деп аталатын бірінші тарауда ақынның сөз қолданыстарындағы метафора, теңеу, сөз-образдар мен сөз-символдардың алатын орны, көркемдік ерекшеліктері, суреттілігі мен сөз мәнін ашудағы қуаттылығы сөз болады. І.1 «Теңеудің көркемдік қызметі» деп аталатын тараушада теңеулердің жасалу тәсілдері мен көркем сөз ауыстыру мағынасындағы орны мен лексикалық, стильдік ерекшеліктері тексеріледі. Абайдың реалистік дәстүрі Шәкәрім шығармашылығының идеялық, көркемдік нысанасына айналды. Өзі нысанаға алып отырған көркемдік амал-тәсілдер ақын өлеңдерінде өзіндік өрнек тауып, түрлі пайымдауларға негіз болады. Осыдан барып ақынның рухани әлемі қалыптасады. Ақынның рухани әлемі дегеніміз – көркем образдар дүниесі. Көркем образдардың өлең өлкесінде көріктеуіш құралдар арқылы, көркем де бейнелеуіш сөздермен сомдалуы ақын шығармашылығында ерекше орын алады. Сондықтан, алдымен, Шәкәрімнің табиғи суреткерлік қабілеті, дүниені образды қабылдауы, көркемдік ассоциацияға ұсталығы көрінеді. Суреткерлік қабілет дегенде, ойымызға оралатыны ақынның көркем сөз оралымдарын орынды қолдануы, түрлі құбылтулар мен қисынды сөз табуы. Өз заманының суретшісі, табиғат, қоғам, адам туралы көп толғаныс тебіреністер, философиялық тұжырымдар жасаған – Шәкәрім Құдайбердіұлының ақындық әлемі түрлі бейнелі образдарға, тілдік көркемдегіш сөздерге толы. Шәкәрім Абайдан кейінгі қазақ ақындарының көпшілігі секілді қазақтың өз әдебиетінің шеңберінде қалып қоймай Шығыс, Батыс, орыс әдебиеті үлгілеріне зер сала отырып, сөз өрнектерін әр түрлі бояумен әрлеп, көркемдеп отырады. Ақын өлеңдері қисапсыз да қыруар көркемдік-бейнелеушілік құралдарға бай. Гауһардай көзі, бұлбұлдай сөзі, жүзі бар айдай, мінезі майдай, дариядай ақыл мол еді [2, 26-б]. Негізгі түбір сөздер зат есімнен сын есімге айналған. Гауһардай, бұлбұлдай, айдай, майдай, дариядай. Келесі шумақтардағы сынап+тай, түлкі+дей, қыран+дай, алмас+тай, сұр жылан+дай, тұрымтай+дай, ұршық+тай сөздері де теңеу жасайтын -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары арқылы жасалып тұр. Поэзия сөзінің ерекше құбылыс екендігін, табиғат, қоғам, адам өміріндегі өзгерістің бәрін терең бағалай алатындығын, қыры мен сырын толық сипаттайтынын ғалым Серік Негимов өзінің «Өлең өрімі» еңбегінде (1980) кеңінен талдаған. Ендеше, Шәкәрім поэзиясының тілі өмір құбылыстарын сан құбылта сырлауға, құйқылжыта жырлауға жетеді. Оны ақынның: Арыңның болсын өлең айнасындай, Көрікті көптің ортақ пайдасындай. Жосылып жатсын артта жортқан жолы, Арынды асқақ өзеннің арнасындай [2, 140]. Шәкәрім сынды шебер ақынның қолындағы сөз әдеттегісінен тыс соны мәнге, жаңа қолданыстарға, ішкі иірімдерге, нәзік ишараға, дәмді тұспалға, мағыналық астарға ие болады. Алдыңғы шумақтағы арыңның айнасындай, ортақ пайдасындай, өзеннің арнасындай теңеулері тек бір затты екінші біреуіне теңеу ғана емес, алдыңғы ойдың оралымына орайластырылған терең философиялық толғамдар. Өлең өрнегіндегі көркемдік қуатқа кемел айқындау пен теңеулер қазақтың қара өлеңінің қай-қайсысында болсын кездесе береді. Сондықтан да халық әдебиетінен теңеулердің барлық түрі табылады. Оның негізінде өскен және бір басқыш жоғары сатысы саналатын тарихи әдебиеттің өкілдерінің қайсысынан болсын теңеудің түр-түрін табасыз. Халық ауыз әдебиетіндегі көркемдегіш құралдарды түрлендіріп, өзінше әрлендіріп қолдануда, бейнелі сөздердің қызметін түсінуде ұстазы Абайдан кем түспейтін Шәкәрімнің өлеңдеріндегі теңеулер де жаңарып, өзгеше түрленіп бейнеленеді. Надандар төрт аяқты малға ұқсайды, Қаңғырған тамақ іздеп аңға ұқсайды. Өз бетімен табатын өнері жоқ, Талапсыз өлі сүйек жанға ұқсайды [2, 36-б]. Төрт аяқты малға ұқсау, тамақ іздеген аңға ұқсау – теңеулер. «Шын суреткердің өзіне деген талғам-талабының әрбір жаңа шығарма тұсында түлеп, өзгеріп басқа қалыпта көрініп отыруы творчество табиғатына етене, искусствоның заңды құбылысы. Дүниені алдымен өз зердесіне тоқып алып, содан кейін барып бұрын қолданбаған тәсіл-амалдарды байқап көру, бір жағынан қызықты, үмітті болып көрінсе, екінші жағынан қауіпті де қатерлі», - дейді академик Рымғали Нұрғали [3, 63-б]. Аталмыш пікір Шәкәрім шығармаларының мазмұны мен көркемдік сипатының түрленуін, ақын зердесінің сұңғылалығы мен тереңдігін дөп басады, әрі нақтылап көрсетеді. Ақын өлеңдеріндегі көркем теңеулердің көптігі кейде бірнешеуінің бір шумақта іркес-тіркес қатар келуі оқырманды жалықтырмайды. Ол теңеулер бірін-бірі жай қайталай бермейді, әрқайсысы көркемдік мақсатқа құрылып, айтысқа түсіп, сөз таластырып отырған ақынның әр қилы қасиетін айқындап, оның бейнесін әр қырынан танытуға себін тигізеді. Шәкәрім теңеулердің көркемдік қызметін, гармониялық үйлесімін шеберлікпен қолданады. «Салыстыру, теңестіру дегеніміз ойлау, сезінудің нәтижесі болғандықтан, оған негізделіп жасалған астарлы мағынасы бар көркем бейне оқушының ой сезімін қозғап күшті әсер етеді... Және сол салыстырудың негізі болған ой неғұрлым өткір, терең болса, көркем сезім неғұрлым нәзік, күшті, әсерлі болса, салыстырмалы бейненің, балама тұспал бейненің оқушының жан-жүйесін тебірентіп, ойын өрістетіп, сезімін оятып, тұтандырып, ұшқындатып тұратын қуаты да соншалық зор болады», - дейді академик Зәки Ахметов [4, 16-б]. «Жастық туралы» өлеңіндегі: Айласы жолдас қасқа алып, Аң көрген лашын бастанып. Немесе: Қуарып мұртың, Суалып ұртың, Түздегі қу бас жақтанып, деген [2, 30-б] өлең шумақтарындағы лашын бастанып, қу бас жақтанып тіркестеріндегі (етістікті тіркес) бастанып, жақтанып сөздері бас секілді, жақ секілді болып деген мағынада қолданылып тұр. «Орыс тіліндегі теңеулер как, так, точно, будто, подобно, что сөздері арқылы жасалатыны тәрізді қазақта да кейбір теңеулер секілді, сияқты деген сөздер арқылы жасалады» дейді академик Қажым Жұмалиев [5, 204-б]. Ақынның көркем сөз қолданысындағы теңеу сөздер ежелден ауыз әдебиетінде, тарихи әдебиетте кеңінен қолданылып келе жатқан көркемдік амал-тәсілдердің бірі. Шәкәрімнің сөздік қорында жаңа теңеулер мен жаңа сөздік қолданыстар табиғилығымен жарасым табады. Қызтеке еді қыз болған, Бейне алдамшы сопылар [2, 145-б]. Бейне сөзі арқылы жасалған теңеу. Теңеу шығармадағы (өлеңдегі) сөзге айырықша өң береді, үстеме мағына қосады. Сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын тереңдетіп, ажарландырып, суретті көрінісін түрлендіреді. Теңеу арқылы заттың бірнеше белгілерін, ерекшеліктерін нақтылап жатпай-ақ басқа затпен салыстыра суреттесе болғаны. Ол кезде оқырман түсінігі үсті-үстіне тереңдейді, ойы айқындалады. Эстетикалық әсер береді. Қасқырша жемтік жеуден тартынбайды, Итше талап өз елін жырып жемес [2, 173-б]. Қаңғырып Толстойша өлер дейді, Мен болсам Толстойдай арманым жоқ [2, 177-б]. Аталған мысалдардағы теңеу - -ша, -ше, -дай жұрнақтары арқылы жасалып тұр. Көрсетілген шумақтардағы өлең жолдарында тек теңеу ғана емес, мағынасы бір-біріне қарама-қарсы сөздер тізбегі де бар. Ары зор, адам ұлы – адамшылық қалмаған ар немесе итше таламау – қасқырша жемтік жеу секілді тіркестер антонимдік қатар тізумен бірге сол заман адамдарының, қоғамның бет-бейнесін ашуға қолданылған ақын ойының айнасы іспетті. Өз заманы мен адамын түзетпек болған, Абайша толғап, Абайша тебіренген ақын сөзі айқын, мақсаты біреу, ол – өз еліне өзегі өртенер адам ұлын қалыптастыру. Сондықтан да Шәкәрім өлеңдерінде жеке адамның өсу кезеңдерінен бастап, ол өмір сүрген орта, қоғам өмірінің өзгерістері, тарихи, саяси болмысы белгілі бір заңдылықпен суреттеледі. «Қандай ақынның болсын поэзиясында өзі ғұмыр кешкен кезеңнің сыр-сипаты, ақыл-ойы мен болмыс-бітімі тұжырым табады» - деп қорытады шәкәрімтанушы Б.Әбдіғазиев [6, 34-б]. Ақын өзі көріп жүрген, есітіп білген нәрсенің бәріне де үлкен мән беріп, терең талғаммен қарап, поэзияда өзінің үнін, дәстүрін қалыптастырды. Дәстүр демекші, осы орайда атап кететін бір пікір: әдебиеттанушы С.Мақпыровтың «Дәстүр туралы» ойын ортаға салғымыз келіп отыр. «Өнердегі ұлы тұлғаларға қатысты бір заңдылық бар, – дейді ол – бұл санаттағы суреткерлер өмірі мен олардың шығармаларына деген халық ықыласының жылдар өткен сайын арта түсетіндігі, творчествосының бүгінгі әдеби процеспен, әрқайсымыздың өмір-тіршілігімізбен тығыз байланысып, қабысып жататындығында». «Дәстүр жайлы әңгіме шеберлікке әкелсе, шеберліктің түп-төркіні ескі сүрлеуді таптауда емес, жаңашылдықта жатқаны мәлім. Әдеби дәстүр, тағылым өз кезіндегі және кейінгі әдеби процесте жемісті жалғасын таппаса тағы да құнсыз» [7, 198-б]. Демек, көрген-білгенін ой елегінен өткізіп, түрлі болжам мен баламалардың, өрнекті, нақышты сөздердің суреттілігімен бейнелей білген Шәкәрім Құдайбердіұлының ақындығының қуаттылығы осында болар. І.2 «Ауыстыру тәсілдері» атты екінші тараушада метафоралардың көркем сөз тізбегінде, ақын поэзиясындағы сөз құбылту кезіндегі өзіндік көркемдік өрнегі мен қоғамдық өмір мен өскен ортаны бейнелеудегі ықпалы көрінеді. «Метафора – екі нәрсені, құбылысты салыстыру және жанастырып жақындату арқылы астарлы тың мағына беретін бейнелі сөз немесе сөз тіркесі»,- дейді академик З.Ахметов [8, 140-б]. Салыстыру мен құбылту, қиыннан қиыстырып жанастыру арқылы пайда болатын сөз өрнегі Шәкәрім өлеңдерінде мейлінше көркемдік сипат алады. Шәкәрімде дүние қу, ағын су, шөп болу, ағу, сандалу секілді тіркестер астарлы мағынада берілген [2, 114-б]. Бұлардың алуан түрлі семантикалық реңктері бар. Метафоралық тіркестер бейнелеп суреттеуге шеберлікті аңғартады. Айтайын деген ойдың әсемдігі ғана емес, әсерлігі үшін де құбылту тәсілі керек. «Құбылту – сөздердің тура мағынасында емес, бұрма мағынасында қолдану, шындықты бейнелеп, кейде тіпті перделеп таныту, ойды өзгертіп, кейде тіпті ойды өңін айналдырып айту» - дейді академик З.Қабдолов өзінің «Сөз өнері» еңбегінде [9, 221-б]. Мен бір – тілсіз көлікпін, текпілеме, өлікпін [2, 89-б] мұндағы көлікпін, өлікпін метафоралары жіктік жалғауының І жақ формасында жасалған. Ақынның бұл жердегі айтайын деген ойы, адамдардан шеттеу, жалғыздық, қоғамнан аулақтау. Тілсіз көлікпін, өлікпін метафораларының адамның ішкі психологиялық дағдарыстарын көрсетуде ықпалы зор. Басында жас бала едің сен, Періштедей таза едің сен [2, 197-б]. Еді, едім, едің көмекші етістіктер арқылы жасалып тұрған метафоралар. Жан өзің, берген сыйың [2, 107-б], анау – шыным, мынау – сырым [2, 168-б], қағазым – жолдасым, қаламым – сырласым [2, 171-б] тәуелдік жалғаулары арқылы жасалып тұр. Бұлар бір-біріне баланып тұрған екі сөзге, сөйлемге біткен түс беріп, олардың метафоралық мәнін толықтыруда ерекше орын алады және ауыз әдебиетінде болсын, жазба әдебиетінде болсын бұл метафоралардың көп кездесетін түрі. Метафоралардың ендігі бір ешбір жалғаусыз, жұрнақсыз бір нәрсені екінші бір нәрсеге балау арқылы жасалатын түрі Шәкәрімде көптеп кездеседі. Сөзі – адам, өзі – құс [2, 115-б], ішің – у, сыртыңды майла, сөзі – жан, әні – тән [2, 209-б], жаны – сөз, тәні – ақша [2, 212-б], тілім – бұлбұл, сөзім – бұлақ, жүзі – сиқыр, шашы – тұзақ [2, 212-б]. Аталған құбылту, сөз ауыстырулар Шәкәрімнің идеялық мақсатын айқындап, суреткерлік шеберлігін арттыра түседі. «Жарымды жаным сүйді, сүйе алмай тәнім күйді» деп аталатын өлеңіндегі жар суретін эстетикалық талғаммен, суретті сипаттаулармен бейнелей отырып, сөз өлшемі мен ұйқасын сұрыптап, нақты да нақышты ете түседі. Абай айтқан: Жүрегім менің қырық жамау, Қиянатшыл дүниеден,- деп [10, 232-б] келетін жүректі кейіптеу бейне – метафора арқылы сипаттайтын тұсы Шәкәрімде: Жүрегім дертті сау емес, Сол себепті сөзім – у,- [2, 91-б] деп, халық мұңын мұңдаған екі ақынның өкініш-арманын, ғұмырының азабын, күйзелісті шақтарын дөп басады. Заманы бір заңғарлардың шеккен зардабын суреттеу тәсілдеріне ұқсас болуы заңды құбылыс. Заманның түзелуін тілеген, қоғамды өзгерту арманы жүзеге аспаған Абай мен Шәкәрім үміттері үзілген шақтарында ішкі шер, сезім күйлерін айтқанда Абай: жапырағы қуарған ескі үмітпен жүріппін деп, қоғамның түрлі құбылыстарына мән бермей, адамдарға сене беріппін десе, Шәкәрім: үміттің үйін құлатты деп, біреулердің осылай үмітін үздіргенін, түңілдіргенін меңзейді. Біреуінің жапырағы қуарып, біреуінің үйінің құлауы бәрі де әсерлі сөз, бейнелі көріктеулер. «Міндеу мен күндеу» өлеңіндегі алдыңғылар мен артқылар (кейінгілер), пәленшенің сөзі, әркім, жақсының сөзі, ақылды көп жан өткен, солардың бар сөзі деген ұғымдар жинақы қасиет, типтік образдар тудырады. Алдыңғының соқпағын артқы түзер, Ғылым деген нәрсе емес күдер үзер. Мінін алып, міндіге мінсіз қосып, Бұрынғыны жаңартып жастар түзер,- деген [2, 66-б] шумақтан көрінеді. Мұндағы соқпақ жол – жұртшылықтың, халықтың ғасырлық жолы. Ауыспалы мағынада қолданылып, тарихтың, алдыңғы ата-бабалардың соқпағын білдіретін метафора. Ақын осы метафоралық (алдыңғының соқпағы) тіркес арқылы тұтасқан көркем сурет жасайды. Осы өлеңдегі жаралы жүрек, қираған сүйек тіркестері ақынның жүрек дертін, зар-мұңын айқындайды. Жанған жүрек, жайнаған жүрек [2, 174-б], ақ жүрек [2, 97-б], дертті жүрек [2, 91-б] секілді тіркестер бар. Ақын жүрегі метафора арқылы сипатталған шаршаған, дерттенген, айла, алдағыштарға сенген, алданған жүрек, өткен өмір - өкініш, ой – жаралы, дерті қалың делбемін тесік өкпе [2, 96-б]. Бұл жерде делбе сөзі – тентек, жынды деген мағынада қолданылған (негізінде жұқпалы мал ауруы – делбе деп аталады) [11, 150-б]. Осы кезге дейін жаралы жүрек туралы айтып келсек те, ой жаралы болуы алғаш айтқан Шәкәрім ойы бастапқы мағынасынан терең, мүлде тың мазмұнға ие болып тұрғандығын көреміз. Шәкәрімдегі метафоралық құрылымның бір үлгісі: тән – терезе, ой қожасы, тән – терезе, жан иесі, жан – қожа, тән – жанның құлы, ғылымның атасы – таза ақыл, сөз – құдайдан шыққан бу секілді құбылтулар суреттеліп отырған тән мен жанның мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдету, әсерін күшейту үшін қолданылған. Енді бірде: Сырты – сау, іші – науқас елдің дені, Алдап айтқан ақын көп, тіл шешені,- деген [2, 163-б] тармақтардағы құбылту тәсілдері де осы әсірелеу, сөз қисынын табу, қоғамдық дертті бейнелеу үшін алынған. Сыртқа біртұтас көрінгенмен өз-өзімен алысқан, ішкі саясаттың құлы, бірін-бірі жұлып жеген би-болыстар бейнесі осы сау және науқас сөзінің аясына сыйып кеткендей. Ақынның өзі өмір сүрген ортаға деген көзқарасы мен наразылығы сау және науқас сөзінің астарында жатыр. Өз заманынан озып туған ойшыл екендігі, шешен екендігі, қайшылығы көп, шиеленісі мол қоғамда өмір сүргендігінің бірден-бір дәлелі де осы. Абай: «Аузымен орақ орған өңкей қыртың»,- десе, Шәкәрім: «Алдап айтқан ақын көп, тіл шешені»,- дейді. Құбылмалы сарай бұл [2, 196-б]. Сарай іші әшекейлі, әсем салтанатты ғимарат деген мағынаны береді [11, 338-б]. Сол сарай ұғымы Шәкәрімде өмір мағынасына немесе жалған дүние сөзінің орнына қолданылған – метонимия. Шәкәрім: Жасыл күмбез ішінде, Жан-тәнімен кім азат,- десе [2, 196-б], Абай: Өлсем орным қара жер сыз болмай ма!- [10, 226-б] деп өлген соң тәннің тыным алар орнына сипаттама жасайды. Шәкәрімде күмбез – күмбезден жасалған мола мағынасында [11, 554-б]. Шәкәрім шығармаларында ерекше түрленіп, өлең айшықтарын көріктендіріп тұратын көркемдегіш құралдардың бірі – мақал-мәтелдер, қанатты сөздер. «Халық аз сөзге көп мағына сыйдыра отырып, өзінің өмірінде көргендерін, бастан кешірген кезеңдерін, алған тәжірибелерін мақал арқылы айтып береді», - дейді фольклортанушы Мәлік Ғабдуллин [12, 78-б]. Сондықтан да халық даналығындағы мақал-мәтелдер негізгі мазмұн, мән жағынан алғанда түпкі мағынасын сақтап, поэзия тілінде түрлі өзгерістерге ұшырайды. Түрлі өзгерістер дегенде айтарымыз: ақынның өлең өрнегіне жымдасып, кірігіп кетуі. Ақын шығармаларының стилінде сөздің құрамы, фразеологизмдер поэзиялық синтаксистік құрамымен, әуендерімен ерекшеленеді. Шәкәрім шығармаларындағы фразеологиялық тұлғалас тіркестердің бір тобы ықшамдалып алынған. Фразеологиялық тіркестердің ендігі бір қатары толық беріледі. Әсіресе, мақал-мәтелдерге айналған тіркестер. Өйткені бұл сөз орамдарын «Көппен көрген ұлы той», «Жығылған жан күреске тоймас» (алдында айтқанымыздай) мұндай тіркестерді құбылтудың еш қисыны жоқ. Шәкәрім мұндай тұрақты фразеологиялық тіркестердің кей кезде мазмұнын ғана сақтап, өз ойы, өз сөзіне жақындастырып алады. Өзі құрған дарына асылу, байдың малы бір борандық деген ой орамдары ежелгі халық мақалдарының үлгісі. Сөздің сыртқы пішіні түбегейлі өзгерген. Мазмұн ғана қалған. Біреуге ор қазба өзің түсерсің, байлық бір жұттық деген мақал-мәтелдер. Шәкәрімнің сөз қолдануы, өлең өрнегін жасау амал-тәсілінде арагідік кездесіп қалатын диалект сөздер де бар. Фразеологиялық единицалар тілімізге образды, бейнелі және мәнерлі рең беруде тіліміздің эмоционалды-экспрессивті болуын арттыруда зор мәні бар. Бетке айту – шындықты көзге айту, тура өзіне айту. Көзге жылпың көріну – бояма бет, жағымсыз адамдар туралы, сыртқа қылпың. Тұрақты сөз тіркестері: қақпан құру, іштен тыну, көзі ашылу, қанжар байлау, белді бекем буу. Ендігі бір фразеологиялық тіркестер алуан түрлі мағына, зат және табиғат құбылысы жайында ұғым береді. Іс-әрекетті бейнелейді. Ондай сөздерді Шәкәрім тұтастай алып қолданады. «Көппен көрген ұлы той» [2, 38-б], «Жығылған жан күреске тоймас» [2, 39-б], «Қашқан жаудан құтылар» [2, 35-б], «Молданың ісін қылма» [2, 62-б], «Сынық ине, сыдырым таспа» [2, 76-б], «Арамнан жиған мал дәулет емес» [2, 78-б], «Есің барда елің тап», «Қазақтың жаманы болмас, жаманнан аманы болмас» [2, 36-б], «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» [2, 95-б] осылайша жалғаса береді. Ауыз әдебиеті халықтың тек қана көркем өнері емес, әрі философиясы, әрі ғылымы, әрі тәрбие құралы болады дедік. Ендеше, сол әдебиетті тәрбие құралы етудің тілегі жұртты өмірді тануға, адамды өмірдегі жақсылыққа үйретіп, жамандықтан қашыруға жетектейтін ақыл, нақыл сөздердің ауыз әдебиетінен үлкен орын алуының негізгі себебі болады, - дейді академик Қажым Жұмалиев [5, 316-б]. Шәкәрімнің шығармашылық контексінде тілдік фактілер жүйесі, көркем сөз кестесі оның өзіндік қолтаңбасын белгілейді. Ақында ащы сөзі тірліктің мол азабын, уайым-қайғысын, азапты өмірдің суретін береді де, у сөзімен алмастырылады. Өмірдің уы, көңілдің уы, жүректің уы, сөздің уы, арақтың уы, тамақтың уы, судың уы, жемістің уы, ойдың уы, дәрінің уы болып бірнеше мағынаға ие болады. Ал, әдеби шығармаларда, ақын тілінде қалай қолданылуын Шәкәрім өлеңдеріндегі түрлі түрлендірулер арқылы көрсетсек: өлеңнің сырты ащы, іші тәтті [2, 40-б], тілі ащы деп жігіттер мені сөкпе [2, 96-б], ащы сөзім достығым маған нансаң [2, 96-б], сөзім ащы тиген соң сізге таман [2, 97-б], ащы тілмен мен айттым ел мінезін [2, 97-б]. Ақын айтайын деп отырған ащы сөзі қатар тұрған сөздермен тіркесіп түрлі мағынаға ие болған. Ащы сөз, ащы тіл, сырты ащы, ащы тию т.б.
|